БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіреді. Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне не үшін мүше болды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Довоста өткен қол қою рәсіміне Қазақстан Президентімен қатар 18 елдің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ жоғары лауазымды өкілдер қатысты.
Бейбітшілік кеңесі — үкіметаралық ұйым болып табылады. Оның құрылуы АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен жүзеге асқан және 2025 жылдың қараша айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған Газа секторындағы бейбітшілік жоспары аясында ұсынылған. Алғашқы кезеңде ұйымның негізгі міндеті Газа секторын басқару және қалпына келтіру процесін үйлестіру ретінде белгіленген. Алайда кейіннен АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Кеңестің мандаты кеңейтіліп, өзге де қақтығыс аймақтарын қамтитынын мәлімдеді.
Дональд Трамп ұйымның Біріккен Ұлттар Ұйымымен бәсекелес емес, керісінше, онымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті. Соған қарамастан, бірқатар батыс елдерінің көшбасшылары мен сарапшылары Бейбітшілік кеңесін Трамптың жеке саяси беделін нығайтуға бағытталған «имидждік жоба» (vanity project) деп сипаттап, оны БҰҰ-ның халықаралық беделіне нұқсан келтіру әрекеті ретінде бағалайды.
Кеңестің ең даулы ерекшеліктерінің бірі — жарнаның енгізілуі. Ұйымда тұрақты мүше мәртебесін алу үшін мемлекеттер 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржылық жарна төлеуі тиіс. Бұл қаражат «Қалпына келтіру қоры» арқылы басқарылып, дипломатиялық және инвестициялық жобаларды іске асыратын негізгі органның қызметіне бағытталады. Ал жарна төлемеген мемлекеттерге үш жыл мерзімге ротациялық мүше мәртебесі ғана беріледі.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, ұйымның жарғысы Дональд Трампқа 2029 жылы оның президенттік өкілеттігі аяқталғаннан кейін де Кеңес төрағасы (Chairman) қызметін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл норма аталған лауазымды іс жүзінде өмір бойына иеленуге жол ашуы мүмкін деген сынға ұшырап отыр.
Бейбітшілік кеңесінің ресми құрамы 2026 жылдың 17 қаңтарында жарияланды. Ал 21 қаңтарда Ресей Президенті Владимир Путин Дональд Трамптан Кеңеске қосылу жөнінде жеке шақырту алғанын растады. Ол Ресейдің АҚШ әкімшілігі тарапынан бұрын бұғатталған активтерінен 1 миллиард долларды Бейбітшілік кеңесінің қорына аударуды ұсынғанын мәлімдеді.
Жалпы алғанда, Бейбітшілік кеңесінің құрылуы халықаралық қатынастар жүйесінде жаңа әрі даулы институттың пайда болғанын көрсетеді. Оның болашақтағы рөлі, БҰҰ-мен өзара байланысы және нақты қақтығыстарды реттеудегі тиімділігі уақыт өте келе айқындала түспек.
Бебітшілік келісімін Еуропаның жетекші елдері (Франция, Италия, Ұлыбритания, Швеция, Украина) бұл кеңеске мүше болудан бас тартқан Аталған елдер басшыларының ойынша, Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ның орнын алмастыруды жоспарлап отыр.


