Жұмашевтің ісі Шымкенттің сотында қаралуда

Oinet.kz 20-02-2025 332

65264ad090007.jpg

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымын атқарып жүріп, қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған Ғалымжан Жұмашевтің ісін Шымкенттің соты қарауда. Іс өткен аптада Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы С.Темиралиевтің өндірісіне түсті.

Алғашқы сот отырысы бүгін өтуде. Сот кабинетінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, Жұмашевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, алаяқтық жасау, пара алу, пара беруге айдап салу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бар.

Ғалымжан Жұмашев Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына 2023 жылдың қазанында тағайындалды. Бұған дейін ол Білім және ғылым министрлігінде басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болған. 2016 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған. Түркістанға келгенге дейін Президент Әкімшілігі Іс басқармасында жұмыс істеген.  Қызметіне тағайындау барысында оған облыс басшылығы тарапынан Мемлекет басшысының білім сапасын көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау, өңірдегі білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешу жүктелді. Осы өзекті мәселенің қатарында білім саласындағы қаражаттардың талан-таражға түсуіне тосқауыл қою да болғанға ұқсайды. Білім басқармасының басшысы лауазымына мамандығы бойынша мұғалім емес, заңгердің тағайындалуы тегін болмаса керек.   Алайда былтыр ақпанда күтпеген жағдай болды.  Жұмашевты Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ұстағаны, оның үстінен «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабы» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, пәтерінде, қызметтік бөлмесінде тінту жүргізілгені алғашқыда әлеуметтік желі арқылы таратылды. Бұл іске Жұмашевпен бірге Астанадан еріп келген көмекшісі мен хатшысының да қатысы бар екені жазылды. Осы кездері Түркістан облыстық әкімдігі: 

«Түркістан облысы білім беру басқармасының басшысы туралы тарап жатқан ақпаратқа қатысты құзырлы органдар тарапынан ресми мәліметтің берілгенін күтуге шақырамыз. Бұл жағдайдың Түркістан облысы білім беру басқармасы басшысының өңірде атқарып келген қазіргі қызметіне қатысы жоқ»,– деген ақпарат таратқан болатын.

 


Нұралхан Көшеров алғашқы кадрлық тағайындауын жасады
Шырақшыларға талап күшейеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу