Отырардың әкімі қызметінен неге кетті?
Сәйкестікті қарасаңызшы. Сұлтанхановтың шенеуніктік карьерасы сәуір айымен сабақтасып отырады екен. Осыдан екі жыл бұрын 4 сәуірде сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Сәкен Сұлтанханов Отырар ауданының әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Алайда бұған дейін Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Сұлтанхановтың Отырардағы тірлігі оңған жоқ, жұрттың көңілінен шығатындай жұмысын шырқ үйіріп кете алмады десек, қателеспейміз. Жаңалық ашпағаны мейлі, тыныш қана ортаңқол тіршілікпен көшке ілесудің де көзін таппай сеніп тапсырған тізгінді босаңсытып алғаны соншалық, «аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге» тартқандай әрқайсысы әр жаққа сүйрелеген берекесіз әрекет бұл аудандағы қоғамдық саяси ахуалды тым ушықтырып жіберді.
Ынтымақ, бірлік болмаған жерде бақ, ырыс қайдан келсін, тірлік түзелсін бе?! Былтыр сәуірде Отырарға барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан басшысына қатаң ескерту жасағаны есте қалыпты. Тіпті міндетін дұрыс атқара алмаған басшы қызметінен кететінін де шегелеп тұрып айтқан еді.
Міне биылғы сәуір де Сұлтанханов үшін тіпті тәуір болмай, осыдан үш-төрт күн бұрын аудан басшысы қызметінен кетті. Бүгінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқару әкім орынбасары Жансұлтан Сейітжановқа жүктелген (танымал миллиардер Серікжан Сейітжановтың немере інісі). Отырарды басқару енді кімнің маңдайына жазылады, бақ кімнің басына барып қонады, бұл алдағы күннің еншісіндегі мәселе ғой. Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес.
Жалпы, бір аудан әкімінің қызметінен кетуі анау айтқандай жаңалық емес. Әкімдікке кімдер келіп, кімдер кетпей жатыр дейсіз?! Алдыменен осыдан бір жыл бұрын облыс басшысы Дархан Сатыбалдының Сұлтанхановқа қарата айтқан ескертулеріне қайта оралсақ. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктер сараланған болатын. Д.Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырғанынан нәтиже болмады.
-Ауданда экономикалық, әлеуметтік салалар, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Бұл – тек аудан әкімі емес, оның орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім басшыларына да қатысты. Өз саласы бойынша жиі кемшілік жіберген, міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларға қатысты шара қолданылады,-деген еді облыс басшысы.
Шындығында кемшіліктер тек ауыз су мен абаттандыруға ғана қатысты емес еді. Әуелі аудан әкімі аппараты басшысының қызметімен қош айтысуы, артынша аудан әкімінің өзі атынан ауып түсуі соңғы айларда Отырардағы қоғамдық ахуалдың, саяси аураның тым күрделеніп кеткендігімен байланысты екенін елден естіп жатырмыз. Дәлірегі қоғамдық саяси ахуалдың ушығуы былтырғы сайлаудан кейін аудандық мәслихаттағы депутаттардың арасында жік-жікке, топ-топқа бөлінуден басталған сияқты. Ал бөлінген жерде қандай берекелі тірлік болады дейсіз?! Мәслихат сессиясы мен тұрақты комиссияларда депутаттардың жұдырықша жұмылып жұмыс істей алмауының салдары атқарушы билікке де көлеңкесін түсіргені түсінікті. Бұл мәселе алқалы жиындарда да айтылып, әлеуметтік желіде де жазылды. Осы айтылған әңгімелер мен жазылған дүниелердің арасында Мұхтар Есжанов деген азаматтың аты жиірек аталады.
Мұхтар Есжанов кім? Білікті заңгер, уақтысында Жоғарғы соттың судьясы болған. Бұдан кейінгі жылдары Қызылорда, Ақтөбе облыстық сотының төрағасы лауазымдарын атқарған. Ақтөбеде сот төрағасы болып жүрген оның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілігіп, бірақ сотта ақталып шыққаны туралы мәліметтер кездеседі. Осыдан он бес жыл алдын болған, өткен-кеткен жәйтті қазбалмай-ақ қоялық. Тоқетеріне тоқталсақ.
Былтыр наурызда өткен мәслихат сайлауында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Мұхтар Есжанов «Аманат» партиясының атынан №7 Маяқұм ауылдық бірмандаттық округінен Отырар аудандық мәслихатының депутаты болып сайланады. Алайда қыркүйекте ол «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының қаулысымен партия қатарынан шығарылған. 27 қыркүйекте Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 20-бабы 3-тармағының 3-1 тармақшасына сүйене отырып оның депутаттық өкілеттігін тоқтатады (өйткені жоғарыдағы заң бойынша партиядағы мүшелігін жоғалтқан депутат мандаттан да айырылады). Алайда бұл шешімімен келіспеген М.Есжанов жан-жаққа арызданған. Одан ешқандай нәтиже шықпаған соң сот төрелігіне жүгінген. Алайда Түркістан қалалық сотына, әкімшілік сотқа берілген талап арыздандардан да нәтиже шықпаған. Апелляциялық алқаға жазылған шағымдардан да өзгеріс болмаған. Оның берген талап арыздары бойынша соттың ісі қарауы Түркістанда әлі жалғасып жатыр.
Ең қызығы мынада, биыл 31 наурызда елімізде босап алған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Отырар аудандық мәслихаты депутаттығынан айырылған Есжановтың орнына жарияланған сайлауға алғашқы болып Есжановтың өзі қайта құжат тапсырады. Ал бұл жолы «Аманаттың» атынан аудандық мәдениет үйінің директоры М.Қауымбаев деген азамат бақ сынаған. Қалған үш кандидат (оның ішінде Мұхтар Есжанов та) өзін-өзі ұсынған. Сайлау қорытындысы бойынша Есжанов --674 дауыспен жеңіске жеткен. Қауымбаев –510 дауыс алса, қалған екі кандидаттың бірі -7, бірі –2 дауыс алыпты. Бұдан додада талас-тарыстың негізінен «Аманаттың» қазіргі кандидаты мен экс-кандидатының арасында өрбігенін байқауға болады. 3 сәуірде аудандық сайлау комиссиясы Есжановты мәслихат депутаты ретінде тіркейді.
«Отырардағы орны бөлек осы сайлаудан кейін алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы қызметіне кетсе, енді міне, аудан әкімінің өзі де креслосын босатты»,--дейді бізге жеткен бейресми ақпарат. Бірақ бұл қаншалықты қисынға келеді? Өздеріңізге белгілі бүгінде билікте отырған азаматтар партиялардың ісіне араласа алмайды. Мәслихат та әкімдікке бағынбайтын өз алдына бөлек мекеме. Әлде бұл қағаз жүзінде ғана солай ма? Мәселенің бәрі Есжановқа тіреліп тұрмаған шығар. Бұл сайлауға дейін де Отырарда аудандағы бірінші адам есептелетін әкімнің әлсіздігінен қоғамдық-саяси ахуалдың тәртіп пен талап шекарасынан шығып кеткені, береке мен бірліктің кетуінен тірліктердің қиюы қашқаны ел аузында аз айтылған жоқ. «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген ғой. Сондықтан көпшіліктің аманатын арқалайтын адамға тізігінді сеніп тапсырарда шоқпарды көтере алатын адамның беліне байлау керегін осы жолы облыс басшылығы мықтап ойланатын шығар.
Біз кешегі күні мәселенің анық-қанығын білу үшін Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Уәлихан Ұзақовқа хабарласқан болатынбыз. Төрағадан депутаттардың жік-жікке бөлінді деген сөздердің қаншалықты шындыққа жанасатыны сұрағанбыз. У.Ұзақов мұны жоққа шығарған жоқ, алайда ол өзінің пікірін телефон арқылы айта алмайтынын алға тартты. Жүзбе-жүз жолығу қажеттігін білдірді. Сонда Отырардағы жағдай телефонмен айта алмайтындай күрделірек болғаны ма? Әркімнің өз шындығы бар? Егер мәслихат төрағасы өз шындығымды айтамын десе, біз газет бетіне орын беруге даярмыз.
Жалпы, қайбір жылдары Отырарға Қуаныш Айтаханов әкім болған кезде де әкімдік пен мәслихат арасында осындай бір дүрлігулер болған еді. Жаңа келген әкім Отырардың осындай өзіне тән ерекшелеу менталитетімен санасып, жұмыс істей ала ма? «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» бірлікті қалыптастыруға батылдығы мен табандылығы, тәжірибесі жете ме? Әліптің артын бағып көрейік.
"Рейтинг" газеті, 24 сәуір 2024 жыл.