Диктатор өлді. Бірақ диктатура әлі тірі

Oinet.kz 13-07-2019 930

Screenshot_17.jpg

Өзбекстанның президенті Ислам Каримов өткен сенбіде кешкі сағат тоғыздардың шамасында қайтыс болды деп жарияланды. Алайда президент бұдан әлдеқайда бұрын көз жұмған. Каримовты  өлімнен арашалап қалу үшін әлемнің ең мықты деген дәрігерлері шақыртылған. Солардың бірі фин нейрохирургы, Юха Хернесниемидің әңгімесіне қарағанда оны өзбек билігі Хельсинкиден арнайы ұшақпен алдыртқан. Сол күні Ташкентке Ресей мен Германиядан да бір топ дәрігерлер жеткізілген. Фин дәрігерінің айтуынша, бәрі кеш еді. 

-Каримовты операция үстеліне жатқызудың енді ешқандай нәтиже бермейтіні белгілі еді. Оны ары қарай емдеу де ақылға сыйымсыз тірлік болатын. Пациент жантәсілім етті деуге болады, оның миы өліп қалған болатын. Мамандар өздерінң қорытындысын берген соң биліктегілер ойындарын бастады,-дейді Хернесниеми.

Фин дәрігері «биліктегілер ойындарын бастады» деген сөзді қандай мағынада айтып отыр.  Хернесниемидің айтуынша, биліктегілер өлген президентті жасанды тыныс алдыртатын аппаратқа жатқызып, оның өмірін әдейі ұзартқан. Президенттің біраз уақыт тірі жата тұруы біреулерге қажет болған сияқты. Дәл осындай жағдай испан диктаторы Франсиско Франконың да басынан өткен екен. Яғни, Каримовтың билігі ғана емес өлімі де диктаторлардан аумайды. Жалпы 79 жасына қараған шағында қайтыс болған өзбек президенті соңына жақсы үлгі қалдырған жоқ. Каримов ХХІ ғасырда да президенттердің  тақта отырып, халықтың көз алдында қартайтып, қаусап өлетінін дәлелдеді.  

Каримовтың қайтыс болғаны 2 қыркүйек күні түнде жария етілді. 3 қыркүйекте марқұмның денесі жер қойнына тапсырылды. Президент Самарқандағы әке-шешесі мен бауырлары жатқан Шахи-Зинда бейітіне жерленді. Ташкенттен шыққан қаралы көш астананың көшелерімен жүріп өтті. Көшеге шыққан жұрт  кортежге гүлдерін лақтырып жатты. Президентін жоқтап, көз жастарына ерік беріп жатқандардың да қарасы көп болды. 

Каримовты ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне 20 шетелдік және халықаралық ұйымның өкілдері қатысқан. Президенттің отбасынан жұбайы Татьяна Акбарқызы мен кіші қызы Лоланы көзіміз шалды. Үлкен қызы Гүлнар жоқ. Неге? Қазіргі уақытта Гүлнар Лондонда үйқамақта отыр. Оның келе алмай қалған себебі сол болуы мүмкін. Жұрт Каримовпен қоштасып жатқан кезде интернетте  Гүлнардың әкесіне арнаған әні пайда болды. Әкесінің басына бір уыс топырақ сала алмаған қызға бір жағы жаның ашығандай да болады. Алайда кейбір ақпараттарға қарағанда Гүлнар әкесінің қазасына анау айтқандай қайғыра қоймаған сияқты. Лондон соты оны әкесінің басына бір уыс топырақ салуға жібермей қоюы мүмкін емес. Гүлнар осы жолы тірі адам тіршілігін істейтінін байқатты. Қырсық шалған қыз енді ешқашан Өзбекстанға келмеуі мүмкін. Ислам Каримов уақтысында Гүлнардың негізгі тірегі болды. Ол өлген соң Татьяна мен Лола Каримовалар Гүлнарды туған еліне жолатпауы мүмкін.  Жаназада Каримовтың немересі, Гүлнардың ұлы Ислам да төбе көрсетпеді. Атасымен аттас немере анасымен бірге Лондонда тұрады. Осындағы Оксфорд университетінде оқиды. Ислам Ислам атасына ренжулі. Осыдан екі жыл бұрын ол ресейлік ақпарат құралдарына сұхбат беріп, атасы туралы біраз артықтау әңгімелер айтқан болатын. Осы әрекетімен ол атасымен ат құйрығын біржолата кесіскен еді... 

Каримовты ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне Түркіменстанның президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ғана қатысты. Путин мен Назарбаев Қытайда өтіп жатқан жиырмалықтың саммитінен шыға алмады. Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Ислам Каримовпен бұрыннан сәлемі түзу емес еді. Көшпенділердің ойынын өткізіп жатырмыз деген сылтаумен ол жаназаға премьер-министрді жіберді. Қаралы жиынға сондай-ақ,  Ресей, Қазақстан, Беларуссия мемлекеттерінің үкімет басшылары, ал Қытай тарапынан премьер-министрдің орынбасары қатысты. 

Алдағы үш айдың ішінде Өзбекстанда президент сайлауы өтуі тиіс. 

Ата  Заңға сәйкес президенттің міндетін уақытша атқару сенат төрағасы Нигматулла Юлдашевқа жүктелді. Премьер-министр Шавкат Мирзиев президенттің орнын басуы мүмкін ең ықтимал кандидат. Бір айта кетері, Мирзияев ресейшіл шенеунік. Оның таққа отыруымен Ресей мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жақсарады. Өзбек-қазақ қатынасы да жылиды деген үміт бар. 

Қысқасы, тұңғыш президенттердің көшінде Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз қалды. Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев әлдеқашан биліктен кеткен. Одан бергі аралықта Қырғызстанда президент екі мәрте жаңарып қойды. Тәжікстанның тұңғыш президенті Рахмон Набиев әлдақашан қайтыс болып кеткен. Түркіменбашыдан 2006 жылы айырылдық. Гейдар Алиев, Ельцин...Енді міне, Каримов та кетті. Бұлардың ішінде Сапармұрат Ниязов пен Ислам Каримов тақта отырып өлді. Қандай жағдай болса да, қартайып қаусап таққа отырып өлу дегеніңіз сұмдық емес пе? 

P.S. Каримовты жоқтап еңіреген халықта есеп жоқ. Халық босқа еңіреп жатқан жоқ. Таққа қандай адамның келе жатқанын білгендіктен жылайды. Рустам Мирзияев билікке қол жетсе, Каримовтан да өткен диктатор болады дейді сарапшылар. Яғни диктатор өлгенмен диктатура өлген жоқ.  

Бақытжан Әбдірашұлы, 

«Рейтинг» газеті №34, 8 қыркүйек 2016 жыл

Кімге сенеміз, Тамара Қасымқызы?
«Иттің баласы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу