Тоқтардікі тоқтық па, жауапкершілік жоқтық па?
Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанды тотыдай түрлендіруге айналдырған бес жылдың көлемінде жүз миллиадттардың жұмсалғаны белгілі. Облыстағы басқа әлеуметтік нысандарға кеткен шығындарды қоспағанда.
Енді осы жүз миллиардттардың есебін сұрайтын кез де жақын қалған сияқты. Кейінгі кезде Түркістанда шудың көбі осы құрылыс саласынан шығып жатыр. Бұл әрине, кездейсоқтық емес.
Өмірзақ Шөкевтің тұсында айтылмаған, көпшіліктен жасырылған кемшіліктердің беті енді ашыла бастады. Облыс басшысының бірінші орынбасары Арман Жетпісбайдың қызметтен кетуін де кейбір білгіштер құрылыс саласындағы былық-шылықпен байланыстырады. Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметін соңғы бес жыл көлемінде табан аудармастан атқарып келе жатқан Тоқтар Үсіпәлиевтің қызметтік тағдырының немен аяқталарын кім білсін?! Соңғы уақытта бас құрылысшының атына айтылып жатқан сын күшейіп кетті.
Бірден айтайық, осы мақаланы жазу барысында біз Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевпен хабарласып, мәселенің мән-жайын білмек болғанбыз. Алайда шенеунікпен байланысу мүмкін болмады. Өзге әріптестерімізден естіп-білгеніміз, облыстың бас құрылысшысы жалпы журналист атаулыны суқаны сүймейтіне көрінеді. Төртінші билік өкілдерінен іргесін аулақ салып жүргенді тәуір көретін шенеунік болып шықты. Ешқандай түсініктеме, сұхбат бермейтінге ұқсайды. Сонда бұл лауазымды мемлекеттік қызметкерге жарасатын қасиет пе? Қазақта «ұрының арты қуыс» деген сөз бар. Тоқтар Үсіпәлиевке билік пен халықтың арасындағы дәнекер журналистен қашатындай басына не күн туды? Әлде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы оған жүрмей ме? Жүз миллиардттармен жұмыс істеп үйренген шенеуніктің мұнысы тоқтық па әлде жауапкершілік жоқтық па? Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ.
Төртінші билік өкілдерінен іргесін аулақ салып жүргенді тәуір көретін шенеунік болып шықты. Ешқандай түсініктеме, сұхбат бермейтінге ұқсайды. Сонда бұл лауазымды мемлекеттік қызметкерге жарасатын қасиет пе? Қазақта "ұрының арты қуыс" деген сөз бар. Тоқтар Үсіпәлиевке билік пен халықтың арасындағы дәнекер журналистен қашатындай басына не күн туды?! Әлде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы оған жүрмейм ме? Жүз миллиардтармен жұмыс істеп үйренген шенеуніктің мұнысы тоқтық па, әлде жауапкершілік жоқтық па? Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ.
Былтыр тамызда облыс әкімінің креслосына отырған Дархан Сатыбалды қолға алған өзекті мәселенің бірі осы құрылыс саласына қатысты. Дәлірегі өңір басшысы мектеп құрылысындағы біраз түйткілді проблемаларды шешуге білек сыбана кірісті. Мұның себебін түсіну қиын емес. Түркістан республикада оқушысы ең көп өңір. Халық тығыз қоныстанған, табиғи өсім жоғары. Өңірде апатты, үш аусымды мектептерді жоямыз деген жоспар осыдан он-он бес жыл бұрын, Асқар Мырзахметовтың кезінен бері айтылады. Бірақ ол әлі күнге орындалған жоқ. Бәрі айналып келгенде шенеуніктік созбалаңға, жауапсыздыққа барып тіреледі. Облыста кейбір мекептердің құрылысы тоқтап қалған. Ал пайдалануға беріледі деген мектептердің құрылысынан шу шығып жатыр.
Солардың бірі Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласындағы №6 мектептің құрылысы. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаевтың берген мәліметіне қарағанда, былтыр пайдалануға берілуі тиіс 200 орындық білім ұясы қазіргі уақытта қаңырап тұр. 2021 жылдан бергі аралықта 400-ге жуық оқушы Киелітас ауылдық округіне қарасты Ақайдар елдімекеніндегі мектепке тасымалданып оқытылуда. Екіара жеті жарым шақырымды құрайды. Оқушыларды тасымалдауда да біраз проблемалар бар көрінеді. Әсіресе, қыстың күндері жол тайғақта қиын. Әрине, уақытша қиындыққа көнбеске амал жоқ. Алайда жаңа мектеп уәде етілген мерзімінде пайдалануға берілмей отыр. Себебі құрылысы бітті деген №6 мектептің жаңа ғимараты Төлеби аудандық білім бөліміне құжат жүзінде өткізілмеген. Яғни, нысан қабылдаудан өтпеген. Мұның арғы жағы құрылыс кезінде кеткен шикіліктермен байланысты екендігі айтпаса да түсінікті ғой.
№6 мектебінің директоры Ж.Маймақованың биыл наурызда жоғарыда аталған бөлім басшысының атын жазып берген хатына қарағанда, соғылды деген мектептің құрылысынан көптеген шикіліктер анықталған. Ғимараттың шатырынан аққан қар, жауын сулары мектептің іргетасынан өтіп, жертөлеге құйылуда. Мектептің дәліздері мен спорт зал қабырғалары жарылған, сыланған сылақтары түскен. Нысанның айналасына төселген плита тастары отырған, сыртқа төселген асфальт әр жерден ойылған, талапқа сай төселмеген. Шеберхана мен жылу қазандығы орналасқан ғимаратқа жауған жаңбыр суы бөлме қабырғалары мен төбесінен өтіп ішке сіңуде. Бұл хатта келтірілген фактілердің бірлі-жарымы ғана.
Біз осы жөнінде Төлеби аудандық білім бөлімінің құрылысқа жауапты маманы Пернебек Асановпен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, нысандағы ең басты мәселе -шатырдан аққан су. Оны дереу ретке келтірмесе, салдары ауыр болуы мүмкін.
– Ирригация жүйелері дұрыс жүргізілмеген. «Отмоскалар» жерден төмен құйылған. Сол себепті қазіргі уақытта шатырдан аққан су ғимараттың жертөлесіне құйылады. Ертең осының салдарынан нысанның іргетастары, қабырғалары жарылуы әбден мүмкін, - деді П.Асанов.
Оның айтуынша, №6 мектептің бұрынғы ғимараты 1945 жылы салынған. Ескі ғимаратты бұзып, оның орнына жаңасын салу жұмыстары 2021 жылдың қыркүйегінде басталған. Жоспар бойынша жаңа мектеп 2022 жылдың соңында бітуі тиіс болған.
№6 мектептің ғимаратын салуға бюджеттен 700 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Нысанға тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Жоғарыдағы кемшіліктер тапсырыс берушінің, техникалық қадағалаушы мекеменің назарынан қалайша тыс қалғаны мүлдем түсініксіз. Енді ол қалай ретке келтіріледі? Кім жөндейді?
Айтпақшы, Ленгірдегі мектеп құрылысын «SCS Инжиниринг» деп аталатын ЖШС жүргізген екен. Ашық дерекөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, серіктестік Ордабасы ауданында тіркелген. Биыл сәуірде Түркістан облыстық экономикалық соты «SCS Инжиниринг» ЖШС-іне қатысты шешім шығарған. Осы шешімге қарағанда, серіктестік қарыздарын төлеуге шамасы жетпегендіктен, соттан өзін оңалту рәсіміне қоюды сұранған. Компанияның салық алдындағы қарыздарының өзі 200 миллион теңгеден асқан. Сот оның талап арызын қанағаттандырған. Жағдайы мүшкіл, оңалтуда отырған мердігер енді кеткен кемшіліктерді түзете алады ма?
Құрылысынан шикілік шыққан немесе құрылысы қаңтарылып қалған мектеп тек Төлеби ауданында ғана емес. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына барған сапарында құрылысы тоқтап қалған үш бірдей білім нысанында болды. Оның алғашқысы Төрткүл елді мекеніндегі құрылысы 2020 жылы басталған 300 орындық мектеп. Нысанның конкурстық құны 1 миллиард теңгеге жуық. Облыстық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, нысанды тұрғызу жұмыстары түрлі себеппен былтыр қыркүйек айынан бері тоқтап тұр.
– Өңірде мектеп тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан білім ұяларының құрылысын жүргізуді кәсіпкерлік емес, стратегиялық маңызды міндет деп қабылдау керек. Құрылысы кешіккен әрбір мектептің соңында сапалы білімнен қағылған ұрпақ бар екенін ұмытпаңыздар. Құжаттарды қайта зерделеп, мектептің ел игілігіне беруді тапсырамын. Жауапты басқарма, аудан әкімдігі мәселені шешуі тиіс, - деді Дархан Сатыбалды.
Ордабасы ауданындағы «Қызылжар» жалпы орта мектебінің қосымша ғимараты мен Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы да былтырдан бері тоқтап тұр. Облыс басшысы екі нысан бойынша да тиісті тапсырмалар берді.
Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы үш жыл бұрын басталған. Үш қабатты ғимараттың іргетасы қаланбай жатып жұмыстар тоқтап қалған. Шұбарсу мен Төрткөл ауылындағы мектептердің тендерін бір компания ұтып алған көрінеді.
Естеріңізде болса, былтыр Есеп комитеті (қазіргі Жоғарғы аудиторлық палатасы) 2018-2020 жылдары Түркістан облысында жүргізген тексеру кезінде өңірде мектеп салу ісінің дұрыс жоспарланбағанын жариялаған болатын. Қорытындыға қарағанда, құрылыс басқармасы тарапынан кейбір мектептердің пайдалануға беру мерзімдері әдейі созылған. Мәселен, Шардара ауданында 2018 жылы құрылысы басталған Иманов атындағы 300 орынға арналған мектептің құрылысы 2021 жылы аяқталған (жоспар бойынша 2019 жылы бітуі тиіс болған). Сарыағаш ауданында 300 орынға арналған Ғ. Мұстафин атындағы мектептің құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған, іс жүзінде нысан 2021 жылы пайдалануға берілген.
Сонымен қатар Бәйдібек, Мақтаарал, Отырар, Шардара аудандарында мектеп салу дұрыс жоспарланбаған. Мәселен, Бәйдібек ауданында 2018 жылы 1200 оқушы орны жетіспеген. Ал шенеуніктер аталған ауданда 1200 орынға арналған 4 мектеп және 100 орынға арналған 2 мектептің құрылысын жүргізген. Мақтарал ауданында 2018 жылы 1973 орын тапшылығы болса, 5900 орынға арналған 14 мектеп салған. Қысқасы, бір жерде мектеп жетпей, балалар үш аусымда білім алады, бір жерде атқамінерлер мектеп салу жоспарын бес-алты есеге асыра орындап таситайды. Мұның арғы жағында қандай мақсат, қандай мүдде жатқанын бір Алла біледі? Ал осыншама олқылықтардың жауабын құрылыс саласына бес жылдан бері жауапты басқарма басшы Тоқтар Үсіпәлиевтен сұрайтын ешкім жоқ па?
P.S. Айтпақшы, Түркістан облысы әкімінің аппараты биыл 31 наурыздан бастап облыстық құрылыс басқармасында ішкі талдау жұмыстары жүргізілетіндігін хабарлаған болатын. Ол жоспар бойынша 16 мамырда аяқталды. Аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов қорытындыны көпшіліктің назарына жариялайды деген үміттеміз.
Жәнібек Тархан
№21 "Рейтинг" газеті, 2023