«Жау жүрек мың бала» көрермендердің жүрегін қалай жаулады?
Әлемдік деңгейдегі кино түсіру үшін қыруар қаржыға шетелден әртістер шақырудың керегі жоқ екен. Атауы әртүрлі жазылатын (бірде Жау жүрек Мың бала, бірде Жаужүрек мың бала) бұл фильмнің ерекшеліктерін «атақты» «Көшпенділер» фильмімен салыстырғанымыз дұрыс шығар. Өйткені, тарихи деректерге негізделген киноның оқиғалары да, түсірілу стилі де мағыналас. Жаһаннамға жар салып, шетелден әртістер шақырып жүріп мол қаражатқа түсірілген «Көшпенділер» күткен нәтижені бере алмады. Әлемдік аренаға лайықталып дайындалған фильм өз елімізде де, өз мамандарымыз тарапынан да үлкен сынға ілікті. Пайдаға кенелтеді деп күткен дүние қып-қызыл шығынға батырды. Бір сөзбен айтқанда, жарнамасы жер жарғанымен, нәтиже «нөл» болды.
Ал «Жау жүрек мың бала» жайлы әңгіме басқа. Ең алдымен мұндағы әртістердің барлығы да қаракөз бауырларымыз екенін атап өткен жөн. Ұлтымыздың рухын көтеруге негіз бола алады бұл дүние «қазақ тарихи кино түсіре алмайды, қазақша киноларға көрермендер бармайды» деген жаттанды сөздің «күлін көкке ұшырды». «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлағандай, прокатқа шыққан алғашқы күндері-ақ 1 миллион АҚШ долларын жинаған. Жалпы қазірге дейін сатылымнан түскен қаражат көлемі алғашқы күнгі табыстан екі есе көп. Кинотеатрларда көрермен көзайымына айналған фильмді қазақ тілінде көрсету 30 пайызға артқан. Күніне 120-дан 150-ге дейін көрсетілім ұйымдастырылуының өзі үлкен көрсеткіш. Көрермендер арасында «билетті ертерек алмағандар кино көруден құр қалып жүр. Тіпті түн ортасындағы көрсетілімдерде де залда бос орын жоқ» деген әңгіме босқа тарап жүрмегені анық. Бұл қуанышты жағдай. Бұйыртса, бұл фильм Канн фестивалінде де бақ сынамақ.
Көпшіліктің көңілінен шыққан режиссер Ақан Сатаевтың бұл жаңа туындысы тарихи негізде түсірілгенін жоғарыда айттық. Фильм қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Сол кезде қазақ жасақтары бірігіп, басқыншыларға тойтарыс беріп, майданда шешуші жеңістерге жеткен еді. Кино желісі бойынша, осы соғыста ел үшін күрескен жауынгер ер-азаматтар қатарында жаужүрек Сартай батыр да өзіндей өрімдей жас, жеткіншек сарбаздарды ту көтеріп, жорыққа бастап шығады. Мың бала атанған Сартай жасағы қарасы әлдеқайда көп жауға аз ғана қол қарсы шауып, арасалмақты қазақ әскері өз пайдасына қарай өзгертеді. Фильмге арнайы іріктеуден өткен, сайдың тасындай салмақты жігіттер түскен.
Мұрағаттан, 12.05.2012 ж