Инфекциялық аурулардан сақ болыңыздар!

Oinet.kz 30-05-2024 161

2.jpg 

Оңтүстік өңірінде жеміс-жидектердің ерте пісуіне байланысты және өңірлерде су тасқыны салдарынан ашық су көздері (өзен, көл және т.б.) ластануына орай өткір ішек жұқпалы аурулары, тырысқақ, паразитарлы аурулардың өршу қаупі туындауынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздануы мүмкін. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  – Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлім етті.

Оның айтуынша, Шымкентте  тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясы, паразитарлы аурулардың күнделікті тіркелуде. Ағымдағы жылдың 4 айында статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындар арасында 174 жағдай жіті ішек инфекциясы ( ЖІИ) тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (160 жағдай) аурушаңдық 3,9%-ға өскен. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында биыл 130 жағдаймен 74,7%-ы  ауырған.

Айгүл Мелесқызының түсіндіруінше, ЖІИ – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жұғады.

А. Тұрымбетова: «Қазіргі уақытта ЖІИ көбі тағаммен байланысты және де олардың саны жаз-күз мезгілдерінде артты, себебі осы уақыттарда жеміс-жидектер көп қолданылады. Сонымен қатар, аурулардың тарауына шыбын-шіркейлер үлкен әсерін тигізеді, олар дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайды. ЖІИ жасырын мерзімі қысқа – 6-48 сағаттан бастап 7 күнге дейін.

 Аурудың клиникалық белгілері: іштің ауыруы; құсу, іш өту; дене қызуының көтерілуі; әлсіздік, тәбеттің төмендеуі.

Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтеді, асқыну жағдайы көбірек болады» деді.


Түркістандық азамат 6 миллион теңге парамен ұсталды
Шымкентте соңғы жылдары тырысқақ ауруы тіркелмеген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу