Тағы бір «акуланың» соты басталды: Исаховтың сотталуына себепкер болған Сарбасов еді
Шымкентте тағы бір шулы сот отырысы басталды. Қазір қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің ісі қаралуда.
Түркістанның бас мұғаліміне пара алды, алаяқтық жасады, пара беруге айдап салды деген айыптар тағылған. Жуырда аталған сот антикордың Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары лауазымын атқарған Дәуренбек Қожабаевты пара алды деген айып бойынша 11 жылға соттаған еді. Енді міне, сотқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Манат Сарбасовтың ісі түсті.
Халықтың құқығын қорғап, әділдікті қамтамасыз етеді деген орган басшыларының шетінен сотталып жатуы қайбір жақсылық дейсіз. Манат Сарбасовтың қамауда отырғаны бұған дейін белгілі болған. Ол былтыр Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың сотында басты куәгер ретінде жауапты түрмеден онлайн берген. Тергеу органдарының жасаған тұжырымы бойынша Исахов қылмыстық істі жабу үшін М.Сарбасовқа 200 мың доллар пара берген. Осы айып бойынша Исахов мамырда 8,5 жылға бас бостандығына айыру жазасына кесілген еді. Сарбасовтың өзі қанша жылды арқалауы мүмкін?
Әрине, Сарбасовтың ісіне үкім шықпай жатып, төрелік айтудан аулақпыз. Дегенмен белгілі журналист Михаил Козачковтың әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, Сарбасовтың ісі бойынша бес адам сотталып жатыр. Іс пара алды, алаяқтық жасады, пара беруге айдап салды, қызметтік әрекетсіздік сияқты айыптар бойынша жүруде.
Істің кейбір мән-жайына қарағанда, Сарбасов Шымкентте жекеменшік мектебі бар жергілікті кәсіпкер әйелге қамқорлық көрсетіп, одан ай сайын 2,5 млн теңге алып отырған көрінеді. Алайда 2021 жылы антикор кәсіпкер әйелдің қылмысын әшекерелеп, оны соттап жіберген. Осыдан кейін ол өзіне ешқандай көмек көрсете алмаған Сарбасовтан 70 миллион теңгені қайтаруды талап еткенге ұқсайды. Сарбасов ақшаның бір бөлігін қайтарып берген. Қайтарылған ақша негізгі айғақ ретінде тіркелген дейді. Бұл істің тағы бір эпизоды Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағы тендермен байланысты көрінеді.
Айтпақшы, Жұмашев пен Сарбасовтың істерінде біраз ұқсастықтар бар. Мұның бәрін уақыты келгенде, үкім шыққаннан кейін таратып жазатын боламыз.