Тамара Дүйсенова тапсырманы жүре тыңдайтын министр ме?

Oinet.kz 30-07-2019 949

 30713.jpg

Түркістандағы №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы науқастардың құрт ауруына шалдығу оқиғасынан кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы  арнайы мекемелердегі ауруларды жаппай тексеру жұмыстары басталды. Естеріңізде болса, өткен аптада Шымкентте брифинг берген Денсаулық сақтау вице-министрі Цой Алексей, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин жоғарыда аталған мекемедегі 502 науқастың 61-інен құрт дерті анықталғанын, үш науқастың қайтыс болғанын мәлім еткен еді. Соңғы мәліметтер бойынша тубуркулезді жұқтырғандардың саны 65-ке жеткен.  Мұнымен де тоқтамайтын түрі бар. Апта басында Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев өз тараптарынан атқаралып жатқан жұмыстарды журналистерге баян етті. 

 Түркістандағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы науқастардың адам аярлық жағдайы былтыр әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Оған дейін есімі көпшілікке таныс болып үлгерген  Маржан Тұрлыбай «Ақыл-есім дұрыс болса да, осы мекемеде мәжбүрлі түрде  емделіп жатырмын» деп шырыл қаққаны да газет-телеарналарда айтылды. Дау-дамай үдеп бара жатқан соң сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың тапсырмасымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын бастаған. Тексерудің қорытындысын былтыр қарашада облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары өткізген брифингте жария етілді. Басшылар «мекемеде науқастар дұрыс тамақтанбайды, туберкулездің ашық түрімен ауыратындар басқа науқастармен бірге жатады» деген фактілердің расталмағанын мәлімдегені есімізде қалыпты. Тіпті жалпақ жұртқа жария етілген суреттер әлдебіреулердің ықпалымен қасақана  ұйымдастырылған дегенді де айтқан. Арада міне, үш ай өтісімен осы мекемеден науқастардың жаппай құрт дертіне шалдыққаны анықталып отыр. Сонда Тасмағамбетов берген тапсырмаға Тамара Дүйсенова басқаратын министрліктен келген комиссия кемшіліктерге көз жұма қараған ба, жүре тыңдаған ба? 

Біздің осындай мағынадағы сауалымызға Мұқан Егізбаев:

-Комиссия келіп тексергені рас. Бірақ тексеру түбіне дейін жетпеген,-деп қысқа қайырды. Егізбаевтың сөзді қысқа қайырып мән-жайды неге толыққанда нақты айтпай отырғанын да түсінуге болады. Өйткені Түркістандағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы денсаулық сақтау басқармасына бағынысты мекеме емес. Тіпті осындағы науқастардың денсаулығына жауапты 12 штаттан тұратын дәрігерлерге де құзырлары жүрмейді. Жабық мекеме болғандықтан мұнда кірудің өзі де заңмен шектелген. Дегенмен басқарма тарапынан жүргізілген тексерудің нәтижесінде  қазіргі уақытта Түркістандағы медициналық мекемелердің басшылары, қатардағы дәрігерлер жұмыстан кеткен және қызметінен төмендетілген. Алайда бұл аурудың өршуіне тікелей кінәлілер осылар деген сөз емес. Тікелей кінәлілер туралы әңгіме әлі алда. Олар жауапты басқа жағдайда беріп,  жазаны сот үкімімен алуы әбден мүмкін. Дегенмен Мұқан Егізбаевтың айтуына қарағанда  қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазып, арнайы мекемелердегі медицина қызметкерлерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының қарамағына беру туралы ұсыныс жолданыпты. Яғни кінәнің бір ұшы жүйеге, яғни құрылымдардың жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмауға да барып тірелетін сияқты.      

Енді аурудың  алдын алу, науқастарды емдеу шараларына тоқталсақ. Егізбаевтың айтуынша, басында құрт дерті жеті науқастан анықталған. Бұл факті денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жүргізілген  профилактикалық тексеру кезінде белгілі болған. Басқарма  Денсаулық сақтау министріне, облыс әкіміне, прокуратуаға  хат жазып, арнайы штаб құрылған. Аурулардың саны көбейген соң оларды оқшаулау үшін Сарыағаштағы тубуркулезге қарсы диспансеріне ауыстырылған.  Қазіргі уақытта 65 науқастың бірнешеуі Сайрамдағы туберкулезге қарсы диспансеріне, облыстық психоневрологиялық диспансеріне және облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне жатқызылған.  Қалған 56 науқас Арыс қаласындағы туберкулезге қарсы мекемесінде тиісті емін қабылдап жатыр. 

-Мұндай санаттағы науқастарды емдеудің өзіндік талаптары бар. Олардың жататын бөлмелердің терезелері торланған, электр құралдарын қосатын құрылғылар болмауы тиіс. Бұл талаптардың бәрі қысқа уақытта орындалды,-деді Мұқан Егізбаев. 

Ал Сарыағаштағы  туберкулезге қарсы диспансерінің ғимаратына қазіргі уақытта Түркістандағы әлеуметтік орталықтан тағы 75 науқас жеткізілген. Алайда бұларды құрт дертімен науақстанған деп айтуға болмайды, Олар тек иммунитеті әлсіреген, осы дертпен науқастану қаупі жоғары, медицинаның тілімен айтқанда «нольдік топқа» жататын азаматтар. Олардың барлығы дәрігерлердің қатаң бақылауына алынған. 

Түркістандағы жағдайдан кейін денсаулық сақтау басқармасы  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 6 арнайы  мекемелердегі науқастарды да құрт дертіне тексеруден өткізген. Нәтижесінде Төле би ауданындағы психоневрологиялық мекемесіндегі 7, Шымкенттен 2 науқастың туберкулезбен ауыратыны анықталыпты. Енді облыс әкімінің тапсырмасымен білім басқармасына қарайтын тіл, көз кемістігі бар балалар тәрбиеленіп жатқан 22 мекемені тексеру басталмақ. 

Жалпы Оңтүстікте қауіпті аурулардың жаппай өршуі бұған дейін де кездескен. Оңтүстікқазақстандық сәбилердің жаппай ВИЧ дертіне шалдығуын айтпағанда, осыдан 5-6 жыл бұрын өңірде қырым қанды безгегі бірнеше науқастың өмірін қыршын кетірді. Қайтыс болғандардың арасында науқастың өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер де болған. Кем-кетік осы оқиғалардан кейін жөнделді. Кенеге қарсы дәрілеу шараларына бұған дейін бюджеттен бір тиын бөлінбей келгені де осы кезде айтылған. Адам өліп жатқан соң құзырлы органдар қойсын ба, өз қызметіне салғырт қараған біраз ақ халаттылар сотталды. Мына жағдайдан кейін не боларын алдын ала айту қиын. Бірақ бір белгілісі, прокуратура алғаш жеті ауру анықталған кезден-ақ тексеру жұмыстарын бастап кеткен. Ақырын күтейік. 

Айтпақшы  Түркістандағы №4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тікелей бағынатын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс беріліп, оның осы салаға жауапты орынбасарының қызметінен босатылғалы жатқаны туралы ақпарат түсті. Бұл салада да біршама қызметкердің басына бұлт үйірілмек. Алдағы уақытта қатаң сабақ болуы үшін  шенеуніктердің жауапкершілігін қарау, жазаға тарту шараларуы мұнымен шектелмейді-ау... 

Апта басында өткен жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жұқпалы аурудан үш науқастың  көз жұмуы өте қайғылы оқиға екендігіне тоқталып, кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге қатысты тексеру тағайындалғанын жеткізді. Келеңсіз жағдайға байланысты Түркістандағы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің басшылығы жұмыстан босатылған.

- Тексеру нәтижесінің қорытындысына орай тағы да шара қолданатын боламыз, -деді Жансейіт Түймебаев. Ал облыстағы әлеуметтік мекемелердің жұмысына тікелей жауапты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның әзірге тырс еткені байқалмайды. Түк болмағандай.  

 Әйтеуір жақсы болмай тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министр Тамара Дүйсенова уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары қызметін бір емес екі қайтара атқарды емес пе? Өңірдегі әлеуметтік мекемелердің жағдайын бес саусағындай білетін екі маман болса, соның біреуі Тамара Қасымқызы еді. Тасмағабетовтың тапсырмасына жүрдім-бардым қараған оған шара қолданылады ма? 

Мұрағаттан, 2017 ж

Түлкібасқа Нұрбол Тұрашбеков әкім болды
Айсұлтан Назарбаев: «Сын айту – «кәсіби оппозиционер» болуды білдірмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу