Біз өзі қандай елде өмір сүріп жүрміз?

Oinet.kz 04-12-2017 1035

Кедей болатынымыз, бізді құртып жатқан – коррупция

«Жегі құрттай жеп жатқан үлкен ауру – коррупция. Оны «бүкіл дүниежүзінде бар» деп ақталамыз. Болса бола берсін, дүниежүзінің жақсы жағын алайық, жаман жағын неге аламыз? Коррупциямен күресу керек. Бір ғана мысал айтуға болады, үйсіз-күйсіз жүрген қазақтар көп. Қара нан мен қара шайға қарап отырған қазақтар көп. Соның бәріне, Қазақстанның 20 миллион халқына 20 миллион коттедж салып беруге болады. Оларға, 20 миллионға, тіпті екі- үштен машина алып беруге де болады. Бізде сонша  байлық бола тұрып, неге кедейміз? Алтынның, мұнайдың үстінде отырып? Кедей болатынымыз, бізді құртып жатқан – коррупция.Бізде ақшаның бәрі шетелге кетіп жатыр. Кеше ғана айтты, ана «жұмақ аралдарын». Америкалықтар басты, журналистер қоймайды, оларға рақмет. Сонда аттарын, түстерін атап айтты ғой. Бұрынғы байларға жаңа байлар қосылып жатыр. Халық көріп отыр,-депті белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шолохов атындағы сыйлықтың Қазақстандағы тұңғыш иегері Сәбит Досанов «Айғақ» телеарнасына берген сұхбатында . Бұдан кейін ол тапқан-таянғанын шетелге жасырған байларға біраз ақыл айтыпты.   

Screenshot_7.jpg

-Өзің байсың. Балаң бай, немерең бай, жеті ұрпағыңа жететін байлық жинадың. Енді тоқтасаңшы!- дейді. 

Жазушының «Айғақ» телеарнасына айтқан сөздерін жуырда «Жас Алаш» газеті жариялады. Ақпарат құралдарында 2014 жылдан бері президент Нұрсұлтан Назарбаевпен құда деп есептелетін (жазушының інісі Ғабиттің ұлы Димаш президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі көрінеді)  Сәбит Досанов қазіргі қазақ қоғамындағы ахуалға осындай  диагноз қойып  біраз мәселені айтыпты.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты елміз 

«Тәуелсіздіктің 26 жылында жеткен табыстарымызға әлем таңғалды. Тарих үшін қас-қағым ғана уақытта ғасыр жүгін арқалап, әлемдік қоғамдастықтан ойып тұрып өз орнын алған Қазақстан бүгінгі биігіне оп-оңай жеткен жоқ. Көш бастаған көсемі кемеңгер, елі еңбеккер болғандықтан бір биіктен соң бір биікке ентікпей еркін көтеріліп, аңызды ақиқатқа айналдырып келеді...Өңірлік қана емес, өмірлік шиеленістерді де шешуге батыл қадам жасап, оң нәтижелерге жетіп келе жатқан Қазақстан өзінің  кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен «Нұрлы жолмен» аршынды адымдап, «Мәңгілік Елге» беттеп барады. Тарихтың дауылы мен жауынында, өрті мен дертінде, селі мен сергелдеңінде тапқанынан жоғалтқаны көп қазақ халқы дәл бүгінгідей бақытты болған емес. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы дәуір – Назарбаев дәуірі – дариға дәурен, көңіл шат, бақытты шақ!».

«Ғасыр мен ғарышты қатар игеріп келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның басты мақсаты Елбасы сөзімен айтсақ: «2050» мемлекеттік стратегиясын жүзеге асырудан толық көрінетін болады. Осы ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді межелеп отырмыз. Бұл – ұлт жоспары, қазақстандық арман...Қаламдас-тағдырлас аға дос, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Президентінің «Бейбітшілік, руханият сыйлығының» иегері, 88 жастағы абыз Насыр Юлдашұлы Фазылов айтқан: «Қазақстанға келсем ертегілер елінде жүргендей боламын» деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Бұл – іштен шыққан ішті сөз! Қазақстан Еріне Елі, Еліне Ері сай тәуелсіз мемлекет. Тарих үшін қас-қағым сәт – небәрі 26 жылда ұшқыр қиял ғана жететін асулардан асып, ғасыр жүгін арқалаудың сыры неде, құпиясы қайсы? Оған аз сөзбен жауап берсек, Ер мен Елдің тарихи ұлы жеңісі – Елбасының көрегендігі мен Елдің көл-көсір еңбек жемісі дер едік». 

-Сіз қайырымдысыз, Нұреке! Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ. Қайырымды жүрек қартаймайды. Қарттықтың ауылы әлі алыс. Елімізді бақытқа Өзің бастай бер! Бұл – халықтың арман тілегі!..

Бұл жазушы Сәбит Досановтың осы аптада елдің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде «Ел бақытының бас бағбаны, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы төрт толғау» деген тақырыппен   жарияланған бір беттік мақаласынан үзінді.  Әркім өзінің ой-пікірін еркін білдіруге құқығы бар елде қазір кім не айтпай жатыр дейсіз. Дегенмен атақ-даңқы бір басына жететін, кез-келген жазушыға бұйыра бермейтін сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың әр жолы әр баспасөзде әр алуан құбылып әр басқаша сайрап кеткенін көріп, аң-таң қалдық. Бұлайша аз ғана уақыттың ішінде елдегі ахуалға мүлдем бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі диагноз қойғанын екіжүзділік дейміз бе? Мұны  не деп бағалауды мәртебелі оқырманның өз еншісіне қалдырдық.  

Мақтау мен елдің мұңын айтып, шетелге кеткен байлықты жоқтаудың  жөні осы болғаны ма? Сәбит Досановтың екі баспасөзде айтқан сөздерін салыстырудан  кейін оқырманның екіұдай күйде қалары анық емес пе?! 

Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты елде ме, әлде коррупция жайлаған кедей елде ме? Сіз қалай ойлайсыз? Жазушы Сәбит Досановтың қай сөзіне сенеміз? 

Ауыл өлеңдері
Тәуелсіздікпен құрдас болғанымды мақтан тұтамын!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу