Маңғыстау аңыздары. Бекет

Oinet.kz 08-01-2019 1548

Маңғыстау аңыздар.jpg

Бекет 14 жасында: «Әке, мен білім жолын қусам ба деп едім, оны қалай көресіз»,— дейді.

— Талабың оң болсын, балам. Алдымен Шопан атаға түне, соның батасын ал, басына барып тағзым ет,— дейді әкесі.

Бірінші түн Шопан ата жас жігітке түсінде аян берген.

— Жас жігіт, өлі аруақ тіріге пір бола алмайтынын білмейтін бе едің, жолыңнан қалма, еліңе қайт.

Жігіт кете қоймай аялдай берген. Екінші түн ұйқысында да Шопан Ата аян берген, былай деген:

— Үргенішке бар, сонда Пақыр-Жаназа деген қасиет иесі бар, соны сағала, шырағым!

Бекет Пақыр-Жаназадан 7 жыл дәріс алады.

Бір күні пір шәкірттерін жинап алып: «Ал енді биылғы оқу аяқталуы жақын. Келесі жылға дейін жетерліктей етіп отындық ағаш жинап беріңдер,— дейді.

Шәкірттер қолдарына балта, ара ұстап орманға барып, ағаш дайындайды, әрқайсысы молырақ әкелуге тырысады. Ал, Бекет болса пәлендей көп емес, әбден қураған, жарамсыз ағаштарды әкеледі. Өзге шәкірттер оның қылығына мысқылдай қарап, күлкіге айналдыратын ниет білдіреді. Мұны пірге жеткізуге асығады.

Пір сыртқа шығып келтірілген отындарды қарап, шәкірттердің айтқаны дұрыстығына көз жеткізеді. Сөйтіп пір Бекеттен:

— Өзге шәкірттер әкелген отын ағаш әрі көп, әрі сапалы, ал сенікі аз, әрі кілең қураған болғаны қалай,— деп сұрайды.

Сонда Бекет:

— Мен қай ағашқа балта ыңғайласам-ақ болды «Жас едім, өркенімнің өскенін, жапырағымның жайылғанын армандап едім, балта жүзін аулақ қыла көр, адам» — деп кез жасын кел етеді. Жаным ашып, жазалауға, заялауға батпаймын. Өзегінен айрылған, омырылып түскен, әбден қурап қалғанын теріп уақытым текке кетіп, аз жинадым,— дейді Бекет. Пір атасы Бекетке ризашылық батасын беріпті.

Оқу аяқталар тұста Пақыр-Жаназа қасиетті аса таяқты шәкірттердің біріне тапсырайын десе, барлығы да дәмелі екенін байқатады.

— Олай болса,— дейді пір,— мына асаны мешіттің төбесінен лақтырып жіберемін, қайсың тапсаң асаға иелік етуге құқылысың.

— Жақсы!

Пір асасын жоғары лақтырып жібергенде шәкірттер сыртқа дүркірей ұмтылады. Мешітте тек бір шәкірт Бекет отырып қалады.

Пақыр-Жаназа шәкірт Бекеттен:

— Сен аса іздеуге неге ықылас білдірмедің? —деп сұрайды.

— Уа, ұстазым, әуелі Алла, қалды өзіңіз рұқсат етсеңіз қылығымның жайын айтып берейін.

— Рұқсат.

— Ол аса әзір таптыра қоймайды. Құдіреттің күшімен ол әлі ұшып бара жатыр. Түсер жеріне жете қойған жоқ, әрі ол тым алыс, шалғайда.

Пір ләм-мим деп ештеңе айтпайды.

Асаны іздеп, таба алмай үмітін үзген шәкірттер түгелдей жиналады, оқу аяқталып пір ұлықсатымен елдеріне қайтарылады. Ал, Бекет еліне кетуге асыға қоймайды.

— Шәкіртім, сен неге айналсоқтап жүрсің, мұнда енді не қарастығың бар?

— Сіздің жеке батаңызды, берер еншіңізді күтілумін.

— Е-е, онда жай қолыңды!

Пақыр-Жаназа зерек, ерекше қабілетті, қасиетті шәкіртіне ақ батасын беріп және қолына асыл тысты кітап, тымақ, балта ұстатып, өзінің бұйымын сұрапты.

— Мекен жайымның болғанын жақсы көремін.

— Шәкіртім, асықпа, артыңнан бір оғылан жіберемін. Ол саған кездескенше аса да табыла қоймас. Ал, еліңе кете беруіңе болады. Жортқанда жолың, Қыдыр ата жолдасың болсын!

Содан білім қуған Бекет Жем өзені бойындағы еліне келіп жетіпті.

Табынған Пір атасынан бата алған Бекет Ақмешітте мешіт салып, шәкірттерге білім беруге кіріскен. Сол тұста Бекет 21 жаста екен. Арада төрт жыл еткенде әкесіне:

— Әке, ұрпақтың көңіл көзін қараңғылықтан адалап, зердесіне білім қорын ұялату үлкен парыз, адамгершілік қарыз. Соны өтеудің ең ұтымды мүмкіндігін іздесем бе деп едім,— депті.

— Мақұл, ұлым. Пірден алған дәрісіңнің игілігін мұсылман ұрпағының зердесіне ұялата алсаң одан өткен бақыт болар ма?

— Рақмет, әке, Мен Маңғыстаудан Жем өрлеп, Көкжар базарынан қауышар, Орал бойына ұмсынып, Текенің базарында тоғысар ел көші өтетін, Үстіртті бойлап Хорезмге қол ұсынатын, суық күз жетісімен Маңғыстаудың қара ойына ағылатын жолдың кіндік тұсы іспетті Бейнеу бойынан мешіт тұрғызсам ба деп, пікір тоқтаттым.

— Ұрымтал тұсты тап басқан екенсің, ұлым. Өте дұрыс.

Сөйтіп Бейнеудегі жер асты мешітінің жұмысы басталып та кетті. Құрылысқа қол ұшын тигізбеген, ықылас ниетін танытпаған сол маңайда пенде болмапты. Содан да болар мешіт аз уақытта дейін болған.

Бейнеудегі Бекет ата салдыртқан бұл мешітте шәкірт қабылданып, қалың елге мұсылман дінін уағыздады. Бұл Бекеттің 28 жасқа толған жалынды, отты, жігерлі шағы-тын.

9. ...Бекеттің дәріс алған пірі Пақыр-Жаназа өзінің дарынды, қасиетті шәкіртіне берген сөзін орындап бір оғыланды баланы жіберген ғой. Бір ғажабы пір жіберген Оғылан Бекетке жақын келмей, пір сәлемін де айтпай қаша жөнелген. Ал Бекет оны қуа берген. Сол аралық жақындамаған қалпында оғылан осы күнгі Бекет ата мешіті тұрғызылған жерге келісімен көзден ғайып болған.

Бекет ата дәл осы жерді ерекше көңіліне алып қолындағы қара балтаны белгі ретінде қояды да жан-жағына барлай, бағдарлай көз салады. Міне, ғажап, шың етегінде шаншылып сонау бір сәтті күні Пақыр-Жаназа пір қолымен лақтырылған аса шаншылған қалпында көзге ұрады. Пір аманаты бойынша Бекет ата асаны алуға ниет қылып келсе, жанында бір қарт кісі отыр. Асаны басқа кісіге берер пейіл білдірмейді. Бұл асаның құдіреттің пәрменімен осында келіп шаншылғанына жетінші жыл. Менен өзге пенде мұны көрген, білген емес. Асылдың иесі менмін.

— Мұныңыз да жөн шығар. Ал, иесі болсаңыз асаны қолыңызға алып, игілігіңізге жаратпайсыз ба?

— Ғажабы сол, аса шаншылған орнынан міз бақпайды, суырылмайды.

— Олай болса, бұл асаны күші жетіп, суырып алған адам меншіктейтін болсын, соған сөз тоқтаталық.

— Жақсы.

Сіз үлкен кісісіз, әуелі Сіз суырыңыз.

— Бұрын да аз әлектенген жоқ едім, шырағым. Дегенмен Алладан пәрмен тілеп, тағы бір талап қылайын.

Қарт кісі асаны суырып алғысы келіп үш күн бойы жан сала арпалысқан. Әйтседе дегеніне жете алмай болдыртқан, ақылынан торыққан.

— Уа, ақсақал, маған кезек беретін боларсыз?

— Жеті жыл бойы көзімнен таса, көңілімнен аулақ қылмап едім.

Қарттың көңілі босап, жүзі жабырқау тартып, Бекетке кезегін берген. Бекет шаншулы асаның қасына барып

Алла сөзін айтқанда ол орнынан оп-оңай суырылып, қолда тұрады.

Қазіргі Бекет ата қасындағы ағып жатқан тұщы суды мөлдір бұлақ сол Пақыр-Жаназа пір лақтырған асаның суырылып алынған жерінен бастау алған.

Ал, қарттың көз жасы тамған екі жерден ащы сулы екі құдық пайда болған. Халық аңызы осылай өріледі. Ал шындықта бұл сулы орындар сақталып қалған, бағзы күйінде. Құдық суының ащы болуы қарт кісінің асаға иелік ете алмағандағы көз жасынан деп дәріптеледі. Шыңның бұл тұсының «Оғыланды» аталуы Пақыр-Жаназа пір жіберген оғыланның осы жерде ғайып болып кетуімен шендестіріледі.

10. «Оғыландағы» мешіт құрылысын салу, әрине, бір күннің, не айдың көлеміне сыймаған ғой. Құрылысшылар шоғыры оқтын-оқтын жаңарып отырған. Ал, ол жұмыстың басталғанынан аяқталуына дейін бір ғана кісі табан аудармастан, қабақ шытпастан еңбек еткен екен.

— Уа, әлеумет, мешіт жұмысы басталғалы қолынан құралы түспеген, белін көтеріп бойын жазбаған, ауырлыққа қабақ шытпаған, жалғыз кісі бар екен, жөні кім? — деп сұрапты Бекет.

— Бұл кісі Жеменей тайпасы, Бөкен тармағының азаматы Байсал. Жасы елудің төртеуіне келді. Жас жігіттерге тән төзімділік танытуының да бір сыры бар шығар.

— Е-е, олай болса көңіл-сырын алуына да, еліне оралуына да ықтияр — депті Бекет.

— Пейіліңізге құлдық, қасиет иесі— Бекет. Менің ойымды он саққа, көңілімді мың сакқа жүгірткен арман, үмітім бар, шетіне де, шегіне де жете алмай күйбең күйім бар. Сол көңілім медеу таппай тыныстар пейіл жоқ менде.

— Япырай, ә, мұның пендеге оңай соқпас жағдай болды-ау, ыңғайы. Саған деген ықтиярды ойланбай, сарап безбеніне тартпай бере салуға болмайды екен. Ісіңді жалғастыра бер, Байсал.

— Алланың рахымы жаусын Сізге!

Арада тағы да күндер өтеді. Байсал сол баяғы табан аудармас, қынжылыс білдірмес күйімен күн өткізе берген.

Бір күні бесін намазына жығылуды аяқтаған Бекет мешіт құрылысының басына келеді.

— Байсал, арман-үмітіңнің Алла Тағаладан зарыға күткен медеуіңнің не екенін сездім.

— Нұр жаусын, Сізге, Бекет Ата!

— Періште әумин десін. Осы кезге дейін сәбидің жөргек иісіне зар болған жайың бар екен. Жұбайыңыз да жас жағынан бірталайға келіп, тоқтасып қалған-ау өзі.

— Қапысыз танып білдіңіз, қасиет иесі Бекет!

— Байсал, сен енді бөгелме, еліне қайт. Құдірет иесінің көзіме көрсеткені, сезімімді сәулелендіргені бір перзент. Оның ұл, қыз екенін тіндеп жатқанымыз күпірлік болар. Перзентің ұл болып өмірге келіп жатса есімін Мыңкісі деп атарсың.

Бекен Байсал елге шат көңілмен оралады.

Уақыт күткен бе, заулап алға тарта береді. Байсалдың зайыбы жүкті болып, дүниеге ұл перзент келеді. Атысқан серт, алысқан қолдай болған түйін бар, ұл есімі Мыңкісі деп аталады.

Ұлыстың ұраны — Бекет Ата қасиеті, әруағында аян болып, сезімге өрілген перзент— Мыңкісі ғажайып сынықшы, жауырыны жерге тимеген палуан болған. Оның бұл табиғи қасиеті осы күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға жалғасып келеді.

11. Ел қамын жеген, өмірі ат үстінде еткен батырлардың бірі Бөгей Өмір қасиет иесімен құрдас, шынайы әзілдесетін теңдестердің бірі болған екен дейді.

Барымтада кеткен көп малдың хабары тиісімен Өмір батыр жолға шығады. Жолай Оғыландыда мешіт қашатып жатқан Бекет Атаға соғып, мән-жайдан хабардар етеді. Бекет танымал құрдасына бар қошемет сыйын аямайды. Аттанарынан бұрынырақ батырдан бұйым қызмет сұрайды. Сонда Өмір:

— Сұрар бұйымның олқы еместігін сезіп те тұрған шығарсың. Қасірет шеккен, қайғы тартқан, мұң ұялатқан халқыңа көмегің қайда? Еліңді, жеріңді қорғамасаң азаматтығың қайда? Осы жорыққа өзіңді ерте кетуді мақсат етіп келдім. Тұтқан медеуім, сүйенген сүйенішім өзің болар күн туды.

— Жолыңнан қалма, ілгерілей бер, барамын. Ойыңнан шығуға ниет етермін, батырым,— депті Бекет.

Бөгей Өмір батыр шағын шоғырымен барымташылар соңынан кете барған. Үмітсіз, сенімсіз емес, артынан аруақты Бекет жетер деген дәме бар.

Ол тұстағы дәстүр бойынша соғыс бастапқыда екі жақтың білекті, жүректі батырларының жекпе-жегімен басталады екен.

— Жекпе-жек!

Бес қаруы сай, мұздай темір құрсанған жау батыры найзасын білеп ат үстінде айқайды салып тұр: «Жекпе-жек».

Өмір батыр айылын қатайтып, қару-жарағын жасанып, қарсы жүріпті.

Қарсы жақтың батыры найзасын кезеп ілгері ұмтылып, Өмір Батырға жақын келгенде арғымағы омақаса сүрініп қолындағы найзасы қара жерге бойлай қадалыпты. Өмір батыр осынау көз ілеспес сәтте болған ойпаң-тойпаң қарбаласты қас қағымда пайдаланып үлгеріп бәсекелесін пәниден бақиға жол тартқызған деседі.

Қарсыластың қалың қолы қуғыншылар жобасы қандай екен деп шамалағысы келсе қарақұрым шаң аспанға көтеріліп, бейне үлкен тобыр ұмтылып келе жатқандай көрінген. Сонда барымташылар «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей бағыттарына жан ұшыра бытырай қашқан.

Өмір батыр азғана жауынгерлерімен жауды қалың қолының тоз-тозын шығарып малын елге қайта айдап, мерейі өсіп, бағы жанып, берекелі оралған. Әйтсе де көңіліне қоңылтақсу пайда болға. Өйткені, аруағы, көріпкелдігі, батырлығы жан баласына тең келмеген Бекет жорықтағы шайқас алаңына келіп үлгеремін деген уәдесінен шыға алмағандығы ойынан шықпай қойған.

«Сөзінде тұрмағандығын Бекетке айта кетейін, ел құрметіне тым мастанып, астамшылыққа аяқ басып бара жатқанын есіне салып, тәубесіне келтірейін»,—деп ойлапты.

— Ассалаумағалейкум, өтірікші Бекет,— дейді.

— Уағалайкумассалем, батыр Өмір. Жөніңе көш, таубадан жырақ кетпе,— дейді Бекет.

— Жолың оң болсын, кідірме, шайқас алаңына жеткенше өзім де үлгеремін деген уәдең қайда?

Бекет құрдасына күле қарап:

— Батыреке, мен бардым ғой. Қасыңнан қыл өтпестей қашықтықта тұрдым емес пе?

— Көрмедім ғой, куәгеріміз жалғыз құдай!

— Иә, дәл солай. Болғанымды, барғанымды, дәлелдейін батыр, асықпа! Саған жекпе-жекке шыққан Құбақай батыр ма?

Саған найза сілтер жерге жетпей жирен төбел омақаса құлап, найзасы жерге шаншылмап па еді, мен қасыңда тұрмасам оны қалай біліп тұрмын. Жауды қашырған, арттарыңнан ерген қою шаңды байқамап па едің? Мен ол шайқасқа бармасам оны қалай біліп тұрмын деген екен.

Өмір батыр аз күшпен көп жауды қалай жеңгенін сонда түсінген екен дейді.

"Маңғыстау Мұралары" кітабынан алынды.

М.Тазабеков: «Обалыма қалдың» деген айтыскерді кездестірген жоқпын»
Жас барыстар жарысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу