Параның түбі қорлық екенін түсіндірді
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының бас маманы Гүлмира Төлегенқызы саялы Сарыағаш ауданында болып, ауданға қарасты барлық мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізді.
1000-ға жуық аудан тұрғындарын қамтыған шараның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық мәселелерінің алдын алу, қоғамда сенім атмосферасын қалыптастыру және тұрмыстық жемқорлық көріністеріне жол бермеу.
Жиынға 14 мекеменің қызметкерлері, оның ішінде құқық қорғау органдары мен мәслихат депутаттары, аудан әкімі аппараты мен оның дербес бөлімдері, мемлекеттік кірістер мен статистика, кәсіпкерлер мен төтенше жағдайлар, жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Жастар, дін және этно-мәдени бірлестігі, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталығы, мектеп директорлары мен ата-аналар, сондай-ақ әскери бөлім мен медицина саласының қызметкерлері қатысты. Түсіндіру жұмыстары барысында Гүлмира Төлегенқызы Мемлекет басшысы Қ. Ж.Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Жолдауы мен басшылардың дербес жауапкершілігін жан-жақты түсіндіріп, парақорлыққа барған азаматтар ҚР Қылмыстық Кодексінің 366, 367 баптарымен жауапкершілікке тартылатынын атап көрсетті.
Сондай-ақ, Г.Төлегенқызы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал ететін бірқатар себептерді атап өтіп, пара алумен қатар, пара беруде ауыр қылмыс болып табылатынын жеткізді.
Жиында аудан тұрғындарына, соның ішінде ата-аналарға, ұстаздарға, мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға және ұсынуға болмайтындығы ескертіліп, адал қоғам қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.