Қос ауылға ауыз су берілді

Oinet.kz 12-10-2019 766

Screenshot_26.jpg

Отырар ауданы  Маяқұм ауыл округіне қарасты Қостерек және Қарақоңыр ауыл округіндегі Арыс елді мекендерінде таза ауыз су нысаны іске қосылып, ел игілігіне берілді. Әрқайсысының құны 165 млн. теңге болатын су жүйелері 1100-ден астам тұрғынды таза ауыз сумен қамтымақ. Екі нысанныңда құрылысын "Карат-Z" компаниясы жүргізіп, өз мерзімінде халық игілігіне беріп отыр. Ауыл тұрғындарының осы қуанышына арнайы барып, өздерінің ізгі тілектерін білдірген аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповты көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Аудан басшысы өз сөзінде "Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев 2011 жылғы халыққа арнаған Жолдауында 2020 жылға дейін елді мекен тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуді жүктеген болатын. Елбасы тапсырмасының бүгін ауданымыздағы екі елді мекенде орындалғандығының куәсі болып отырмыз. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады" ,- деп көпшілікті шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ аудан әкімі бүгінгі таңда аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылуы 93,6 пайызды құраса, алдағы уақытта су қорының анықталуына байланысты 100 пайыз орындайтындығын, сонымен қатар алдағы 2-3 жылда ауданымыздағы елді мекендердің барлығына табиғи газ құбырларын тарту жоспарланып отырғандығын ерекше атап өтті.

Көптен бері көкейде жүрген тілектері орындалған ауыл тұрғындары атынан Марат Тәңкішев пен Жақсыбек Жаппаров қариялар алғыс сезімдерін білдіріп, ақ баталарын берді.


Жолдаудағы міндетер орындалуда
Параның түбі қорлық екенін түсіндірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу