Кімге сенеміз, Тамара Қасымқызы?

Oinet.kz 12-07-2019 1060

Screenshot_8.jpg

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті облыстық медициналық қызметтерге төлем жасау комитеті департаментінің лауазымды қызметкерлерін тұтқындады. ҚазАқпарат жариялаған осы мәліметті оқып,  «тағы кімнің қолына кісен салынды екен?» деп елең ете қалғанымыз рас. 

Жоқ, аталған ұлттық бюро жаңа ақпарат таратып отырған жоқ. Ескі ақпаратқа түсініктеме беріп отыр. Бұған дейін жемқорлыққа қарсы қызметтің жоғарыда аталған департамент бастығының орынбасары Б.Қалыбекова мен бөлім бастығы О.Жұмақовтың ұсталғандығын хабарлаған еді. Сол ақпаратта ұсталғандардың облыстағы медициналық мекемелердің бас дәрігерлері мен бухгалтерлерінен есеп-қисапты  кедергісіз қабылдату үшін жүйелі түрде ақша жинағаны айтылған. Тіпті ұстау барысында Б.Қалыбекованың сөмкесінен нақты айғақтардың алынғаны туралы оперативтік бейнетүсірілім де ғаламторды кезіп кетті. Бұл Тамара Дүйсенова жетекшілік ететін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шамына тиіп кеткенге ұқсайды. Арада біраз уақыт өткенде министрліктің ресми сайтында:

«Оңтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаменті жетекшісі орынбасары Ерлан Егеубековтың ҚР ДСӘДМ медициналық қызметке ақы төлеу комитеті (әрі қарай - МҚАТК) медициналық ұйымдардан олардың есепті сәтті тапсыру үшін қаражат жинайтыны туралы кейбір республикалық және аймақтық БАҚ-та жарияланған хабарламасы шындыққа жанаспайды. Аймақтардағы медициналық ұйымдардың қызметі туралы барлық мәлімет медициналық қызметтер есебінің ақпараттық жүйесінде жинақталған. Бұл ақпаратты автоматтандырылған тәртіпте жинауға мүмкіндік беріп, мәліметтердің қағаз нұсқасын ұсынуға жол бермейді. ҚР ДСӘДМ МҚАТК-да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету келісім шарттарын жасасқан медициналық ұйымдардың келісім шарт міндеттемелерін орындауын оперативті түрде бақылау жүйесі енгізілген. Жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, аймақтық департаменттер ҚР ДСӘДМ МҚАТК-ге есеп тапсырмайды, сонымен бірге, аталған мақсатта медициналық ұйымдардан қаражат жинамауы тиіс», деген мәлімет жарияланды.

Ұлттық бюро түсініктемені осы мәліметке қарымта ретінде таратып отырғаны байқалады.       

-Тергеу барысында лауазымды тұлғалар жүйелі түрде облыстың 60-тан астам медициналық мекемесінің бас дәрігерлері мен бухгалтерлерінен пара алып отырған. Ал өтеуі ретінде олардың ай сайынғы есеп-қисаптарын еш кедергісіз  өткізген. Пара көлемі бюджеттік ұйымға байланысты 5 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін жеткен. Б.Қалыбекова мен О.Жұмақовтың заңсыз жолмен тапқан ақшалары 993 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта олар кінәларын толығымен мойындап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде,-дейді Ұлттық бюроның жаңа ақпаратында. 

Бар гәп «олар кінәларын толығымен мойындады» деген сөзде болып тұр ғой.  Егер министрлік тарапынан расында да оперативті түрде бақылау жүйесі енгізілсе, жемқорлыққа жол берілмесе, олар өздеріне тағылған айыпты неге мойындайды деген заңды сұрақ тумай ма? «Шымкенттіктерден бәрі шығады» деген сөз осындайда еске түседі. Бұл айыптаушылармен қоса  минстрліктің де мойындауы емес пе? 

Айтқандай, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамар Дүйсенова уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін бір емес екі қайтара атқарған. Дәл осы денсаулық сақтау саласына басшылық жасаған. Тамара Қасымқызының ештеңені білмей қалуы қисынға келе ме? Сіз қалай ойлайсыз?      

Мұрағаттан, 2016 ж

Келесі президенттің кім екені белгілі
Диктатор өлді. Бірақ диктатура әлі тірі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу