«Тоқтар Төлешов президенттi тақтан тайдырмақ болған»
Атышулы шымкенттiк бизнесмен Тоқтар Төлешовке қатысты айыптауларға ел әлi сенбейдi. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi алғашқыда қызды-қыздымен тым асыра айтты ма, әлде түймедейдi түйедей ететiн кейбiр әрiптестерiмiз бояуын қалыңдатып жiбердi ме деп едiк. Жоқ, кешегi күнi Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Тоқтар Төлешовке қатысты тергеу амалдарының аяқталғанын хабарлап, қылмыстық iске қатысты бiраз тың мәлiметтердi жайып салды. Не сенерiмiздi, не сенбесiмiздi бiлмей тағы да дал болдық.
Ұлттық қауiпсiздiк комитетi баспасөз қызметiнiң өкiлi Руслан Қарасевтың айтуынша, Тоқтар Төлешов 2005 жылы төңкерiстiң нәтижесiнде мемлекеттiң билiгi криминиалдық топтардың иелiгiне өткен Қырғызстандағы жағдайды Қазақстанда қайталамақ болыпты. Билiктi басып алуды көздеген Құрманбек Бакиевтiң шекпенiн өзiне өлшеп көрiптi. Осы мақсатын жүзеге асыру үшiн Қырғызстанға барған, жағдайды мұқият зерттеген. Жоспар құрған.
– Билiкке жаппай тәртiпсiздiк, халықты өкiметке қарсы қою арқылы жетуге болатынын түсiнген Төлешов төңкерiстi Қазақстанның батысында тез жүзеге асыруға болады деген болжамға келген. Әлеуметтiк-экономикалық және өзге де мәселелердi алға тарта отырып, наразы топтарды өз мүддесi үшiн пайдаланбақ болған. Жаппай тәртiпсiздiк пен әдейi ұйымдастырылған наразылық акцияларының барысында ол билiкке ультиматум жасап, өзi үшiн вице-президент лауазымын енгiзудi көздеген. Артынша, мемлекеттi өзi басқаруды ойлаған, – дейдi Р.Қарасев.
Қысқасы, Тоқтар Төлешов 1993 жылы жойылып кеткен вице-президент лаузымын қайта енгiзбек болған. Артынша Н.Назарбаевтың өзiн де тақтан тайдырып, билiктi бiржолата қолына алуды көздеген. Ақылға қонатын тiрлiк пе? Төлешов бақайшағына дейiн қаруланған 90 адамнан тұратын әскер жасақтапты. Бiрақ 90 адаммен билiктi басып алуға бола ма? Билiк демекшi, өмiрiнде мемлекеттiк қызметте iстемеген, билiктiң дәмiн татып көрмеген Төлешовке вице-президент, одан кейiн президент болу не үшiн қажет болды? Бұл сұраққа Қарасев:
– Айналасына айтқанын жүргiзiп өмiр сүрудi армандаған Т.Төлешов белшесiнен қарызға батқан. Ол банктер мен трансұлттық қылмыстық топтарға қарыз болған. Барлық қарызы 200 миллион АҚШ долларын құрайды, – деп жауап бердi Р.Қарасев. Яғни, Төлешов қаржылық қиындықтардан мемлекеттiң қазынасы есебiнен құтылуды жоспарлапты. Ал қазынаның қаржысына иелiк ету үшiн алдымен билiктi қолға алу керектiгi айтпаса да түсiнiктi ғой. Бiрақ 200 миллион түгiлi миллиард доллар қарызы бар адам да мұндай тәуекелге бара қояр ма екен?
Тоқтар Төлешов “вор в законе” деген “шенi” бар қылмыс әлемiнiң серкелерiмен тығыз қарым-қатынаста болған.
Халықаралық деңгейде танымал Аслан Усоянмен, “Ташкенттiң Жорасы” деген лақап аты бар Георгий Сорокинмен, “Қара Гафур” – Гафур-Арсланбек Рахимовпен, “Бухар Максим” – Нозин Жұмаевпен, “Ильяс көке” – Ильяс Сұлтановпен араласқан. Гафур Рахимов пен Нозин Жұмаев Тоқтар Төлешевке Өзбекстаннан бiрнеше бизнес нысандарын бағындырып берген. Атап айтқанда, “Шабыт” қонақүйi мен лак бояуларын шығаратын зауыт және “Ләззат” атты кондитерлiк фабрикасы Тоқтар Төлешевтiң иелiгiне өткен. Т.Төлешев Шымкентте де алпауыт бизнесмендердiң қатарына кiрген. Сыра зауытынан бөлек ол Оңтүстiк Қазақстан аграрлық одағының, “Шымкент пикчерс” киностудиясының, құрамына бiрнеше кәсiпорын кiретiн “Дархан” атты iрi холдингтiң жетекшiсi болған. Холдингтiң Ресейде, Қырғызстанда, Тәжiкстанда өкiлдiктерi жұмыс iстеген.
Осы жерде айта кетейiк, “Қара Гафур” деген лақап аты бар Гафур-Арсланбек Рахимов өзбекстандық кәсiпкер, әрi “Brothers Circle” деп аталатын халықаралық қылмыстық топтың жетекшiсi ретiнде белгiлi. Ал “Жора Ташкентский” жаңылыспасақ, 2005 жылы Шымкентке жергiлiктi қылмыстық топтардың “разборкасына” келiп қатысып, қаладағы сауналардың бiрiнде тұтқындалған болатын. Ұстау барысында одан есiрткi табылып, сотталып кеттi. Ол жазасын Шымкентте өтеп, кейiн Ресейге кеткенi айтылған. Сол кездерi “Жора Ташкентскиймен” жақсы араласқан жергiлiктi авторитеттердiң аттары аталды, бiрақ олардың iшiнде Тоқтар Төлешев жоқ болатын.
Жалпы, Төлешевтiң iсi бойынша 25 адам айыпталып, 300-ге тарта куәгерден жауап алынған. Басты айыпталушының әрекетi Қылмыстық кодекстiң бiрнеше бабы және Кодекстiң ескi редакциясынан тағы үш бап бойынша дәрежеленген. Атап айтар болсақ, Төлешевке адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, билiктi басып алу, экстремисттiк топ құру, қарақшылық, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, қылмыстық топтарды қаржыландыру, бандитизм, есiрткi саудасы, пара беру, адам өлтiру, азаптау, бөтеннiң мүлкiн қасақана жою қылмыстарын жасады деген айыптар тағылған.
Билiктi басып алу жоспарын оның сыбайластары қызу қолдаған. Көздеген мақсатына жеткен соң Төлешев оларды құр қол қалдырмауға уәде етiптi. Ол өзiнiң танымал сыбайластары – бас прокурордың бұрынғы бiрiншi орынбасары, кейiннен Конституциялық кеңеске мүше болған Ильяс Бақтыбаевқа Жоғарғы соттың төрағасы қызметiн, Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер департаментiнiң экс-бастығы Хибратулла Досқалиевке Iшкi iстер министрiнiң креслосын әпермек болыпты. Iшкi iстер департаментi бастығының бұрынғы бiрiншi орынбасары Сәкен Айтбеков Төлешевтiң тапсырмаларын орындап отырған. Ал Шымкенттегi әскери бөлiмдердiң командирлерi Жумин мен Пернебаев заңсыз сыйақы алып, Тоқтар Төлешевке әскери ұшақтарды, әскери техникаларды, әскерилердiң өзiн де қару-жарағымен қоса берген. Төлешев оларды 2015 жылы Сайрам ауданында өткiзген әскери-спорттық шараларына пайдаланған. Жарайды, әскерилердiң әрекетiн қу дүниеге деген қызығушылықпен түсiндiруге болатын шығар. Ал жасы жетпiске жақындап қалған Бақтыбаев пен Досқалиев қылмыс әлемi серкесiнiң уәдесiне бола билiк үшiн жиған-терген абыройын тәрк етуi мүмкiн бе? Әйтеуiр, Төлешевтiң iсiне қатысты күдiк-күмән тiптен көбейiп кеттi.
Қаңтарда құрыққа түскен Төлешевтiң iсiн Ұлттық қауiпсiздiк комитетi өте тез аяқтады. Тергеу амалдары 4-5 айдан арыға созылған жоқ. Ендi қылмыстық iс прокуратураның бiр қарауынан кейiн сотқа жолданады. Соттың қайда өтетiнi белгiсiз.
Айтқандай, Қарасевтың айтуынша, Ақтөбедегi терактiге Тоқтар Төлешевтiң қатысы жоқ. Бұл тергеу барысында толығымен дәлелденiптi.
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ
Жас Алаш №55 (16137) 12 шілде, сейсенбі 2016