Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
«Атақты» профессор Кеннет Әлібек қайтадан Америкаға оралды. 2010 жылдан бері Ұлттық медицина холдингін басқарып келген профессор Кеннет Әлібек жуырда қызметін тастап, мұхиттың арғы жағына көшіп кетті. «Мұның сыры неде? Кезінде сырттан аттай қалап алдыртқандағы Әлібектің мұнысы несі?» дескендер аз болмай тұр. Профессорды «атақты» деп бекер айтып отырғанымыз жоқ, себебі оған қатысты екіұшты көзқарас қалыптасқан. Біреулер Кеннет Әлібекті шындықты ашқан, ақиқат үшін күрескен азамат ретінде қабылдаса, енді біреулердің пікірінше, ол барып тұрған алаяқ және сатқын. Бұған қатысты «сатқындық – оның диагнозы» деген пікірлер де айтыла бастады. Шынында да, мистер Кеннет шынында да Қазақстандағы сыбайластық жүйеден әбден шаршап, мезі болды ма, әлде жеке басына бұлт үйіріле бастағанының белгісі ме?
Мақала кейіпкері 90-шы жылдардың басында шетел асқан ғалымдардың бірі. Америкада «Абайлаңыз: биологиялық қару» атты атышулы кітап шығарып, осы қадамымен Кремльдің жүйкесіне тигені бар. Басылымда КСРО-ның бар құпиясын ашып, қауіпті биологиялық, биохимиялық қару жасалғанын әшкере етті. Профессор өзін соғыс емес, бейбітшілік жолымен жүретін жан ретінде көрсеткісі келді. Бірақ, Кеннет мырзаның өзі де сүттен ақ, судан таза еместігін аңғартатын тұстар баршылық. Себебін тарқатып айтайық.
Кеннеттің азан шақырып қойылған есімі - Қанатжан. Мамандығы иммунолог. Биология ғылымдарының докторы, инфекциялық аурулар жөніндегі маман. Американдықтар Кеннетті «биологиялық соғысты тоқтатқан ғалым» деп таниды. Би-Би-Си телеарнасы жерлесімізді «2000-2006 жылдардағы айтулы тарихи тұлғалардың тізіміне» қосты. Ал Ресей басшылығы болса, әсіресе әскерилер оны мемлекеттің сырын ашып, дұшпанға сатылған опасыз деп біледі. Базбіреулер Әлібек мырзаны атышулы Остап Бендерге теңейді, тіпті «Ұлы комбинатор» қазақ ғалымының шаңына да ілесе алмайды деп санайды. Остап Бендердің жетістігі - Васюки қаласы тұрғындарының басын айналдырып, «осында Нью-Васюки атты әлемнің жаңа шахмат орталығын саламыз» деген желеумен ақшасын жинап тайып тұрған. Ал енді Кеннет Әлібектің жүріп өткен жолы мен «жетістіктерін» санамалап көрейік.
Кеңес одағы кезінде небір құпиялы нысандарда жұмыс істеп, шені полковникке дейін өсті. 80-ші жылдардың басында Кеннет Әлібек КСРО үшін стратегиялық айрықша маңызы бар «Биопрепарат» атты ұйымның белді қызметкеріне айналып, адам өміріне аса қауіпті вирустар мен бактерияларды сынақтан өткізу, жаңа түрлерін табумен шұғылданды. Өзінің айтуы бойынша, биологиялық қару ядерлік бомбадан әлдеқайда қауіпті. Ол үнемі атышулы КГБ-ның бақылауында жүрді, себебі оның КСРО-дағы ең құпиялы құжаттарға тікелей қатысы болатын.
80-ші жылдардың соңына қарай Әлібектің биологиялық қаруға қатысты ұстанымы өзгере бастады. 1990 жылы ол президент Горбачевке хат жазып, биологиялық қарудың көзін жою қажеттігін ұсынды. Тағы бірер жыл жұмыс істеген соң жұмысынан айырылып, коммерциялық банкке жұмысқа орналасты.
Кеңес одағы ыдыраған тұста совет ғалымдарының бір бөлігі шетелге қарай ұмтылды. КСРО-да не көп, мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар құпиялар көп еді. Соларды дұшпандарға жеткізіп қоя ма деп қауіптенген Кремль бір топ ғалымдарды, оның ішінде Кеннет Әлібекті де жіті бақылауда ұстады. Бірақ, 1992 жылы Кеннет КГБ агенттерін сан соқтырып, жалған құжаттар арқылы Америкаға қаша білді. Әрине, американдықтар қашқынның барлық жағдайын жасап берді. Тіпті оның елден қашу ісін ұйымдастыруды да өз мойнына алды. Өз кезегінде мигрант-ғалым Кеңес одағының биологиялық қару әзірлеудегі бүкіл сыр-құпиясын жасырмай төкті. Әлібектің «КСРО биологиялық қаруды талай рет қолданған, АҚШ-қа қарсы биологиялық шабуыл әзірлеген» деген әңгімесін естігенде американдықтардың төбе шашы тік тұрды.
Өзінің мемуарларында Кеннет бұл кезеңді былай сипаттайды: «Маған нақты нұсқаулар берілді. Американдықтар көрсеткен көмегіне қайтарым ретінде советтік бактериологиялық қару бағдарламасы жайлы барлық мәліметтерді талап ететінін түсіндім. Америкаға келген соң күнніге Вирджиния штатындағы бір кеңсеге келіп, барлау қызметі мен түрлі үкіметтік ұйымдардың басшылығы қойған сұрақтарына жауап беріп жүрдім. Бұл бірнеше айға созылды. Менің осы қадамымды базбіреулер сатқындық деп қабылдайтын шығар. Бірақ, нағыз сатқындық - карьерамды жалғастыра отырып, өзімнің кезінде берген Гиппократ антын бұзуым еді» деп ағынан жарылады Әлібек мырза.
«Отаным – Америка»
Біраз уақыттан соң Кеннет Әлібек атақты Джордж Мейсон университетіне жұмысқа тұрды. Бактериологиялық, химиялық қару саласындағы сарапшыға айналды. Кеннет Американың Иракты оккупациялағанын толық құптайды. «Саддам Хусейнде биологиялық қарудың бары анық» деп, Пентагонның қадамдарын оң бағалап отырды. Ирактағы биотерроризм қаупін өршіткенімен, әлі күнге дейін бұл сөздің дәлелі табылмады.
1992 жылы елден кеткен Кеннет Қазақстанға тек 2005 жылы келді. Онда да хал үстінде жатқан әкесін көріп кету үшін ғана. 2010 жылы Қазақстан үкіметінің шақыруымен Астанаға келіп, жедел медициналық жәрдем көрсету ғылыми орталығының басшылығына тағайындалды.
Жылдар бойы Қазақстаннан жырақта жүрген азамат елін сағынды, отанына оралған соң ет жүрегі елжірей қалды десеңіз қателесесіз. Кеннет Әлібек - технократ, космополит. Бұл біреудің пікірі емес, өз сөзі. Космополитизмнің антонимі – патриотизм. Космополиттің отаны жоқ, туған еліне деген патриоттық сезімі жоқ. Қазақстанды өз отаны деп қабылдамайтынын Кеннеттің өзі де жасырмай, ашық айтады. Журналистерге берген сұхбаттарының бірінде «Менің отаным Америка. Мен мұнда бақытымды таптым, жақсы жұмыс таптым. Мен АҚШ-тың азаматымын. КСРО-да жасай алмаған жұмысымды осында жүргізуге мүмкіндік алдым» деп осы елге деген ризашылығын білдіреді. «Ит тойған жеріне...» демеуші ма еді қазақ мұндайда?.. Ал Қазақстан Кеннет үшін тек жұмыс орны ғана. АҚШ азаматтығынан бас тартпауының сыры да осында болса керек. Шаруасы қалай бітеді, сол күні-ақ тайып тұрады. Өзінің отбасы қазір Америкада. Жұбайын, бала шағасын мұнда әкелуге құлқы жоқ. «Қызыма медициналық күтім керек, оның үстіне ол ағылшын тілінде ғана сөйледі, мұнда өзіне сай деңгейде білім ала алмайды» деп сылтауратады. Қазақстанда жасы үлкен азаматтарды «аға» деп сыйлайтынын да түсіне алмайтынын білдірді. «Америкада жасың 75-те болса да сені жай ғана Боб немесе Билл деп атай береді» деп мақтанады біздің Қанатжан.
Кеннет Әлібектің соңынан ілескен лақап аты – «ауа сатушысы». Яғни, уәде төгіп, жоқ жерден табыс тауып кететін әдет. «Лос-Анжелес таймс» газетінің «Кеннет Әлібек Америкада биотерроризм қаупін өршіту арқылы табыс табуды көздеді. Жалпы құны 28 миллион доллардың гранттары мен келісім-шарттарға қол жеткізді» деп жазуы бекер емес. Қайбір жылы Ресей сахнасының ең табысты жұлдыздарының бірі ауыр халге ұшырағанда Кеннет бауырымыздың күтпеген жерден «Фрискені біз ғана емдеп бере аламыз» деп өзін-өзі жарнамалай жөнелгені Қазақстан түгілі Ресей халқын да састырды. Бұл шындықтан гөрі жарнамалық мақсатта жасалған авантюралық қадамға көбірек ұқсайтынын ресейлік медик-ғалымдар жоққа шығармады.
К.Әлібек мырзаны украиналықтар да жақсы таниды. Қай жағынан екенін айтайық. 2008 жылы Борисполь қаласында заманауи дәрі-дәрмек шығаратын «Макс-велл» атты жаңа фармацевтикалық зауыттың салынатыны жайлы жарнама жер жаһанға жайылды. 100 миллион долларға бағаланған ауқымды жобаның жетекшілігіне профессор Кеннет Әлібек бекітілді. Ал оның әріптесі әрі инвесторы... Әблязов. Ия, өзіміздің Мұхтар Әблязов. Бұл мегажобаға кезінде БТА банкінің қаражаты тартылған көрінеді. Екеуі бас қосып, қысқа мерзім ішінде Украинаны, одан соң ТМД-ны сапалы медикаменттермен қамтамасыз етеміз деп жұртты сендірді. Бірақ, содан бері дәрі түгілі дәнеңе де жоқ. Білетіндердің айтуынша, бұл жоба – бар-жоғы БТА-банкінен 100 миллиондық несие алып, оңай олжа табудың жолы ғана болатын. Табыс – Кеннет пен Мұхтарда, қарыз – БТА-банкінің мойнында.
Қазақстанға келгелі бері Кеннет мырза ғылыми жаңалықтарды ашқаны жайлы бірқатар мәлімдеме жасап үлгерді. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл сөздерге отандық та, шетелдік те ғалым әріптестері онша илана қоймады. Күдікпен, күмәнмен қарайды. 2012 жылғы сұхбатында өзінің мекеме басшысы болып жұмыс істегісі келмейтінін айтып, бар мақсаты – шәкірт тәрбиелеп, отандық медицинаны дамыту екенін білдіргенімен, көп ұзамай Кеннет Әлібек 6 ірі мекемені біріктіретін Ұлттық медициналық холдингтің басшысы болып шыға келді. Дегенмен, бұл тірліктің соңы оның елден кетуімен тынды.
Әрине, Әлібек мырза өзін ақтайды. Ақтағанда қандай. Facebook желісіндегі жеке парақшасында профессор Кеннет Әлібек былай деп жазыпты.
«Бір апта бұрын компаниямыздың басшысынан жаңадан әзірленген екі препарат үшін өндірістік қуатты құру жайлы тапсырма алдым – бірі Техаста, екіншісі – Флоридада пайдалану үшін. Мерзімі – қаңтар айының басына дейін. Бір жарым айла екі өндірісте іске қосу қажет. Осыны атқара алатынымызды білемін. Алайда, бұл жұмысты жасай отырып, өзге елдегі жағдаймен салыстырдым: шешімді біз өзіміз қабылдаймыз (болашақ өндіріс орны жетекшілерімен бірлесе отырып); - ешкім де неғұрлым арзан бағамен алуды талап етпейді – баға төмендеген сайын сапасы да нашарлай түсетіні белгілі; - бағаның негіздемесін жазудың қажеті жоқ – аға қызметкер немесе топтың жетекшісі келеді, мен растаймын және сатып алу саласының жетекшісі жұмысқа кіріседі; - тендер деген атымен жоқ; - аудит деген атымен жоқ. Аудиторлық компанияны барлығын мұқият тексеру үшін тек жылына бір рет шақырамыз. Шешім қабылданған сәттен бастап төлемақы жүргізуге дейінгі аралық – бір немесе екі күн. СЭС және басқа да жиі келетін тексерушілер жоқ., барлық «рұқсатнамалар» тіркеу арқылы беріледі. Демек, қаңтар айының басында болмаса да, ортасына қарай өндірістер іске қосылады деген сөз».
Америкаға кетерінің алдында Кеннетті әлдебір үрей мен қорқыныштың арасында жүргенін де жасырмады.
«Көп жыл бойы ештеңеден қорықпаймын деп ойлағаным рас. Алайда, АҚШ-тағы үйіме аттанар алдында Қазақстандағы аудиттен қорқатынымды түсіндім: жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді, зерттеулер дұрыс немесе бұрыс жүргізілгенін тексереді (бәлкім, пациенттерді емдеуге жұмсалған қаржыны азайтуға болар ма еді?). Осылайша, қандай-да кемшілік табу ниетіндегі аудит айларға созылады, себебі бұған сені жақтырмай қалған үлкен бюрократ тапсырыс берген. Мұның барлығына қолымды сермедім де АҚШ-қа оралуды жөн көрдім. Осында компанияның ғылыми саласына жетекшілік етемін. Мұнда кінәлілік презумпциясы жоқ. Сен әу бастан-ақ тазасың. Бірақ, алдауға әрекет жасасаң сазайыңды тартасың. Сондықтан, ғылыммен шұғылдану, барлық істің сатып алушылар, қаржыгерлер мен аудит жүргізушілерге, СЭС пен тағы басқаларға емес, тек өзіңе тәуелді екенін сезіну - шынайы бақыт деп білемін», деп жазады ол.
Сондай-ақ, Кеннет қазақстандық ғылымның болашағына сенбейтінін де ашық білдірді.
«Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, АҚШ - ғылым елі. Мұнда ғылыми ізденістер барлық жерде жүргізіледі: университеттер, зерттеу институттары, ұлттық зертханалар, жариялы және жекеменшік компаниялар және т.б.. Қаржыландыру мемлекеттік келісім-шарттар мен гранттар, жеке және қоғамдық қорлар, жеке тұлғалар, профиттік және профиттік емес компаниялар, қайырымдылық ұйымдары және басқа да меншік түрлері арқылы жүргізіледі. Ғылыммен шұғылданған адам 100 мың доллардан 3 миллион долларға дейін грант ұтып алуына мүмкіндік бар. Барлығы да конкурстық негізде, ешқандай тамыр-таныстың қажеті жоқ. Сыбайластық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыласың».
Оның айтуынша, Америкада оң нәтижелерге қол жеткізілгенін дәлелдеу қажет емес. Себебі, «теріс нәтиже – ол да нәтиже. Сондықтан, өтірік есеп берудің қажеттілігі жоқ» дейді ол.
Ғылым саласында оң нәтижені талап ететін тексерушілердің, түрлі әкімшілер, бақылаушы органдардың көптігіне налыған Әлібек «Мұндай жағдайда нағыз ғылым ешқашан жанданбайды, керісінше өшіп қалады» деп К.Әлібек ойын түйіндейді. Қалай болғанда да профессор Кеннет Әлібектің Қазақстандағы «эпопеялық жыры» осыменен аяқталды. Оның осы 7 жыл ішінде қандай жетістікке жеткен-жетпегенін нақты айта алмай отырмыз. Ендігіде Америкада жүріп біздің елге, отандық медицина мен ғылымға қатысты нендей мәлімдемелерді жасайтынын күтейік.