Түркістан – Қазақстан руханиятының алтын бесігі

Oinet.kz 25-05-2020 5535

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлан-байтақ Тұран даласында Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толады. Тарих өлшемімен алсақ, 2 жыл дегеніңіз тым қысқа мерзім. Десе де, осы уақыт ішінде Түркістан тотыдай таранып, көктемгі қызғалдақтай құлпыра түсті. Өңірге іскер азамат Өмірзақ Шөкеев әкім болып келгелі рухани шаһарда құрылыс жұмыстары қарқын алды. Заманауи һәм әсем ғимараттар бой көтеріп, төңірек гүлге оранды. Қаланы бұдан әрі көркейту мақсатында жан-жақтан білікті мамандар ағылып, ел игілігі үшін жұмыстарын бастап кетті.

5d773a4dbe01a.jpg

Қазіргі таңда Түркістан қаласы республикадағы өзге ірі қалалармен бой таластыра алатын дәрежеге жетті десек қателеспеген болар едік. Өткен жылы қараша айында Түркістан бүкіләлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» атты ұйымға мүше болды. Осы мақсатта, қала әкімі Рашид Аюпов іс-сапармен Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласындағы дүниежүзілік саммитке қатысып, барлық мүше азаматтардың дауыс беруі нәтижесінде, маңызды құжатқа қол қойды. Конгреске шаһар басшысы Рашид Абатұлы Түркістан қаласының даму бағыты мен тарихы жайлы кеңінен ақпарат беріп, жан-жақты таныстырды. Делегаттар Түркістан қаласының көне тарихын ескере отыра бірауыздан қолдап, қазіргі жаңарту мен жаңғырту жұмыстарына жоғары баға берді.   

турке.jpg

Түркістанда туризм саласы кең қанат жайып келеді

Соңғы уақыттары Түркістанға ағылатын туристер саны артып келеді. Әрине, қазіргі таңда әлемді үрей құшағында ұстап отырған коронавирус індетінің салдарынан туризм саласы тоқырап тұр. Дегенмен, адамзат көп ұзамай бұл індетті жеңеді деген сенімдеміз. Өмір қайта өз арнасына түскесін, төрт қабырғаға қамалған адамдар қайта әлемді шарлауға кіріседі. Батыс елдерінің тұрғындары көбіне тарихи мекендерге барғанды құп көреді. Оған дәлел, өткен жылы тарихы бай Түркістан қаласына 1 жарым миллионнан аса турист келген. Олар күннен-күнге өркендеп келе жатса да, тарихи атмосферасын жоғалтпаған, керісінші оны жандандырып жатқан қонақжай Түркістанға деген ризашылықтарын білдіруде. Мысалы, бірер жыл бұрын АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан Яссауи кесенесін көруге келген ерлі-зайыпты Уильям және Барбара Брэнчтерді түркістандықтар қазақтың қонақжай салтымен қарсы алып, шапан кигізіп, қолына қамшы ұстатып, тайқазан сыйлады. Туристерді өңірдегі туризмді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Елімізге алғаш табаны тиген Уильям Брэнч Америка азаматтары Орта Азия елдері ішінде Түркістанға жиі келетіндерін жеткізді.

«Түркістан – Орта Азия мемлекеттері ішіндегі тарихқа бай, киелі мекендердің бірі. Біздің елдің азаматтары осы қасиетті қалаға жиі келеді. Біз Түркістан қаласы мен Ясауидің тарихынан хабардармыз. Қазақстанға, Түркістан өңіріне келгелі қазақ халқының қонақжайлылығы мен дарқандығына куә болдық. АҚШ-қа барғаннан кейін ондағы отандастарымызға осы құндылықтарыңызды жеткізіп, келесі жылы тағы да арнайы ат басын бұрамыз», – деді Уильям Брэнч.

big_2510c9f60366c7e57a9e53585f901e88.jpg

Түркістан аймағындағы туризмнің төресі - кесене

Жалпы, Түркістанда туристер көбіне Яссауи кесенесін көруге келетіні анық. Түркістан – барша қазақ халқы үшін қасиетті мекен. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған хандар мен билер жерленген Түркістанға тәу етіп келуші зияратшылар мен тарихи мекенді «мың рет естігенше, бір рет көруге келген» туристер саны жылдан-жылға артуда. Тек, өз еліміздегі азаматтар емес, жақын маңдағы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейді былай қойғанда, сонау АҚШ-тан киелі шаһарға арнайы ат басын бұрып келуші азаматтар аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Президенттік қызметіне кіріскенде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған болатын. Бұл жөнінде оның баспасөз хатшысы Берік Уәли республикалық басылымға берген сұхбатында:

– Киелі жерлері мен дана тұлғаларын ерекше қадірлей білген қазақ халқында «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деген ұлағатты сөз бар. Мемлекет басшысы өзінің алғашқы сапарын Түркістаннан бастағанын нағыз түркілік ұғымнан туындаған дүниетаным деп айтуға болады, - деп киелі шаһар тек қазақ елінің ғана емес, бауырлас түркі жұртының да ортақ шаңырағы, рухани орталығы екендігін жеткізген еді.

Жақында  Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Ақтоты Райымқұлова алғашқы іссапарын Түркістан қаласынан бастауды жөн деп тапты. Іссапар барысында министр туристер легі көп ағылатын, құрамында 200-ден аса тарихи-мәдени ескерткіші бар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылып жатқан жұмыстармен, қорық-музейге қарасты халықаралық дәрежедегі статусы бар, ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тыныс-тіршілігімен танысты. Шетелдік туристер көз жауын алатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бөлек, оның ішіндегі орта ғасырлардағы тұрмыстан сыр шертетін жәдігерлерді көргісі келеді. Көре отырып сол заманды сезіне алады. Қыш ыдыстар, тот басқан темірлер, қиыннан қиыстырылған ою-өрнекті бұйымдар бойына талай құпияны бұғып жатқаны аян. Қорық-мұражайының қорында 25000 дана құнды тарихи жәдігер бар. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнография және нумизматикалық тобына жататын жәдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар сатып алынып орнатылды. Қорық-музей әкімшілігінің айтуынша, мұнда қор бөліміндегі еңбек ететін реставраторлар – Ресейден арнайы біліктілікті жоғарылату курстарын оқып келген мамандар. 

Реставрациялау – туризм саласында ешқашан маңызын жоғалтпайтын өте өзекті жұмыс. Мысалы, кез-келген зат уақыт өте келе іріп-шіріп, тоза бастайды. Күн жеп, шаң базып, тозаң қонады. Бұл жәдігерді бүліну процесіне алып келеді. Егер дер кезінде тазалау, жаңарту, жаңғырту жұмыстары жүргізілмесе, құнды бұйым жарамсыз күйге түседі. Осының салдарынан жәдігер жойылып кетіп, туристермен «көрісе» алмайды. Шартты түрде айтсақ, Әмір Темір, Қожа Ахмет Ясауи, Абылай хан секілді тұлғалар өз қолымен ұстаған бұйым өзімен бірге бірге қаншама тарих, қаншама құпияны ала кетеді. Реставраторлар мұндайға жол бермейді. Олар өз жұмыстарын «дәрігер – адам өмірі үшін, біз – жәдігер өмірі үшін күресеміз» деп сипаттайды. Бүгінде қорық-музейде бірнеше ғасыр жасаған қандай жәдігерлер бар? Түркістан өңіріндегі киелі орындардың сақталу немесе бүгінгі ахуалы қандай? Бұл орайда «Тарихы терең Түркістан» ақпараттық туры арқылы көптеген сұрақтарға жауап алуға  мүмкіндік жасалып отыр. Құрамында тарихшылар, фотографтар, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері бар аталған тур Түркістан өңірінің тарихи-мәдени, киелі жерлерін насихаттауды басты мақсат етіп отыр. Бірінші күні Жылаған ата сарқырамасынан сапарларын бастаған тур мүшелері екінші күні «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің Түркістандағы нысандарында болып,  кесене, жұма мешіті, қылует жер асты мешіті секілді нысандар жөнінде мәлімет алды. 

Қазандық, үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіттен, жалпы 8 бөлмеден тұратын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кірсеңіз, сол жағыңызда асхана бөлмесі бар. Ас-ауқат – адам өмірінде ерекше мәнге ие. Өкінішке қарай, қазіргі адамдар ГМО қосылған азық-түлікті тұтынуда. Ешқандай қоспасыз табиғи тамақ деген қаланы қойып, ауылды жерлерде де азайып барады. Бұл әсіресе, халқы көп, экономикасы дамыған мемлекеттерге тән проблема. Олар қысқа мерзімде мөлшері көп тамақ өндіру үшін және сұранысты қанағаттандыру үшін жасанды қоспаларды қолдануға мәжбүр болады. Сондықтан да болар, шетелден келген туристер орта ғасырлардағы адамдар қандай ас-су ішті, оны дайындауда қандай ыдыс-аяқтар қолданды, қызығушылықтан туған осындай сұрақтарға жауап іздейді.

850ed28dafbb90bd.jpg

Суы шипалы құдықхана

Асханаға қарама қарсы бөлме – құдықхана деп аталады. Аты айтып тұрғандай, мұнда құдық бар. Тарихи дереккөздерде құрылыс кезінде су алу үшін қазылған, кейіннен дін иелері құдықтан тартылған суды да шипалы деп жариялағаны айтылады. Құдық айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі - 80 см. Бұрын су 7-8 метр тереңдіктен шығатын болса, қазір жерасты суларының көтерілуіне байланысты су 5-6 метр тереңдіктен алынады. Біз музей әкімшілігі туристерге арнап құдық суы құйылған ыдыстан пластик стақанға құйып, ішіп көрдік. Арыстанбаб кесенесі маңындағыдай ащы емес, шөл қанатындай тұщы. Ми қайнатар шіліңгір шілдеде мейрамханадан емес, құдықханадан ішкен су туристерге эстетикалық ләззат сыйлары анық. Құдық суын іше отырып, олар ойша ортағасыр әлеміне саяхаттап, сол заманның аурасын сезіне алады.  

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХІV ғасырда негізі қаланған құдықтан «жамағатхана» бөлмесіндегі алып Тайқазанға су толтырылып, зияратшыларға арнайы тарқатылып отырғаны тарихтан белгілі. Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс істеген. 1992-1999 жылдар аралығында Түркияның «Вакф Иншаат» фирмасы кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстарға байланысты құдық суы мүлде жабылған болатын.

- 2018 жылдың қазан айында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан қаласына ресми сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы атбасын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған орай, құдық суына тазарту жұмыстары жүргізіліп, су құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп тиісті құжаттар дайындалды. Сол жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай аталмыш құдық қайта іске қосылды, - дейді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов.

Қазіргі таңда құдықханаға келушілердің қарасы мол. Олар міндетті түрде құдықтан бір ұрттам су ішіп кетеді. Бұл бөлмеде су ішуге арналған көптеген ыдыстар бар. Мұнда кезінде кең қолданыста болған «көзе» ыдысын көруге болады. Көзені ғылыми тілде – сұйық зат құю үшін балшықтан күйдіріліп жасалған қыш ыдыс деп атайды. Шығыс елдерінде «кувшин» деп атайды. Кувшин – жеміс шырынын ішуге арналған ыдыс дегенді білдіреді. Кувшинді Араб елдері жиі пайдаланады.

Жалпы, асхана – тамақ дайындалатын жер болса, құдықхана – шөл басатын орын. Қара қарғаның миы қайнайтын сырттағы жазғы шілденің ыстығына қарамай, бөлме іші сап-салқын. Осы бөлмеден жер астынан шыққан суды сіміріп ішіп алсаңыз жан сарайыңыз рахат сезімде болады.

Бойына сыр бұққан кесене

Мысыр десе, көз алдыңызға Пирамидалардан бөлек, мумиялар елестейді. Себебі, әлемдегі ең үлкен Хеопс пирамидасын Мысыр билеушілерінің бірі – Хуфу (Хеопс) перғауын үшін арнайы салыпты. Перғауындар тірі күйіндегі бейнелерін мәңгі сақтау үшін өздерін бальзамдап жерлеуді тапсырған екен. Жалпы, пирамидалар жөнінде көптеген алыпқашпа әңгімелер бар. Мысалы, мұнда Мысыр билеушілерінің бүкіл байлығы жасырылған дейді. Енді біреулері қызды-қыздымен математикалық-геометриялық дәлдікпен салынған бұл пирамида – жатпланеталықтардан қалған деген ойларын айтып қалып жатады. Жоғарыда айтылғандар нақты дерек пе, әлде болжам ба, бұны ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп жатыр. Талай режиссерлар Хеопс пирамидасын негізге ала отырып, деректі һәм көркем фильмдер түсірді. Бойына талай сырды бұққан пирамида тылсымдығымен, жұмбақтығымен әлем туристерін жинап отыр. Олар ауа-райы өте ыстық, климаты қолайсыз шөлді өлкеге Пирамиданы өз көзімен көріп, аурасын сезіну үшін ғана келеді десек қателеспейміз. Мінекей, бұл өте жоғары деңгейде насихаттан туған нәтиже. «Тарихы терең Түркістан» ақпараттық туры да осындай мақсатты көздейді. Неғұрлым өз жауһарларымызды сапалы түрде насихаттай берсек, оның болашақтағы қайтарымы соғұрлым көп болмақ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жөнінде Хеопс пирамидасындай тұла бойы сырға толы болмаса да, әлі күнге дейін ашылмаған құпиялары бар. Мысалы, бұл кесенені Әмір Темір хан салғаны белгілі. Кесенені салуға Әмір Темір ханның жарлығымен өлкенің түкпір-түкпірінен атақты шебер құрылысшылар келген. Кесененің құрылысының құпиясын ешкім білмесін және ешкім қайталамасын деген оймен Ақсақ Темір құрылысқа қатысқан барлық құрылысшыларды өлтіруге бұйрық беріпті. Өкінішке қарай, Ақсақ Темір ханның қайтыс болуымен бұл тамаша кесененің құрылысы тоқтатылды. Дегенмен, кесене құрылысының негізгі бөлігі аяқталып, туристерді Түркістанға тартып отыр. Туристерді тартуда кесене құрылысындағы кей құпиялар да өз септігін тигізуде. Мысалы, кесененің іргетасы мүлдем жоқ. Оның орнын қалыңдығы бір жарым метр болатын, көп қабатты балшықты негіз қойған. Соған қарамастан кесене қаншама соғыстар мен жер сілкіністерін өткерсе де, әлі күнге құламай тұр. Кесененің тағы бір құпиясы – оның сыртын қаптайтын тақталарды сырлаған көне жылтырақтар мен бояулардың қалай өндірілгені. Арнайы мамандар жаңа технологиялар арқылы кесене қаптамасын заманауи тақталармен жаңартқан кезде бір жыл өте салысымен қаптаманы шешуге мәжбүр болады. Себебі, күмбез жауын-шашын салдарынан ісіне бастаған. Ал ежелгі құрылысшылар орнатқан күмбез су өткізбей ғана қоймай, сонымен қатар табиғи жолмен ауа алмастырып тұрған. Егер құрылысшылар тірі қалғанда құрылысқа қатысты қаншама құпия бүгінгі күнге жетер ме еді...

62ab5c.jpg

Хандар мен сұлтандар мекені

Кесенені – қазақ хандары мен сұлтандарының мекені деп айтуға болады. Мұнда 300-ден аса тарихи тұлға жерленген болса, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері нәтижесінде 184-інің кім екендіктері анықталды. Кесененің қақ төріндегі қабірханада Қожа Ахмет Иасауидің сүйегі жатыр. Қабірханаға жанама Абылай дәлізінде қазақтың ханы Абылай жерленген. Оның қабірі Ясауидің қабірінің оң жағында шамамен бес метр жерде тұр. Дәліз тар болғандықтан қабір мен қабіртас екі бөлек қойылған. Сонымен қатар, кесенеде қазақ тарихында ойып тұрып алар орны бар – Есім хан, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан, Әбілмәмбет хан, Бөкей хан және тағы да басқа хандар жерленген екен. Осының өзі-ақ қазақ халқының рухын асқақтатады.

Хан десе көз алдыңызға тақ келері анық. Кесене ішінде Үлкен Ақсарай және кіші Ақсарай бөлмелері бар. Олар XV-XVI ғасырларда сарай бөлмелері ретінде қолданылған. Бұл жерде қазақ хандарының ордалары орналасқан. Үлкен Ақсарайда шетел, өзге хандық елшілерін қабылдайтын болған. Және де мұнда даланың ең беделді және танымал адамдары жиналған. Үлкен Ақсарайда  таққа жаңадан отырған хандар өз еліне әділ қызмет етуге ант берген. Аталған бөлмеде әлі күнге дейін хан билігінің символындай болып, асатаяқ пен тақ орны сақталған. Тақ орнын тамашалай отырып, бұрынғы қазақ хандарының мысын сезгендей боласыз. Осы тақта отырып, қоластындағыларға ел мен жер тағдырын шешетін бұйрықтар бергенін елестетесіз. Мүмкін сол кезде дұрыс берілген бұйрықтың нәтижесінде, қазір Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде 9-шы орын алып отырған болар. 

Ал кіші Ақсарайда көптеген танымал адамдар жерленген. Шамамен 350-дей адам жерленгені айтылады. Кіші Ақсарайға апаратын дәліз бойында да қабірлер бар. Мешіт пен кітапхана орналасқан бөлмеде діни сауатыңызды аша аласыз. Кіші мешітте мұсылмандық парызыңызды өтеп, кітапханасында біліміңізді жетілдіруге мүмкіндік мол. Ал, сап-салқын құжыра бөлмесінде Түркістан қаласының туристік әлеуетін паш ететін деректі фильмдер мен анимациялық фильмдерді тамашалауға болады.

Кесенедегі ең үлкен зал – қазандық деп аталады. Қазандық – кесененің күмбезбен жабылған негізгі салтанатты бөлмесі. Мұнда көнеден келе жатқан киелі Тайқазан орналасқан. Оның диаметрі – 2,2  метр, салмағы 2 тонна. Аңыз бойынша, Тайқазан Қарнақ ауылында сирек кездесетін жеті металдың қорытпасынан жасалған. Тайқазан түркі тайпалары ынтымағының және қонақжайлылығының белгісі. Кезінде саяси себептермен Эрмитаж музейінде біраз уақыт тұрған тайқазанды көру үшін келетін туристер аз емес. Мамандар туристерге тайқазан жөнінде толыққанды ақпараттар беріп, кесене ішінде экскурсия ұйымдастыруда.

Осылайша, біз кесене ішін аралап, керемет әсер алып қайттық.

6ad7c1981c32830a37f79974c8f8bc2d.jpg

Туристік полициялар қонақтарға қызмет көрсетеді

Жалпы, Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері мұнда шетелден келетін туристерге қолайлы жағдай жасау басты назарда тұр. Бір айта кетерлігі, шетелдік қонақтар сырт елде ең бірінші кезекте ақпаратқа мұқтаж болады екен. Мысалы, әр мемлекетте салт-дәстүр сан алуан. Шартты түрде алсақ, кей елде қоғамдық орында темекі шегу қалыпты жағдай болып есептелсе, басқа мемлекетте бұл заңбұзушылық болып табылады. Егер туристер білместікпен түрлі қателіктер жіберіп жатса, оның дұрыс еместігін ұғынықты етіп, көңілге қаяу түсірмейтіндей етіп түсіндіре һәм ақпараттандыра білген абзал. Сонда ғана ыстық ықылас пен жылы қарым-қатынастан турист көңілінде қуаныш сезімі орнап, жергілікті халыққа деген құрметі артады.

Түркістанда бұл жұмыспен туристік полициялар айналысып жатыр. Осыдан 1 жыл бұрын құрылған туристік полиция қызметі бүгінде қандай шаруалар атқарып үлгерді? Көкейдегі осы сұраққа жауап алу мақсатында жақында біз кесене маңындағы туристік полициялармен тілдескен едік.

– Біздің негізгі мақсат – өңірге келген туристерді қызықтырған сұрақтарға жауап беру, қажет жағдайда қол ұшын созу, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасы, көші-қон қызмет бөлімінің туристік полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры, туристік полиция Нұркен Әлімбеков. – Қазақстан дамушы мемлекет болғандықтан, соңғы жылдары елімізде атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Соның бірі – туризм саласындағы жұмыстар. Тарихи-мәдени орындары көп Қазақстан – туристік әлеуеті зор мемлекет. Елімізге келуші туристер саны жылдан-жылға артуда. Оларға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету арқылы туризм саласының тартымдылығын арттырып, халықаралық дәрежедегі беделін арттыру – басты назарда тұр. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі тарапынан туристік полиция қызметі ашылды. Қазіргі таңда біз туристер көп келетін «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі маңында жұмыс істеудеміз.

«Туристік полицияның негізгі міндеті не?» деген сауал бізге жиі қойылады. Негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу, әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын-алу. Және де туристерге қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және де заттары жоғалып қалған жағдайда біз тез арада көмек береміз. Бір қуанарлығы, кесенеге келетін туристерде мәдени дағды жоғары деңгейде қалыптасқандықтан, қорық-музей маңында құқық бұзушылық оқиғасы тіркелмеді. Тіркелмейді деген үміттеміз. Ол үшін біз туристерге көркем мінезбен, жалпақ тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Бүйтуге болады, бүйтуге болмайды» деп барынша түсіндіреміз. Әрине, заң бәріне бірдей. Десе де, бас салып қатаң шара қолдану деген жоқ. Біздің ықыласты сезінген туристер «рахмет» деп қазақ тілінде алғыс жаудырып жатады. Немесе тіл білмеген күнде бас изеп, жылы шырай танытады. Бұл өз кезегінде қос тараптың да көңіл-күйін көтереді. 

Негізінен, біз мұнда шетелдік қонақтарға консультациялық қызмет көрсетеміз. Мысалы, олар бізден юристік кеңестерден бөлек, Иасауи кесенесі, Шығыс моншасы, жер асты мешіті секілді нысандар жөнінде мәліметтер сұрап қалатын кездері болады. Сонда біз «гид емеспіз» деп бас тартпай, оларға барынша қанағаттанарлық деңгейде жауап береміз.   Сонымен қатар, олар бізден жақын жердегі тамақтану орындары, сауда қатарлары, қонақ үйлер жөнінде сұрайды. Қай жерге көліктерін қоюға, қай жерден дәрі алуға болатындарын сұрайды. Біз оларға қажетті мәліметті сұраған тілдерінде береміз. Біздің қызметкерлер ана тілдерінен бөлек, халықаралық ағылшын, орыс тілдерінде сөйлей алады. Алдағы уақытта түрік тілінде де қызмет көрсету жоспарда бар.

– Туристік полиция болғысы келетіндерден ең бірінші кезекте нені талап етесіздер?

– Кәсібилікті талап етеміз. Сонымен қатар, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін тәртіп сақшылары мәдениетті болу керек. Мәдениеттілік – біздің азаматтық ұстаным. Үлкенге құрмет, кішіге ізет демекші, біздің қызметкерлер көмекке жүгінген туристерге барынша сапалы қызмет көрсетеді. Күн ыстықта кейбірінің денсаулығы сыр беріп жатады. Сонда біз оларды автотұраққа дейін қызметтік көлігімізбен жеткізіп тастап, алғыс алған сәттеріміз аз емес. Біздің қызметтік көліктер – тоқпен жүретін электромобильдер. Қорық-музей маңын біз осы эколгиялық тұрғыда тиімді, қоршаған ортаға мүлдем зияны жоқ көліктермен аралап қадағалаймыз. Көліктен бөлек, бізге планшеттер берілген. Планшеттер арнайы базаға қосылған. Қандай да бір турист жөнінде мәлімет керек болса, біз оның аты-жөнін немесе құжатындағы арнайы нөмірін теру арқылы базадан әлгі турист жөнінде қажетті мәліметтерді таба аламыз.

– Жұмыс режимдеріңіз қандай? Қанша адам жұмыс істейсіздер?

– Сағат таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейміз. Қазір қатарымызда 5 қызметкер бар. Оның біреуі – әйел азамат. Бүгінде туристік полициялар тек кесене маңында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта штат саны көбейеді деп үміттенемін. Түркістанда жаңа халықаралық стандарттарға сай әуежай салынады деген жоспар бар. Әуежай салынса, туристік полициялар сол жерде де қызмет етеді деген ойдамыз. Себебі, кез-келген туристке әуежайдан бастап жоғары деңгейлі қызмет көрсетілсе, ол саяхаттап келген мемлекеті жөнінде жағымды әсерде қалады. Алғашқы әсер – өте маңызды. Қысқасы, басты мақсат – елге қызмет, біз үшін абыройлы міндет деп сөзімді аяқтағым келеді, - деді туристік полиция қызметкері.

afd68985-51e0-4cb9-b85a-ea8646cec886-900x_.jpg

Ауыл-аймақтарда жұмыстар жандануда

Бүгінде тек Түркістан қаласында ғана емес, ауыл-аймақ, аудандарда көптеген оң өзгерістер орын алып жатыр. Жасыл-желекке бөленген, Қазақстанның Швейцариясы атанған Түлкібас ауданында қарапайым тұрғындар тарапынан алма бау егуге қызығушылық танытқандар қатары артып келеді. Солардың бірі - «Нұрбақыт» шаруа қожалығы.Былтыр алма бау егуді бастаған қожалық төрағасы Талғат Өтеевбүгінгі таңда бау көлемін 14 гектарға жеткізіп отыр. 2019 жылы өз қаржысына 2 гектар жерге алма бау егіп бастаған шаруа, биыл мемлекет тарапынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 11 млн.теңге жеңілдетілген несие алып, алма бау көлемін12 гектарға ұлғайтып отыр.

«Бүгінгі таңда өз жеке кәсібін бастаймын деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынған. Жылдың басында аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығына алма бау көлемін ұлғайту мақсатында «Жеңілдетілген несиені қалай алуға болады?»,-деген сұрақпен жүгінген болатынмын. Сол жердегі мамандар тез әрі нақты қандай құжат жинау қажет екенін түсіндіріп қолдау білдірді», - дейді қожалық төрағасы Талғат Өтеев .

Биылғы егілген 12 гектар бауғаалманың «Голден Делишес» және «Старклимсон» сорттары отырғызылыпты. Сондай-ақ, мұндатамшылатып суғару жүйесі енгізілген.

Алдағы уақытта шаруа қожалық төрағасы осымен тоқтап қалмай, алма бау көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.

89da812b621fe4d8ec1772d99ccd6218.jpg

Ал, Қазығұрт ауданында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Бұл ретте кәсіп ашсам деушілерге 6 пайыздық несие мен қайтарымсыз берілетін қаржының көмегі орасан болып отыр. Айталық, былтырғы жылы ауданда 264 азамат «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» және «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы сомасы 876 млн. 325 мың теңге несие алып, кәсіп ашқан. Оның ішінде 19-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 69-ы жастар, қалғандары көпбалалы отбасылар саналады. Мәселен, үшінші топтағы мүгедек Асылбек Айнабеков өз үйін кепілдікке қойып, былтырғы жылдың шілде айында 2 млн. 800 теңге несие алыпты. Оған 9 жылқы сатып алып, бүгінде қорасында күтіп-баптауда.

- Кез келген кәсіпті ашу үшін мол қаржы керек. Әйтпесе, ойыңдағы бизнес жоспарды жүзеге асыру қиын. Былтырғы жылы үйімді кепілдікке қойып, мол қаржыға 9 бас жылқы сатып алдым. Оның жартысы етті, жартысы сүтті бағытта бағылуда. Алдағы уақытта ауылдың шетінен жайылымы бар қора сатып алып, жылқы басын 20-ға жеткізсем деп отырмын», – дейді Ақылбек Айнабеков.

Бір жақсысы – алымшылар алған соманың 10 пайызын әр алты ай сайын төлеп отырады. Ал жылдық төлем үлесі 6 пайызды құрайды. Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Райхан Керімқұлованың айтуынша, былтыр 354 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Оның 341 азаматы 505 мың теңгеден, ал 13-і 252 мың теңгеден несие туралапты. Бұдан бөлек, былтыр Қазығұрт ауданында 4653 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биылғы екі айда олардың саны 721 отбасыға жетіп отыр. Жалпы аудан бойынша көпбалалы 6300 отбасы тұрады.

Қазіргі кезде ел үкіметі негізге алып отырған  мәселені бірі - Мемлекет басшысының Жолдауы аясында алға қойылған міндеттерді саралап, оларды Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бастамаларымен үндестіру. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асырып, аталған бағдарламаны іске қосу аясында Түркістан облысында көптеген іс шаралар атқарылуда.

2019102914153448976_03.jpgТүркістан облысы Жетісай ауданында өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд теңгеден асқан. Бұл межеленген жоспардың артығымен орындалғандығын көрсетіп отыр. 

Индустриалық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда аяқ киім, полиэтилен өнімдері, сүт өңдек,  синтепон талшығы және қарқынды баудан жемістерді өндірумен айналысатын жалпы құны 1 млрд 306 млн. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылып, жаңадан 400 жұмыс орны ашылған. Олардың баршасында жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жолдауда көрсетілген елді индустрияландырудың негізгі экономикалық күші - кәсіпкерлік саланы дамыту бойынша, ең алдымен, бизнес ахуалды жақсарту жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні ауданында шағын кәсіпкерлік саласы кең етек жайып келеді. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің  саны 16 мыңға жуықтаған. Оның ішінде  шаруа қожалықтар саны  мен  дара кәсіпкерлік артып отыр.

Батыр Бауыржан
Сіз естімеген мақалдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу