Шәді Жәңгірұлы деген кім?
Шәді Жәңгірұлы шығыстың озық үлгілі әдебиетінің нәзирагөйлік дәстүрін берік ұстанған, қазақ поэзиясындағы белгілі тақырыптармен сюжеттерді өзінше жырлап идеясы мен мазмұны тұрғысынан мүлдем жаңа, төл туынды жасаған ақын. Абылайдың баласы Қасымның бірінші әйелі, кіші жүз алтын руының қызы Қант анадан Саржан, Есенгелді туған. Есенгелдінің баласы Жәңгір Кенесары өлген соң кіші әйелі Мәутіні әмеңгерлік жолмен алып, осы Мәуті анадан Шәді ақын туады. Шәдінің әкесі Жәңгір – Абылай ханның шөбересі, Кенесары ханның жорықтарына қатысқан.
Шәдінің азан шақыртып қойған аты Сұлтанбек. Ата-анасының көптен күткен жалғызы болғандықтан «Шәді» деп еркелетіп атап кеткен. Ақын өзінің Ташкенттен шыққан кітаптарында өз есімін Сұлтан шаһ Жиһангерұғлы немесе Сұлтан Шәді Жиһангерұғлы деп көрсетеді.
Шәді Жәңгірұлы 1855 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Он жасына жетер-жетпесте ауыл молдасынан діни сауат ашады. Имандылық жолға түскен Шәді ақын 1865 жылы Шаян медресесіне барып, Аппақ Ишанға оқиды, кейін Шымкенттегі Абдолла Шәріп деген ғұламадан дәріс алады. Онда ол араб, парсы тілдерін толық меңгеріп, шығыс мұсылман шайырларының атақты шығармаларымен жете танысады. Ғылым деген түпсіз терең теңіздің тамшысын ішкен болашақ шайыр ілімін одан әрі жетілдіру мақсатымен, сол кездегі барша мұсылман баласына белгілі Бұқарадағы “Мир-араб” медресесінде оқиды. Онда Ислам құндылықтарымен жақыннан танысып, болашақ шығармаларына арқау болатын діни қағидаларды жақсы меңгереді. Өмірінің соңында «Молда» деген айып тағылып, қуғында ұшыраған Шәді 1933 жылдың 12 қыркүйегінде дүниеден өтеді.
Шәдінің жазған шығармаларының басым бөлігі өзінің көзі тірісінде Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларында жарық көріп отырған.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Шәді Жәңгірұлының шығармашылығына жеке тоқталып, арнайы зерттеген Шәдітанушы Немат Келімбетов ақынның өмір тарихына және оның әлеуметтік көзқарасына көңіл бөлген. Кеңес дәуірінің кезінде-ақ Шәдінің еңбектерін зерттеп, зерделеп, содан кандидаттық диссертация қорғап, Шәдіні жарыққа шығарған ғалымның еңбегін ерекше бағалап, мақтан етуімізге әбден болады. Бірақ ол кезде ғалым ағамыз Шәді төренің діни ақындық қырларына бара алмады. Себебі сол кездегі саясат оған мүмкіндік бермеді.
Жалпы Шәді ақынның шығармаларының басым бөлігі діни тақырыпта жазылған. Шәді өмір сүрген ХХ ғасырдың басы қазақ халқы, қазақ қоғамы үшін тарих сахнасында қалу мәселесі басты назарда болып, алмағайып, күрделі халді бастан кешкен тарихи кезең болды. Осы кезеңге қызыл империяның отарлау саясаты шегінен шыққан қысым болып жетті. Жаппай орыстандыру, шоқындыру саясаты жүргізіліп жатқан осы кезеңде халықты бұл зұлматтан құтқаратын жол осы деп діни тақырыптағы шығармаларды тудырып, поэзия арқылы халық арасына ислам дінін насихаттаған. Жалпы, қазақ халқы ақынжанды халық қой. Шәді халықтың осы ерекшелігін ескеріп, дінді поэзия арқылы халыққа жайды. Мысалы, ақынның «Назым Сияр Шәриф» атты дастаны Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) –ның өмір жолына арналады. Сол заманда бұл кітаптар өте жоғары сұранысқа ие болған.
Шәді ақынның ұстанған қағидасы - ағартушылық, сүйенген ілімі – ислам. Сондықтан шайыр шығармалары арқылы халықты қараңғылықтан оянуға, өздері тұнығынан мейірлене сусындаған ар ілімін халыққа жайып, ұрпақты тазалыққа, имандылыққа, ізгілікке, оқу-білімге, мейірімділікке насихаттайды.
Шәдінің туысы, шежіреші қарт Файзулла Үрмізовтің айтуынша, қазақтың классик жазушысы Сәкен Сейфуллин бірде Түркістанды, Оңтүстік өңірдің шаруашылық тұрмыс кәсібін, салт-дәстүрін білу мақсатында жолсапарға шықпақшы болады. Баласының Түркістанға баратын сапарын естіген әкесі Сейфолла Сәкенге: «Қаратаудың шығыс теріскейі Созақ өңірінде атақты шайыр, ақын Шәді Жәңгірұлы бар. Шәдінің дастан-қиссалары, өлең, нәсияттары баспадан шыққан және қазақ шежіре тарихын бірден-бір білетін ғұлама адам. Сенің қаламыңды ұштайтын, жазуға бағыт-бағдар беретін нағыз ілімдар кісі. Арнайы барып сәлем бер. Шәдінің ақын балуан немере інісі Мәлік батыр бар. Бұлар әйгілі Абылай ханның ұрпақтары. 1896 жылы сол Мәлікті арнайы шақыртып қонақ еткем. Өзіңнен кейін туған ініңнің атын Мәлік деп сол төренің атынан қойғам. Барғанда менен сәлем жолдарсың», - дейді. Сәкен Жаңарқадан Мұңлы-Құңлы тауын бөктерлеп, Бетпақтың Бес құлан жолы арқылы, өлкені жайлайтын Қаратау Созақ елін аралай жүріп, Ақсүмбе, Сауысқанның Қосбұлақ сазында отырған Шәдінің үйіне келеді. Содан кейін Созақ жұрты Бетпақ, Шу аралығындағы шоқыны «Сәкеннің ақ шоқысы» - деп атап кеткен. Сәкен Шәдінің үйінде бір күн сұхбаттасып, Мәлікке әкесінің сәлемін жеткізеді. Сәкен Созақтағы тағы біраз ауылдарда болып, ойын-сауыққа да араласса керек. Оның атақты «Тау ішінде» әні осы сапарында Суындық асуынан асып бара жатқанда шыққан көрінеді, - дейді Файзулла ақсақал. Бұдан Шәдінің атағы сол кездің өзінде-ақ исі қазаққа жайылғанын, талантын жоғары құрметтегенін байқауға болады.
Қарт ақсақал Файзулла Үрмізов өзінің бала кезінде есінде қалған бір оқиғаны былай еске алады: «1930 жылы жаз айы Мырзабай даласы, Мыңбасты құдығында отырғанбыз. Шәді атам үш күн тілсіз, үнсіз, кеудесінде лепес тынысы бар, көзін ашпай жатып қалды. Ауыл қариялары дем салайын десе, басын шайқап жолатпайды. Үш күннен кейін бұрынғы сау күйі кітабын оқып, жазуын жаза берді. Осы құпиясын екі жылдан кейін Ташкент жаққа көшерінде менің әжеме айтып кетіпті. Әжем Шәдінің өлгенін естігеннен кейін құпиясын айтты. Шәдіге үш күндей Ғайыперен Қырық Шілтендер келісе алмай таласыпты. Не үшін таласқанын білмейді. Әлі үш жыл кемдігі бар деп тұрғызып жібереді. Шәді бір жыл өмірім бар шығар. Менің жайым қазақ, өзбек шекарасы Қаратөбе болар. Әжем «Зергер төре» менімен жасты еді, жетпіс сегізде дүние салды. Жарықтықтың топырағы торқа, иманы жолдас болсын деуші еді. Шәдінің қорымының басынан шырақ жанып, сол маңдағы елдер басына түнеп, топалаң болған малдарын түнететін көрінеді».
Осыған дейін Шәді ақынның артында ұрпақтары қалды ма екен, болса қайда екен деген сауал көкейімді мазалап жүретін. Сөйтіп жүргенімде Кентау қаласында ақынның туған шөбересі Нұрмағамбетов Жәңгір Әлкенұлы маған хабарласты. Ол кісіні іздеп барып, ақсақалмен жолығып, сұхбаттасып қайттым. Ақсақалдан Шәді ақынның артында сізден басқа ұрпақтары бар ма? - деп сұрағанымда ақынның үш әйелі болғанын айтты. Бірінші әйелінен Сүлеймен деген ұлы болған. Екінші әйелі Қадишадан Нұрмағамбет туады, одан Әлкен, Әлкеннен Жәңгір (осы ақсақал Ж.Ә.), Жәңгірден Есенгелді, Әбілмансұр есімді ұлдары туады. Ал үшінші әйелінен Сейіт, одан Мұхаметжан дүниеге келген.
Шәдінің артына қалған мұрасы өте бай. Ел арасында ақынның біз білмейтін шығармалары да болуы әбден мүмкін. Жалпы Шәді шығармашылығын зерттейтін, зерделейтін оның ілімін үйренетін кез енді келген секілді. Осы уақытқа дейін ақынның мұралары қолжазба қорларында шаң басып жатты. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауымен шығатын «Қазыналы Оңтүстік» көп томдығында Шәді ақынның бірнеше дастаны жарық көрді. Атап айтар болсақ, шайырдың атақты «Назым Сияр Шәриф», «Ахуал қиямет», «Әмір Әмзе» атты дастандары қайта басылып, бүгінгі кириллицаға көшіріліп, қазақ оқырманымен қауышты. Осы орайда шығыстанушы ғалым Төрәлі Қыдыр мен әдебиетші ғалым ағамыз Саттар Өмірзақовтың еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Өкінішке қарай кітаптың тиражы шағын болғандықтан республикадағы кітапханалардың бәріне жете бермейді. Әсіресе жоғарғы оқу орындарының кітапханаларына жетсе деген арманым бар. Шәді ақынның барлық шығармаларының жас ұрпаққа берер тәлімі мол.
Жанар ӘБДІҒАППАРОВА,
Назарбаев университетінің ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мәселелері және Шәді ақын» монографиясының авторы