Жұмақ туралы тәмсіл
Итін ерткен жолаушы кедір-бұдыр соқпақпен ұзақ жүріпті. Өзі де, иті де әбден шаршаған екен. Аяқтарын әрең басып келе жатса, алдарынан бір қақпа шығыпты. Қақпаның арғы жағы құдды бір жерұйық сияқты. Әдемі гүлдер, сан алуан жеміс-жидек, сарқыраған мөлдір бұлақтар, құйқылжыта ән салған құстар, бір сөзбен айтқанда, нағыз демалыс осында сияқты көрінді. Бұған таңдана қараған жолаушы қақпа алдындағы күзетшіден:
— Бұл не? Қай жер? – деп сұрапты.
— Бұл – жұмақ. Сен өлілер мекеніндесің. Кел, жұмаққа кір, мұнда жақсылап демалуыңа болады, – депті күзетші.
— Онда су бар ма?
— Бар. Қалауыңша ішуіңе болады. Таза субұрқақтар мен салқын бассейіндер де бар.
— Ал тамақ ше?
— Жегің келгеннің бәрі осында!
— Жанымда итім бар еді. Оған...
— Кешіріңіз, мырза, мұнда итпен кіруге болмайды. Оны қақпаның сыртында қалдыруыңыз керек.
Күзетшінің бұл сөзін естіген жолаушы итін ертіп, ары қарай кетіпті. Алдарынан тағы бір қақпа шығады. Оған қараса, әлдебіреудің үлкен қожалығына ұқсайды. Қақпа алдында күзетші отыр.
— Шөлдеп келемін, ішетін су ма? – деп сұрайды одан.
— Кіріңіз, аулада құдық бар.
— Ал, итім ше?..
— Құдықтың түбінде итаяқ жатыр...
— Ал тамақ бар ма?
— Кешкі асқа шақыра аламын...
— Итім ше?
— Оған сүйек табылады, уайымдамаңыз.
— Ал бұл қандай жер?
— Бұл жұмақ.
— Қалайша? Біз осында келе жатып, жақын маңнан бір қақпаны көргенбіз. Алдында тұрған күзетші ол жұмақтың қақпасы екенін айтып еді.
— Ол өтірік айтқан. Ол жер – тозақ.
— Қалайша? Олардың бұл өтірігіне, жұмақтағылар, қалай шыдап жүрсіздер?
— Олардың өтірігінің бізге тигізер пайдасы жоқ емес. Жұмаққа жанындағы досын сатпайтын, адал адамдар ғана жетеді.
Достыққа берік, адал болыңыздар, құрметті оқырман!
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: elims.org.ua