Нұралхан Көшеров: Қызметкерлердің заңсыз әрекеттері үшін тікелей бірінші басшы жауап береді

Oinet.kz 27-03-2025 835

486794845_979892124329689_2352062328311003579_n.jpg 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, құқық қорғау және мемлекеттік орган басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.

Заң мен тәртіпті нығайту мақсатында өткен мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, оны шешу жолдары қаралды. Атап айтқанда, облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды. Сонымен бірге мәдениет саласындағы мәдени-бұқаралық іс-шараларды қаржыландыру кезіндегі тәуекелдерді азайту жұмыстары және бизнестің дамуына кедергі келтіретін жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы тыңдалды.

Комиссия төрағасы, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жүзеге асырылатын жобалар, мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды, анықталған кемшіліктерді жоюды және алдағы уақытта жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруды тапсырды. Сондай-ақ Түркістан өңірі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтіп, бизнес пен инвестицияны әкімшілік кедергілерден қорғауды, кәсіпкерлік ортадағы проблемаларды анықтап, мәселелерді заң аясында жедел шешуге дағдылану қажеттілігін атап өтті. Мәдени-бұқаралық іс-шараларды қаржыландыру кезіндегі тәуекелдердің алдын-алу бойынша нақты шаралар қабылдауды, қазынаның қаржысын дұрыс жоспарлауды, жыл көлемінде өтетін мәдени шараларды қайта қарап, тиімсіздерін өткізуге жол бермеу үшін зерделеу жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

«Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі мәжілісте қозғалған өзекті мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың белсенділігін арттыратынына сенім білдіремін. Бағынысты қызметкерлердің заңсыз әрекеттері үшін жауаптылық тікелей бірінші басшыға жүктелген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өз ұжымдарыңызда тұрақты түрде қажетті шараларды қабылдауларыңыз қажет», деді Нұралхан Көшеров.

Жиында жауапты өкілдер мен басшылардың есептері тыңдалып, нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.

Біржан Аманбек,

ХҚТУ журналистика мамандығының 4 курс студенті. 


Шөкеевтің 9 миллиард теңгелік жағажайы қирап жатыр
«Ордабасы» футбол клубынан қаржы жымқыру фактілері анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу