Шөкеев сүт фермасының кірпішін қалады
Кентау қаласында жылына 4500 тонна экстра класты сүт өндейтін сүт фермасы ашылмақ. Өндіріс орнының алғашқы кірпішін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі қалады. Аталмыш цех Кентау қаласы Шаға ауылында 2020 жылы іске асады деп күтілуде. Жобаның құны 3 652,6 млн.тг. Ашылатын тұрақты жұмыс орны 100 адамды құрамақ.
Кірпіш қалау рәсімінің соңы шаруалардың басын қосқан ауқымды семинарға ұласты. Жиынға ҚР АШМ өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, ғылыми институттар басшылары, ғалымдар, басқарма басшылары, аудан/қала әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жиында әр аудан/қаладан әкелінген өнім түрлерінен көрме қойылып, Түркістан қаласы азық-түлік белдеуі шеңберінде, су нысандары бойынша іске асырылып жатқан жобалар мен ауыл шаруашылығы саласы көрсеткіштері таныстырылды.
Семинар-кеңестің ашылуында сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Үкімет тарапынан бекітілген «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында өңірде аграрлық салаға үлкен басымдылық беріліп отырғандығын атап, бұрын Түркістан жасыл желекті қала болған, соны қалпына келтіруіміз керек. Сондай-ақ демалыс аймақтарды көбейтіп салуымыз қажет-деді. Республикалық семинар-кеңесте жаңа технологияларды қолданып, бүгінде мол өнім алған шаруалар өз тәжірибелерімен бөлісті. Шаруалардың басым көпшілігінде су мәселесі өзекті болғандықтан, облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі таңда кешенді жоспар аясында ағын су мәселелерін шешеу мақсатында жалпы құны 29,3 млрд.тг құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталған. Жалпы аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі ұлғайып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарылмақ. Мәселен, Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырымда азық-түлік белдеуі 2 кезеңде интенсивті технологияларды қолдана отырып және ғалымдардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда кешенді жоспар бойынша жалпы құны 63 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде жыл сайын қосымша 30 млрд.теңге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2500 астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.