Адалдыққа бастайтын жоба
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің бастамасымен, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бүкіл Республика көлеміндегі барлық оқу орындарында бірыңғай «Адалдық сағаттары» өтіп жатыр. Жалпыреспубликалық бірыңғай «адалдық сағаты» Келес ауданындағы білім ошақтарында оқушылар мен студенттердің қатысуымен, аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігініе қарасты бөлім басшылары тарапынан баяндама жасалып, кең көлемде өтті.
Атап айтсақ Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Қошқарата ауылдық округінде орналасқан №23 «1 – мамыр» орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, білім күнінің алғашқы сабағында Адалдық, Парасаттылық, Әділдік және Сенім құндылықтарын насихаттау мақсатында «Адалдық сағатын» өтті. «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» немесе «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» негізімен өтіп жатқан адалдық сағатында аудан басшысы өскелең ұрпаққа Жемқорлық – індет, оның алдын алу міндет тақырыбында сөз қозғап, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіретіндігін, осы орайда, Отанымыздың негізін қалаушы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің әрбір Жолдауында осы індеттің алдын алудағы мемлекеттің басты бағыттарын айқындап отыратындығын атап өтті.
Өскелең жас ұрпақтың тәрбиесіне адалдық пен парасаттылық қасиеттерін дәріптеуге үлес қосып отырған Агенттік ұстанымы жастар үшін маңызды бастама. Адалдық, Парасаттылық, Әділдік және Сенім құндылықтары, бұл қасиетті ұғымдар қазақ болмысына жат емес. Ғасырлар бойы қазақ хандарының билігін, елдің тұтастығын сақтаған Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы және Тәукеханның Жеті жарғысы да осы құндылықтармен түбірлес. Қазақ қоғамында қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелерінің әділдігі, Отанға және отбасыға деген адалдық, жаратушыға деген сенім халқымыздың осы дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарымен қамтамасыз етілді.