Демократияның дамуын Әбдірахымовтың оралуымен байланыстыруға бола ма?

Oinet.kz 19-09-2019 1355

20190316181626.jpg

Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов үшінші мегаполиске үшінші мәрте әкім болып тағайындалуы мүмкін. Қазір елдің арасында осындай әңгімелердің гулеп тұрғаны рас.  

Әй, қайдам, бір өңірге қатарынан үш рет әкім болып тағайындалу мықтылардың мықтысының да маңдайына жазыла бермейді ғой. Оның үстіне Әбдірахымовтай биліктің қарызға берген «сенімін» тауысып қойған адам енді әкімдік түгілі мемлекеттік қызметтің де маңына жоламауы тиіс еді. Алайда Әбдірахымов билікке қайтып оралды. Бар-жоғы араға бір жарым ай салып, Үкіметте кеңесшіліктің креслосына отырды. Осыдан кейін Әбдірахымовты мықты демей көріңіз. Мәссаған! Күні кеше Ақорда қара есекке теріс мінгізгендей масқаралап, орнынан босатқан Әбдірахымов бар-жоғы бір жарым айдан кейін Үкімет басшысының «зың кеңесшісі» болып тағайындалды.   Енді Әбдірахымовқа қатысты кез келген болжамға сене беруге болатын сияқты.

Ғабидолла Рахматоллаұлының премьер Маминге кеңесші болып тағайындалғаны туралы мәлімет Үкіметтің сайтында өткен жұма күні кешкісін пайда болды. Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев Шымкент қаласының әкімін қызметінен алар кезде Әбдірахымовтың биліктің артқан сенімін ақтамағанын, оның әрекеттерінің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымына қайшы келетінін айтқан еді. Әбдірахымовты өзіне кеңесші етіп тағайындау туралы өкім шығарған Үкімет басшысы Асқар Маминнің әрекетін енді Тоқаевтың ұстанымына қайшы емес деп кім айта алады? Президент кеше олай дейді, премьер бүгін бұлай дейді. Бұл не? Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысы арасындағы пікіралуандық па? Әлде Әбдірахымовтың билікке оралуын демократияның дамуымен байланыстыруға бола ма? Жо-жоқ, мүлдем олай емес сияқты. Бұл қос өкімет арасындағы алауыздықтың, әрқилылықтың дәлелі емес пе?   Әбдірахымовтың қызметі кеңесшілікпен де шектелмеуі мүмкін. Күні ертең оның «зың министр» болып кетпесіне кім кепіл?  Әбдірахымов әлі де дәурендейді. Бүгін өзіне жоғарыдан мысқылдап қарағандардың қызметтік тағдырын ертең Әбдірахымовтың өзі шешпесіне кім кепіл?

Әбдірахымов кеңесші болардың қарсаңында Шымкент қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Ерлан Айтахановтың төрағалығымен алқалы жиын өтті. Жиынның күн тәртібіне «зың әкімнің» кезіндегі кемшіліктер қойылды.   

- Қала басшысы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерін сынға алып, орындаушылық тәртіптің өте төмен, сын көтермес деңгейде қалғандығын ашып айтты,- деген хабар таратты  Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.  

Әкімдіктегі жауапты басшылардың салғырттығынан Шымкент қалалық әкімдігінде  бірқатар жобалардың іске асырылу мерзімі кейінге шегерілген. Биылғы жылға арналған бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 6458,2 миллион теңгесі ақтауға келмейтін себептермен қысқартуға ұсынылған. Оның ішінде 5052 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың обалы басқармаларға тиесілі екен. Басқарма басшылары өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармаған. Ал қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылау жасалмаған. Соның салдарынан мемлекеттік сатып алу конкурстары жыл ортасына дейін созылған. Ақыр аяғында игерілмеген қаржы қысқартылған. 

Шымкенттің  солтүстік-батыс бөлігіне жүргізілуі тиіс инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту жобасына қаралған 1 116,9 миллион теңгенің 522 миллион теңгесі, яғни жартысы қысқартуға жолданған. Мәссаған, шаһарда қаншама елді мекен ауызсусыз, газсыз, жолсыз, жарықсыз отырғанда қалалық әкімдік инфрақұрылымға бөлінген қаржыны игере алмай кейін қайтарған.

Шымкент қаласының білім саласы бойынша 2410,1 миллион теңге қысқартуға ұсынылған. Мұның да себебі сол - тендер кеш өткізілген. Соның салдарынан қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, «Асар-2» шағынауданының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептен қағылған. Енді бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімдері кейінге шегеріледі. Айтпақшы, Шымкентте тендерге қатысты дау-дамайлардың, гу-гу әңгімелердің кейінгі кезде үдеп кеткені рас. Жергілікті компаниялардың жылда алып жүрген тендерлерін елордадан, Әбдірахымовтың артынан келген компаниялардың тартып алғаны туралы әңгімелерді негізсіз деуге болмайтын шығар. Әйтпесе, басшылардың тендерді кеш өткізіп, теп-тегіс жерде сүрінуі мүмкін бе?    

Ерлан Айтаханов жиын барысында бұдан былай бюджеттік өтінімге енген әрбір жоба бойынша басқарма басшылары жеке-дара жауап беретінін айтты. Ерлан Айтаханов бұған дейін Шөкеев қолданған тәжірибе бойынша 2020 жылы қаладағы төрт ауданның әкімдеріне 1 миллиард теңгеден қаржы бөлмек. Осы қаржы арқылы әкімдер шалғайда жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын шешуге мүмкіндік алады.   

Айтпақшы, Әбдірахымов әкімдік қызметтен кеткен соң шымкенттік атқамінерлер басқаша сөйлей бастады. Естеріңізде болса, биыл маусымда Шымкентте  «Shymkent bus» муниципалды автобус паркі құрылды. Әбдірахымовтың өзі қатысқан шарада паркке 300 автобус салтанатты жағдайда тапсырылды. Әкім жыл соңына дейін 700 автобус әкелуге уәде берген. Әбдірахымов кеткен соң автобустарды әкелудің тиімсіз болғаны, соның салдарынан қазір парк қыруар қарызға батып қалғаны айтыла бастады. Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, 700 автобус биыл келмейді. Ендігі жоспар- келесі жыл.  

Әй, қайдам, атқамінерлер келесі жылы да басқаша сөйлеп жүрмесе деңіз.  P.S Кеше кешкісін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин басқа жұмысқа ауысына байланысты қызметінен босатылды. 

Оның орнына Қырымбек Көшербаев келді. Көшербаевтың Президент Әкімшілігіндегі дәурені үш айға да жетпеді.  Қырымбек Көшербаевтың орнына Президент Әкімшілігінің басшысы болып Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов тағайындалды. 

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

"Рейтинг" газеті, №36, 19 қыркүейек, 2019 ж

Ислам Әбішев кланаралық кикілжіңнің құрбаны ма?
Мемлекет басшысы «оралман» сөзінен бас тартуды ұсынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу