Таразда экс-полицейлерге қатысты атышулы іс қаралуда
Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық дауына байланысты аты аталған жоғары лауазымды полицейлер ісі сотқа жетті, деп жазады Оinet.kz.

Тараз қалалық соты Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары мен Талас аудандық полиция бөлімінің экс-басшысына қатысты қылмыстық істі қарап жатыр.
Айыпталушы Жайдарбек Құттыбаевқа ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Ал оның қарамағында қызмет еткен Еркен Абаев пара алу және қылмысқа қатысу баптары бойынша жауапқа тартылуда. Іс бойынша жәбірленуші ретінде полицияның бұрынғы қызметкері Дархан Уәлиев танылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, Өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері Құттыбаевтан қызметтен өз еркімен кету туралы рапорт жазуды талап еткен. Ол бұдан бас тартқаннан кейін алаяқтық күдігіне ілінген. Біраз уақыт бойы бой тасалап жүрген Еркен Абаев кейін бұрынғы әріптестеріне өз еркімен берілген.
Бұл оқиға өткен жылдың күзінде басталған еді. Сол кезде шуға байланысты Бақытжан Малыбаев қызметінен кеткен. Ал Ержан Сәденов құқық қорғау органдарында сатқындарға орын жоқ екенін мәлімдеп, қатаң позиция ұстанатынын жеткізген болатын.


