Мұхтар Тайжан: «Олар тек мемлекеттің ақшасын жеп жатыр»
2020-2022 жылдарға арналған бюджетті талқылау кезінде қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларға деген наразылығын жеткізді.
«Бүгін мен де қапа болып отырмын. Осымен бюджетті талқылауға екінші рет қатысып отырмын. Мен бір қорытындыға келдім. Бізде экономикалық саясат еш өзгерген жоқ. Демек, осы саясаттың нәтижесі де өзгермейді», – деді Мұхтар Тайжан парламентте өткен жиында.
Оның айтуынша, осы жолы тағы бюджеттен жүздеген миллион доллар квазимемлекеттік секторды, яғни «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың жарғылық капиталын толықтыруға қарастырылып отыр.
«Біз квазимемлекеттік секторды жаппай азайтуымыз керек. Квазимемлекеттік сектор дегенміз не? Ол – ҚазАгро, Самұрық, Бәйтерек, Даму, Аграрлық кредиттік корпорация. Осы әрбір холдингтің жүздеген шағын компаниясы бар. Олардың 90 проценті – банкрот. Олар тек мемлекеттің ақшасын жеп жатыр. Басқа пайда жоқ. Ақшаны жеп жатқаны былай тұрсын, экономикада жеке сектордың дамуына жол бермей отыр», – деп атап көрсетті Мұхтар Тайжан.
Экономиканы дамыту үшін алдымен квазимемлекеттік сектордағы пайдасыз компаниялардан құтылу қажеттігін айтқан қоғам белсендісі осол арқылы жеке секторларды, яғни шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін алға тартты. Ал бизнес дамымаса, жұмыс орындары құрылмайды.
«Жекеменшік банктерге көмек беруді тоқтату қажет. Соған біздің біраз ақшамыз кетіп жатыр. Содан экономикамыз да дамымай келеді», – дейді Тайжан.