Қазақстан басқа елдерден әкелінетін контрафактілік тауарлардың салдарынан үлкен шығынға ұшырауда
Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Қазақстанға басқа елдерден жеткізілетін контрафактілік тауарлар мәселесін көтеріп, үкімет шекарадан тауар өткізу саласындағы қайшылықтарды түбегейлі жою керектігін айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Қазақстан басқа елдерден әкелінетін контрафактілік тауарлардың салдарынан үлкен шығынға ұшырауда. Әкелінетін тауар туралы қазақстандық және шетелдік ақпарат арасында алшақтық бар. Бүгінде біздің нарығымызда растаушы құжаттар жоқ. Шығу тегі түсініксіз, қолдан жасалған тауарлар өте көп екені құпия емес", - деді депутат мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, бұл тоқыма өнімдері, косметика, тұрмыстық техника, байланыс құралдары, жеміс-жидек пен көкөніс, және тағы басқа.
"Олардың көбі адамдардың денсаулығына зиянды екені анықталып жатыр. Бұл тауарларды кедендік рәсімдеу саласында проблемалар барын көрсетеді. Өкінішке қарай, қолданыстағы тәртіп импорттаушыларға сертификаттау рәсімін өтпеуге мүмкіндік береді. Ал бұл елге сапасыз, сұр тауарлардың келуін арттыруда. Мұндай жағдай неліктен осы күнге дейін орын алып отыр деген сұрақ туындайды. Бұл, бірінші кезекте, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мәселесі. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке қомақты қаражат толығымен түспей жүргенін де үнемі айтамыз", - дейді Өксікбаев.
Омархан Өксікбаев 2015 жылы үкіметтің алдына Ұлт жоспары аясында қойылған міндеттемелер іске аспай жатқанын алға тартты.
Экпорттаушылар мен импорттаушылар үшін кедендік рәсімдерін өту кезінде "бір терезе" қағидатын енгізу, электронды декларациялау жүйесін дамыту, кеден және салық жүйелерін интеграциялау, Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз құру және тағы басқа.