Спандияр Бекжігітов. Қабыл досымды еске алсам...

Oinet.kz 21-03-2019 1222

Мен бүгін Шаян өңірінің абзал азаматы,  тай құлындай тебісіп бірге өскен,  балалық шағымыз Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылындағы Шоқан Уалиханов мектебінде бірге өткен сыныптас,  аяулы да қимас досым,  Қабыл Бегманов  жайлы сыр шертсем деп қолыма қалам алдым...

Әр адамның өмірде естен шықпайтын бір кезеңі – мектеп қабырғасы.  Қанша жасқа келсең де өміріңде алғаш аттаған мектебің,  алғашқы қоңырау, алғашқы ұстазың көз алдыңда күні кешегідей сайрап тұрады.  Өйткені,  мек-теп – ғибрат,  өнеге ұясы!

85b8b9f4dd83a35f8bde1f34aae6d28a.jpg

Туған жерді сүйіп қастерлемейтін адам кем де кем.  Туған жерге деген махаббаты әр адамды әр түрлі қиялға жетелейді.  Әркім өзінше сүйіп,  өзінше сағынады.  Кейде ол адамның ақыл ойына,  жасына,  тіпті тұрып жатқан жеріне байланысты.  Ал сол бір балалық шағың өткен орта – сол сенің ең ұмытылмас та ыстық бақытты ортаң.  Балалық шақтың барлық қызығы мектеп жасында.  Олай болса,  адамның тұрған жеріне,  жасына,  ортасына қарамайтын бақытты кезеңі – балалық шағы болса,  сол бақытты кезеңнің ұясы – МЕКТЕП.

Иә - мектеп.

Біздің есімізден өмір бойы кетпейтін сол мектеп.  

Мектептегі ұстаздарымыз,  бірге оқыған,  ойнаған достарымыз.  Уақыт өткен сайын,  қайта оралмас бал дәурен – балалық алыстаған сайын біз соларды сағынамыз.  Бір сәт көзіңді жұмып толғансаң,  бәрі де күні кешегідей көз алдыңда сайрайды.  Мүмкін бұл да бір адамның табиғатынан біткен қасиет шығар.

Менің бүкіл балалық шағым Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында өтті.  Аудан көлемінде әкемнің жиі қызмет ауыстыруына байланысты,  ауылдан ауылға көшіп жүріп,  әр мектепте оқуға тура келді. 1968 жылы Ақбастау ауылына көшіп келдік (ол кезде Глинково селосы).  Сол жылы 1 сентябрьден бастап Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің сегізінші сыныбына оқуға бардым.  Сыныпта 31 оқушы бар екен.  Оның оншақтысы ұл бала да,  қалғандары қыздар.  Менімен 32 оқушы болды.  Мен мектепке алты жасымнан барғандықтан,  мұндағы балалар менен бір – екі жас үлкен болып шықты.  Оның үстіне әр сыныптағы ұлдардың ішінде өзінің қошқары болады.  Бұл сыныптағы Лидер – Қабыл еді.  Ұзын бойлы,  тарамыс келген,  сымбатты,  шыныққан балатын.  Менен екі жас үлкен.  Ол мені бірден өзіне жақын тартты.  Екеуміз бір партаға отырдық. Таныса келе білгенім: оның шешесі мен менің шешем бір рудан шыққан, арғы аталары бір туысқандығы бар болып шықты. «Біз екеуіміз бөлеміз» - деді маған. Әкесі бұл есін білмейтін шағында, ерте қайтыс болып кеткен. Шешенің тәрбиесінде өскен бала. Әпке, аға-інілері бар екен. Қабылмен ара-қатынасымды байқаған басқа да ұл-қыздар өздеріне жақын тартып, бірден достасып кеттік.

Еш жерде жазылмаған мектептің «заңы» бойынша тісқаққан ұлдар жаңадан келгендерді біраз «сығып алушы» еді. Сол әдетпен Мейіржан, Қожамберді сияқты жоғарғы сыныптың «мықтылары» мені біраз тұқыртып алмақшы болды. Бірақ, Қабылдардың ара түсуімен және өзімнің де жылуарлығым болуы керек, олармен де тіл табысып, достасып кеттім.

Қабыл екеуміз егіз қозыдай бірге жүрдік. Оның мінезі жақсы еді. Өзінің жұмсақ та, жайлы мінезімен адамды бірден баурап алатын. Маған оның бір сөзділігі, өтірік айтпайтындығы және салмақтылығы ұнады. Сабақты да жақсы оқыды. Әсіресе физика, математика, сызу пәндерін жілікше шағатын. Ал мен, керісінше математикаға жоқ едім. Оған қарағанда әдебиет, тарих сияқты ауызша сабақтарға жақындау болдым. 

Мен жастайымнан волейболға әуес едім. Өзімнен бір сынып жоғары оқитын ағам – Данияр, аудан бойынша № 1-ші волейболист еді. Біз келгелі бұл мектептің волейбол командасы едәуір күшейді. Бектұрсын Патсаев, Оңлабек Омаров, Жүрсінбек Көлбаев сияқты спортқа берілген керемет жаттықтырушы-мұғалімдер бар еді. Көктем шыға олар жан ұшырып, біздерді оқу жылының аяғында өтетін аудандық спартакиадаға дайындайтын. Ең қиындығы бұл мектепте спортзалдың жоқтығы болатын. Сонда да біз көктемгі дайындықпен-ақ үш жыл қатарынан аудандық спартакиадада волейболдан бірінші орынды жеңіп алдық. Ол кезде аудандық жарыстар өте тартысты, қызықты өтетін.

Ал Қабыл спортқа мүлдем жоқ еді. Аюша қорбаңдап, ұзын бойымен ебедейсіз доп ойнағанда, бүкіл мектеп оқушылары күлкіден қырылып қалатынбыз. Дегенмен оның бойының ұзындығы командаға шабуылшы ретінде керек болды. Сондықтан оны үнемі жаттықтыруды команда болып қолға алдық. Соңыра оның техникасы аса қатты дамымаса да, ол көтеріп берген допты қарсыластардың бірінші линиясына ұрып түсіретіндей жағдайға жетті. Сөйтіп Қабекең шабуылшы ретінде волейболдан бірінші орынды жеңіп алуға үлкен үлес қосты.

Сыныпта тағы бір Нартбек деген бала бартын. Ол да менен екі жас үлкен. Өзі менімен көрші тұратын. Қағілез мінезді, әзіл қалжыңы әзір тұратын, өте ақжарқын, ақкөңіл бала. Екеуміз мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Онымен жүрсең өмірі ішіңді пыстырмайтын. Әлі есімде, 8-ші сыныпта оқимыз, күн жексенбі еді. Нартбектің үйіне бардым ерігіп. Ол үйінде екен, мені ертіп үйінің артына алып барды. Екеуміз көлеңкеде отырмыз. Бір уақытта Нартбек қалтасынан бір қорап темекіні шығарды. Сөйтті де бір данасын аузына салып, шеге бастады. Сосын маған да үйретіп, темекіге «тұсауымды кеспек» боп біраз талпынып еді, одан ештеңе шықпады. Мен қақалып-шашалып еш үйрене алмадым. Шынымды айтсам, маған темекінің дәмі де, иісі де ұнамады. Содан қайтып темекіні аузыма алған емеспін. Мектепте біраз ұлдар темекі тартушы еді. Әсіресе сабақ арасындағы үзілісте мектеп жанындағы туалеттің ішін көк түтін қылатын. Соңыра Қабыл екеуміз Нартбекті жанымызға қосып алдықта, екеулеп жүріп миын «шайып», оған темекі тартуды қойдырттық-ау  әйтеуір. Соңғы сыныптарда әсіресе үшеуміздің жұбымыз жазылмайтын болды. Бір анадан туған үш қозыдай қайда барсақ та бірге жүрдік. Бұл біздің ес тоқтатып, достықтың қадірін біле бастаған шағымыз еді. Бірте-бірте арамыз жақындасып, бір-біріміз үшін жан берісетіндей жағдайға жеттік.

Құдайшылығын айту керек Қабылдың бізден артықшылығы көп еді. Оның қолынан бәрі келетін. Анау-мынау ұсталық жұмыстарды қиналмай істей беруші еді. Сол кездің өзінде-ақ электр жүйесін толық меңгеріп алды. Ол кезде телевизордың ауылға жаңадан келіп жатқан кезі.  Ол ауылдағы үйлерге телевизор орнатып, шатырдың төбесінен 5-6 метр биікке антеннасын қойып, электр жүйесін жөндеп беретін. Ал біз оған көмекші ретінде жүретінбіз. Қабыл, әсіресе, техникаға жақын еді. Неше түрлі бұзылып қалған радио, патефон, магнитафондарды жөндеп, сөйлетіп жіберетін. Және де әуелі екі аяқты, сосын үш аяқты мотоциклдерді жөндеп,  жүргізіп алатын. Қабылдың үш аяқты мотоцикліне мініп алып, үшеуміз бүкіл ауданды аралап шығатынбыз.  Сөйтіп жүріп мектепті қалай бітіріп қойғанымызды да байқамай қалдық.  Оның арасында талай алғашқы балалық махаббаттар оянып,  мерекелік кештерде талай қыздарға сөз айтып,  хат жазып жеңіс пен жеңілістерге ұшырағанымыз өз алдына бір үлкен  хикая.  Coңғы қоңырау,  ұстаздармен,  сыныптастармен қоштасу кеші әркімнің де есінде мәңгілік сақталатын үлкен оқиға.  Нартбектің үйінде өткізген біздің де қоштасу кешіміз,  таң атқанша ән айтып,  би билеп,  таза жүрек,  кіршіксіз сезіммен айтылған ақ тілектер,  қимас қоштасулар әлі де көз алдымда.  

Сол кеште мен Қабылдың бір сыныптас қызға кәдімгідей есі кеткенін байқадым.  Ол қыз,  аса бір ай мен күндей сұлу болмаса да,  әдеміше,  тартымды келген,  сұңғақ бойлы,  аяқ қолы балғадай спортсмен қыз еді.  Жүгіргенде алдына жан салмайтын,  аудандық спартакиядада ылғи да бірінші орынды бермей жүрген қыз еді.  Сол кештен кейін екеуінің арасында махаббат пайда болды...

Мектеп бітіргеннен кейін Қабыл соттың оқуына түсемін деп КазГУ-ге Алматыға кетті.  Мен Шымкентке технологиялық институттың құрылысшы факультетіне кеттім.  Ал Нартбек,  ешқайда бармай ауылда қалды.  Бір айдан соң Қабыл екеуміз де оқуға түсе алмай ауылға қайтып келдік.  Ол кезде ауылды жерде соқталдай азаматтың жұмыссыз бос жүргені ұят нәрсе.  Мен совхозға шөп жинаушы болып жұмысқа кірдім.  Қабыл аудандық почтаға инкассатор болып жұмысқа тұрды.  Үстінде форма,  белінде пистолет.  Мен шөп жинап жатқанымда почтаның мәшинесімен ары – бері жанымнан қол бұлғап айқайлап өтеді.  Нартбек болса ПМК – да жұмысшы.  Ара – арасында ауылда қалған сыныптастардың басын қосып кеш ұйымдастырып қоямыз.  Сөйтіп жүргенде,  екі айдан соң Қабыл мен Нартбекке әскерге шақыру қағазы келді.  Оларды әскерге шығарып салу,  Ұлы Отан соғысына шығарып салудан бірде – бір кем болған жоқ.  Қайта – қайта қоштасу кештері,  одан соң аудандық – облыстық военкоматтардағы қоштасулар,  сыныптас қыздардың жылап – сықтауы...  Қойшы,  әйтеуір біраз есте қалатын оқиғалар болды.

Қабыл әскерде жүргенде оның әлгі ауылдағы жүретін қызын (атын айтпай-ақ қояйын) көрші ауылдың бір жігіті еріксіз,  басып алып қашып кетті.  Содан, «әкесі өлгенді де естіртеді» - дегендей мен оған болған жағдайды айтып хат жаздым.  Бір айдан соң одан жауап келді.  Хатында: алғашқы махаббатының басқа біреуге бұйырғанына өкінішін білдіріпті және де «Спеке,  сен білесің бе,  мен оның суретін мешенге қойып аттым ғой»  деген сөздерді жазыпты.  Бұл енді,  әрине,  жаралы жүректің ашумен айтылған сөзі еді.  Мен оған басу айтып тағы да хат жаздым...

Қабыл мен Нартбек әскерден аман – есен келген соң сағынышты,  қызықты кештер жалғасын тапты.  Осылай өмір өте берер ме еді,  бірақ өмірде бәрі де басқаша екен.  Өмірдің еш уақытта өзгермейтін өз заңы бар.  Ол - әр адамның өз тағдыры.  Тағдырды әр адам өз қолымен жасайды.  Ол – білімге,  еңбекке байланысты.  Айналып келгенде адамның қабілетінде.  Ал,  қабілетті болу оңай емес.  Әркімнің қолынан келе бермейтін іс.  Генетика деген үлкен ғылым бар.  Қазақ оны, «негізі бар адам,  текті жерден шыққан!» - деп баяғы заманда – ақ айтып кеткен ғой.

Содан,  «өмірде тағдыр айдап» үшеуміз үш қаладан бір-ақ шықтық.  Мен Алматының медицина институтына,  Қабыл Қарағандының кооперативтік институтына,  ал Нартбек Шымкенттегі нархоз. институтқа жолымыз болып оқуға түсіп кеттік.  Студент кезімізде де хат жазысып, бір-бірімізге қыдырыстап барып келіп жүрдік. Сөйтіп жүріп институтты да абыроймен бітірдік.

Сол өткен қызығы мен қиындығы қатар жүрер студенттік жылдар бізді өмірге құштар, табанды, төзімді етіп тәрбиеледі. Ең алаңсыз бақытты кездеріміз де сол кезең екен. Әрқайсымыз қабілетімізге қарай мамандығымыздың қыр-сырын ұғындық. Өмірлік достар таптық, отбасын құрдық.

Институт бітіріп, дипломымыз қолға тиген соң, мен Шымкентке, Қабыл мен Нартбек ауылға қызметке келдік. Сол уақыттан  бастап біздің өмірімізде жаңа кезеңдер басталды. Жан ұяларымызбен араласып, бір-біріміздің қызық-шыжығымыздан бір де бір рет қалып көрген жоқпыз. Содан бергі уақытта Қабыл рабкооп-тың бастығы, аудандық ревизиялық комиссияның бастығы, аудандық тұтынушылар одағының бастығы, аудандық қаржы бөлімінің бастығы сияқты қызметтерді атқарды. Соңғы жылдары Түркістан қаласының қаржы бөлімін де басқарды. Еті тірі азамат, артынан тіреп тұрған ешкімі болмаса да, өз қабілетімен ел-жұртпен, басшылармен тіл табысып, қай қызметті болса да абыроймен атқарды. Қай жұмыста болмасын өзінің білімділігімен, ұқыптылығымен, жұмысының нәтижелілігімен еліне сыйлы болды. Сөйтіп, туған елге тұтқа болып жүрген мамандардың бірі болды. Келіншегі Набат екеуі бір ұл, екі қыз өсіріп, тәрбиелеп, оқытып, ұлды ұяға, қыздарын қиясына қондырып, немерелі болды.

Қабекеңнің бүкіл елге үлгі боларлық бір жақсы қасиеті бар болатын. Оны басына бере бермейтін ерекше қасиеті. Қабекең құдай қосқан жары Набатты елден ерекше жақсы көретін, мәпелейтін, алақанына салып аялайтын, өзінің сүйген жарына деген ең жоғарғы мәдениетті қарым-қатынасымен бәрімізді таң қалдыратын. Набатын тек өзі ғана жақсы көріп қана қоймастан, балаларының да, туған бауырларының да дәл өзі сияқты жақсы көруіне үлгі бола білгеніне сүйсінетінбіз.  Мен мұны адамгершіліктің ең жоғарғы биігі деп түсінемін.  Оны елдің бәрі білгенмен,  оның шыңына Қабыл құсап шығатындар бірлі – жарым.

Соңғы жиырма бес жылдың көлемінде мен елден жырақта жүрдім.  Жеті жыл Мәскеуде болдым.  Одан беріде Алматыда кардиология ғылыми зерттеу институтында қызметте болдым.  Елге жылына бір,  ары кетсе екі рет қана келіп кетемін.  Уақыт бола бермейді.  Мен келген сайын Қабекең күтіп алып,  шығарып салатын.  Міндетті түрде қойын сойып,  достардың басын қосып,  бір той жасап,  мол дастархан жаятын.  Мен қайтқанша  қайта – қайта  табиғатқа демалыс ұйымдастырып әбігерге түсетін.  Қабеке,  мен онсыз да сенің көңіліңе ризамын ғой,  әбігерленбей-ақ қойшы десем,  ол маған:  «Спеке,  мен үшін сенен үлкен қонақ жоқ,  басты қатырма»  - деп тыйып тастайтын.

Нартбектен басқа,  Қабекеңнің өне бойы қасында жүрген отбасылық жолдастары  Райымбек пен Талғат.  Азамат жігіттер.  Олар да менің бір елді мекенде,  бір өзеннің бойында құлынтайдай қатар өсіп,  бірге ержеткен достарым.  Мен барған сайын кезек-кезек қонаққа шақырып бірге боламыз.  

Бәрі де жақсы,  бәрі де керемет еді.  Әттең...

...Ажал деген ғайып дүниенің сыры бір Аллаға ғана аян.  Ол арамыздан кімдерді алып кетпеді.  Мына өмірге келген соң,  кетпек барын түсінеміз-ау,  әйтсе де бәрі ретімен болса дейсіз ғой.  Бірақ,  табиғат пен өмірдің өз заң,  өз қағидасы бар.  Сол өмір заңы күні кеше ғана ортамызда жүрген жаны жайсаң,  өресі мен парасаты биік,  өмірге құштар,  өмір сүйгіш Қабекеңді арамыздан алып кетті.  Тым ерте.  Ер азамат үшін елу бес деген не тәйірі?!  Кенеттен келген кесел,  Қабекеңді алды артына қаратпай аяқ астынан алып тынды.  Қоштасып үлгере алмадым.  Үлгерсем деп,  жанталасып ұшып келгенімде,  алдымнан жаңа үйілген төмпешік болып қарсы алды.  Қырық жыл жолдас болған жан досымнан айырылғанымды білгенімде қаншама жігерленсем де көзімнің жасын тоқтата алмадым...

Достың қазасы ауыр болады екен.  Есіме түссе әлі күнге дейін көңілім босап,  көзіме жас келеді.  Уақыт шіркін тоқтамайды екен.  Кеше ғана Набаттан Қабекеңе ас берейін деп жатырмыз деген хабар келді. Әне міне дегенше бес жыл өтіп кетіпті. Қабекең тірі болғанда бүгін алпысқа толар еді. Дүрілдетіп атап өтер едік. Амал нешік...

Бұл дүниеден өтпейтін жан жоқ.  Бәрі де уақыттың еншісінде.  Қабекең аз жасаса да,  артына өнеге аларлық көп жақсы істер қалдырды,  еліне,  халқына қызмет етті,  туған жерге еңбегін сіңірді.  Оның барлық игілікті тірліктерін бір мақалада теріп айту,  түгендеп шығу мүмкін емес.  Оған көп уақыт керек,  көп жазылуы керек.  Бұл қысқа дүние,  менің есіме түскен бір сәт тегі ойларым ғана.  Алла жазса,  ойланып,  толғанып кеңінен жазуға алдағы уақытта мүмкіндік болар деп ойлаймын. Менің елге қызметке келгеніме 2,5 жылдан асты. Дос та көп,  жолдас та көп.  Бірақ Қабекеңнің орны үңірейіп тұр...

Қайран,  менің жан досым...

Спандияр Бекжігітов, 

облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері, Бәйдібек ауданының «Құрметті  азаматы»  

Шәді Жәңгірұлы деген кім?
Талғат Мұсабаев мәңгілік адам ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу