Арбат – қалаға ажар кіргізді
Күн сайын ажарына көрік қосып келе жатқан Түркістан қаласы жақында тағы бір демалыс орнымен толықты. Шаһарда атына көркі сай жаңа Арбат ашылды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қалалық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдіханов Әбдіқадыр қатысты.
Арбат демалыс орны халыққа жайлы әрі көрікті жерлердің бірі болмақ. «Күні бүгінге дейін, шаһарға байланысты қаншама мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаралар қаралып, Президентіміздің тікелей қамқорлығымен көз тоярлық игі істер атқарылып келеді. Қаншама түрік тілдес ұлт өкілдерінің де бір үйдің адамдарындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығы баршамызды қуантады", деді жиналған қауым алдында сөз алғаноблыс басшысы. Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта осы сияқты жиырма шақты гүлзарлар мен спрот алаңдары ашылады.
Салтанатты кешке келген халық әртүрлі музыкалық асаптарда ойнаған музыканттар мен актерлердің өнерлеріне тәнті болды. Арбаттың атмосферасын көрсететін әлемдік, қазақстандық авторлардың музыкалық шығармалары, струнный квартет және саксофанист, күйші домбырашылар, Абайдың өлеңдерін, Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерін оқып отырған актерлер, сурет салып отырған суретші мен ақ жаулықты әжелерге дейін осы салтанатты кештің ажарын ашты. Жобаның құны – 99293,0 мың теңге. Жалпы аумағы – 0,15 га, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жері тегістеліп, бетон қабаты құйылды және 2600 м2 гранит тас төселді. Сонымен қатар 145х10 метр металлоконструкциялық ферма (аспалы метал құрастырылым) қойылып, түрлі - түсті шамдармен жарақтандырылған.