Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
ХХ ғасырдың басындағы бодандықтың бұғауындағы бейқам халықты өркениеттің өріне сүйреген көсемдердің көзге шалынар басты қасиеті – олардың қай-қайсысы болсын жан-жақты «сегіз-қырлы, бір-сырлы» тұлғалар болатын. Бірқатары жоғары медициналық білім алған еді. Олардың ішінде ХІХ ғасырдағы алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Мұхамеджан Қарабаевтан бастап, жиырмасыншы жүзжылдық басында оқыған Есенғали Қасаболатов, Әбубәкір Алдияров, Иса Қашқынбаев, Асылбек Сейітов, Гүлсім Аспандиярова, Аққағаз Досжанова, Санжар Аспандияров, Халел Досмұхамедов сынды азаматтар бар. Міне, солардың көпшілігі қараңғы, мешеу отар ел ішінде денсаулық сақтау жұмыстарын жүргізумен қатар, белгілі дәрежеде ағартушылықпен шұғылданды, азаттық қозғалысына қатысты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз доктор Досмұхамедовтың (Халел) cаяси күрескер, жалынды патриот, әрі ғалым, әрі киелі өнер иесі және өз мамандықтарының білгірі болуы – кейінгі толқын жастарға үлкен өнеге.
Халел Досмұхамедов қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында 1883 жылғы 24 сәуірде дүниеге келген. Әуелде ауыл молдасынан хат таныпты. Одан жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқып, он бір жасында Орал қаласындағы әскери-реалды училищеге кіреді. Орта білім беретін осынау оқу орнын бітірген соң, 1903 жылы Санкт-Петербург әскери-медицина академиясына оқуға түскен. Академияны 1909 жылы алтын медальмен тамамдайды. Сосын, медицина қызметінің офицері ретінде, алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-Түркістан, 2-Орал атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер қызметін атқарады. 1913 жылы әскери қызметтен босайды да, Орал облысы Темір үйезіне бөлімше дәрігері болып орналасады.
Әскери дәрігер ретінде де, азаматтық дәрігер ретінде де, ол әлсін-әлсін ел ішін жайлап кететін жұқпалы дертке – оба індетіне қарсы күреске белсенді түрде атсалысты. Сонысы үшін билік тарапынан арнайы марапатталып, қола медаль алды. Халел баспасөз арқылы халыққа пайдалы дәрігерлік кеңестер беріп, ауруға қарсы тұру мәселелерін тұрақты түрде насихаттады. Бұл орайда, 1913 жылдан 1918 жылға дейін «Қазақ» газетінің тұрақты авторы болған кезде, емдік шөптер, түрлі жұқпалы аурулар жайындағы маманның түсіндірмелерін, ақыл-кеңесін жария етіп тұрды. Кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптар бойынша мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдірді. 1916 жылы «Қазақ халқы ішіндегі обамен қалай күресу керек?» деген кітабын орыс тілінде шығарды. Бұл кітапта қатерлі індетке қарсы күрестің сол уақыттағы әдіс-тәсілдері түгел қамтылып, жан-жақты түсіндірілді.
Ғылыми медицина ілімімен қаруланған Халел Досмұхамедұлының кәсіби тұрғыда толысып, халыққа патшалық тұсында көрсеткен қызметі осындай істермен бедерленді.
Бұдан кейін оның өмірбаянының екінші кезеңі – азаттық үшін күрес жолы басталды. Ол монархия құлағаннан кейін ерекше серпін алған ұлт қозғалысына белсене атсалысты. Дәлірек айтқанда, қоғамдық-саяси жұмыстарға ол алғашқы орыс революциясы жылдарында-ақ ат басын бұрған-ды. Сол шақта империя астанасында дәрігерлік білім ала жүріп, қилы толқуларға куә болған. Түрлі партиялардың іс-әрекеттеріне жіті назар аударып, студент кезінде саяси білімін де жетілдірді. Баспасөзге (қазақ жеріндегі татар және орыс газеттеріне) өз түйгенін, пікірін жазып тұрды.
1905 жылы Орал қаласында Бақытжан Қаратаев басқарған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы құрылған болатын. Халел соның Орталық комитетіне мүше болып сайланды. Қазақ кадеттері қатарында ол Бірінші Мемлекеттік Думаға депутат сайлау науқанын жүргізуге белсене атсалысты. Міне бұлардың бәрі оның Ресейдегі Ақпан революциясынан соң туындаған жаңа саяси мүмкіндіктерді ұтымды түрде пайдалануға ұмтылған күрескерлер қатарына алаңсыз да батыл шығуын қамтамасыз еткен еді.
Халел Досмұхамедұлы 1917 жылғы сәуірде Орал облысы қазақтарының съезін ұйымдастырушылардың бірі, облыс қазақтары атқару комитетінің төрағасы болды. Мәскеуде мамыр айында өткен Бүкілресей мұсылмандары съезіне делегат болып сайланды, съездің төралқасы құрамына кірді. Шілдеде Орынбордағы бірінші жалпықазақ съезін басқарды. Желтоқсан айында өткен екінші жалпықазақ съезінде «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшесі, 1918 жылы Орал облыстық земство басқармасының төрағасы болды. Сол жылғы мамырдағы Орал қазақтарының кезекті съезінде жарияланған «Ойыл уәләяты» атты аймақтық мемлекеттік құрылымның (қыркүйектен – «Алашорданың» Батыс бөлімшесі) үкімет мүшелігіне енді. 1917 жылы Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. 1918 жылы «Алашорданы» тану жөнінде Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізген делегацияның мүшесі болды.
Батыс Алашорда үкіметі құрамымен 1920 жылдың басында кеңес жағына шыққаннан кейін, Халел Досмұхамедұлының өмірінің жаңа кезеңі басталды. Ол Ташкентте ашылған Орта Азия университетіне оқытушылыққа жіберіледі. Мұнда университеттің медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін істеді. Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институтында да сабақ берді. Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты Білім комиссиясының мүшесі, кейін төрағасы болды. Білім комиссиясы Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу жолында көп жұмыс атқарды. Халел осы орайда шығарылған «Сана» журналының редакторы лауазымында істеді. Сондай-ақ Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін де атқарды.
Осындай қилы қызметтерді атқара жүріп, Халел Досмұхамедұлы оқу-білімді, ғылымды заман талабына сай дамытуға, ғылым жетістіктерін насихаттауға үлес қосты, халық ағарту саласында қажымай-талмай еңбек етті. «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер туралы» және тағы басқа оқулық кітаптары мен ғылыми еңбектерін шығарды.
Ол уақыт талабына сай, ояну, өркендеу жолына түскен қазақ қоғамының қажетілігін өтейтін өзге ғылым салаларында да еңбек етті. Қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинады. Қазақ тілі дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі болып табылатын сингармонизм заңын зерттеді. Махамбет Өтемісов, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, тағы басқалардың шығармаларын жарыққа шығарды. Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинап жариялады. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай-Махамбет», «Аламан» жинақтары, «Шернияз шешен», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Алаш не сөз?», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» тәрізді еңбектері жарық көрді. Баспасөзге белсене атсалысып, «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» секілді газет-журналдарға үзбей мақалалар беріп тұрды.
Ол Ресей Ғылым академиясы Орталық өлкетану бюросының, Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының мүшесі болып сайланды. Түркістан халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеудегі Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты. Астана Алматыға көшірілгеннен кейін Ташкенттегі оқу орны негізінде жаңа тұрпатта шаңырақ көтерген Қазақ педагогика институтының доценті, проректоры қызметін атқарды. Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияны басқарып, унииверситеттің профессоры, бірінші проректоры болып тағайындалды. Қысқасы, Халел Досмұхамедұлы өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларының көрнекті өкілі еді. Ол бірнеше салада жемісті еңбек еткен жан-жақты, ірі ғалым, ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері болды. Тек медицина, гигиена салаларынан ғана емес, жалпы табиғаттану, биология, анатомия, физиология, зоология, ботаника, сондай-ақ тіл, әдебиет, тарих ғылымдары бойынша да өз заманындағы қоғам сұранысын өтейтін елеулі жұмыстар жазды.
Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым өмірінің соңғы он шақты жылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азапты кезеңге айналды. Ол ұлттық қозғалыс қайраткерлерін репрессиялаудың екінші толқынында тұтқындалып, жер аудару жазасына кесілді. Саяси себеппен жер аударылып барған Воронеж қаласында денсаулық сақтау және гигиена институты мен балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясында қызмет істеді. «Үлкен террор» жылдары сонда қайта қамалып, әуелі Мәскеу, одан Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы 24 сәуірде ату жазасына кесілді. Бірақ үкім орындалардан бұрын, сол жылдың 19 тамызында түрме ауруханасында қайтыс болды.
Халел Досмұхамедовты КСРО Жоғары сотының Әскери алқасы 1958 жылы 11 ақпанда, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасы 1958 жылы 28 ақпанда ақтады. Бірақ оның адал есімінің рухани өмірімізге қайта оралуы оңайшылыққа түспеді. Кеңес өкіметінің «Халық жауының» ретінде атын атауға салған тыйымы ондаған жылдар бойы күшінде тұрды. Тіпті, есімі алғашқы қазақ дәрігерлері жайындағы өмірбаяндық жинаққа кіргізілгені үшін кітаптың бүкіл таралымын жойып жіберген жағдай да орын алған еді.
Қайта құру саясаты өріс алған 1988 жылы күллі алашордалықтар қатарында тағы бір ақталғаннан соң ғана оның есімі шындап тірілді. Еңбектері қайта жарық көрді, шығармашылық мұрасы жинақталып, зерттелді. Туған жеріне ескерткіш қойылды. Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге, оқу орнына – Атырау университетіне есімі берілді. Бүгінде Халел Досмұхамедов – халқымыз мақтаныш тұтатын қастерлі тарихи тұлғалардың бірі.