Түркістан мен Шымкенттегі бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек
Қоян жылының ең басты саяси жаңалығы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл сайлау елдегі саяси реформалардың, саяси жаңғыру жұмыстарының қорытынды кезеңі болды. Қазір билікке жақын ақпарат құралдарында бұл сайлаудың бұрынғы саяси науқандарға қарағанда анағұрлым әділетті болғанын, оны халықаралық ұйым бақылаушыларының да мойындағанын жариялап жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, науқан барысында тым шектен шығатындай заңбұзушылықтар болмаған. Тәртіп бұзып қойған бірлі-жарым азаматтар әкімшілік жауапқа тартылып, тиісті жазасын алып қойған көрінеді.
Алайда ресми мәліметтер шынайы жағдаймен қаншалықты қабысады? Ең бастысы, бұл сайлау көптің күткен сенімін ақтады ма?
Сайлаушы неге селқос?
Саяси доданың көзге ұрар ең басты ерекшелігі-халықтың дауыс беруге қатысуы, белсенділігі өте төмен болды. Мұны немен түсіндіруге болады? Жұртшылықтың әлі де сол баяғы «бізсіз де бәрін шешіп қойған» деген көзқарастан арыла алмағанын ба? Әлде «Әділетті Қазақстанға» деген сенімнің селдірегенін бе? Бәлкім бұл сайлауды дәл Наурыз мейрамына әкеліп тіреп қойғанымен байланысты ма? Бұған дейін сайлауларға 80 пайыздың шамасында қатысып жүрген Түркістан облысы бұл жолы 53 пайызды әрең еңсерді. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ал Шымкенттегі жағдай тіптен масқара. 19 наурыздағы саяси додада шымкенттік сайлаушылардың 45 пайызы өз таңдауларын жасаған. Бұл Орталық сайлау комиссиясының таратқан ресми мәліметі. Алайда науқанға бақылау жасаған азаматтардың айтуларынша, дауыс беруге қатысу 15 пайызға да жетпеген. Бұл кейбір кандидаттардың дауыс беруге жұртшылықты көлікпен тасып, студенттерді әр сайлау учаскесіне «қыдыртып» жүргендегі жеткен көрсеткіш. Ал енді 45 пайыз бен 15 пайыздың ортасындағы бақандай 30 пайыз қайдан шықты? Шындық пен өтіріктің ортасы қаншалықты алшақ екендігін осыдан-ақ байқай беріңіз.
Орталық сайлау комиссиясының статистикасымен және Шымкент қалалық аумықтық сайлау комиссиясының мәліметтерімен жуырда ғана тіркелген «Байтақ» партиясының Шымкент қалалық филиалының белсенділері келіспейді.
-Мәліметтер біздің «Байтақ» партиясы мүшелері тарапынан наразылық тудырды. Өйткені мәліметте жалпы дауыс берушілер тарапынан бізге 716 ғана дауыс немесе 0,26 пайыз берілді делінген. Алайда, біріншіден, біздің қолымызда бар хаттамаларға сүйенсек, тек 30 сайлау учаскесінен біздің 700 дауыс алғанымыз көрініп тұр. Сонда қалған 280 учаскенің қорытындысы 0 болып шыққаны ма? Бұндай санау кімге керек болды?-дейді филиал жетекшісі Құрмет Керімбеков жұртшылыққа арнаған бейнеүндеуінде.
Екіншіден, осы науқанға Шымкенттегі 639 663 сайлаушының 287754-і, яғни 45 пайызы қатысты делінген. Бірақ «Байтақ» партиясының байқаушылары отырған сайлау учаскелеріне сайлаушылардың 14,5 пайызы ғана келген.
-Қалған 30 пайыз қайдан келіп қосылды? Демек, сайлауға қатысушылар санына үлкен күдік бар,-деген төраға енді сот төрелігіне жүгіну туралы шешім қабылдағанын мәлім етті.
Ал, енді Шымкенттегі кейбір сайлау учаскелері дауыс беру көрсеткішін қалай көпірткеніне, сайлау нәтижесімен келіспей, сотқа шағымданған азаматтардың жанайқайына бөлек тоқталатын боламыз.
Бірде жеңіс, бірде жеңіліс
Мәжіліске Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бөлінген жеке мандаттарды түгелдей «Аманат» партиясының атынан түскен кандидаттар иеленді. Өзге партияның өкілдеріне, Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанына» үміт артып, белін бекем буған қоғам белсенділерінің, қалтасына сеніп додаға түскен бизнесмендердің бәрі құр алақан қалды. Түркістан облысындағы үш округтен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, осы партияның атынан бұған дейін облыстық мәслихаттың депутаты атанған Темір Қырықбаев өтсе, Шымкенттегі екі округтен халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Данабек Исабеков пен Түркістандағы Елбасы ескерткішінң авторы, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, бүгінде белгілі бизнесмен Болатбек Әлиев жеңіске жетті.
Айтпақшы, осы сайлаудың басты фавориттерінің бірі облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сәкен Қаныбеков те «мұрттай ұшты». Сайлау комиссиясы доданың бел ортасында декларациясынан шикілік шықты деген негізбен оның кандидатурасын алып тастаған болатын. Бірақ бұл шешіммен келіспеген кандидат Жоғарғы сотқа дейін шағымданып жүріп, үміткерлік мәртебесін қайтарып алған болатын. Алайда қарсы бағытқа шыққан Қаныбековтың бәрібір жолы болмады. Сайлау жүріп жатқан кезде ол дауыс беру кезіндегі заңбұзушылықтарға шағымданып, Президенттен араша сұрады. Алайда бұдан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Өмір деген осы бірде жеңіс, бірде жеңіліс.
№27 округтен бақ сынаған белгілі оппозиционер, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев та омақаса құлады. Сайлау өте салысымен ол баспасөз мәслихатын өткізіп, қарсыласы Темір Қырықбаевтан көп дауыс жинағанын, алайда сайлау комиссиясы белден басып, «Аманаттың» кандидатын өткізгенін мәлім етті.
Жалпы, соңғы күндері сайлауды қайта өткізуді талап етушілер де көбейді. Тіпті онлайн петиция да пайда болды. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауының ақырғы нәтижесін жариялап қойды. Бұдан кейін бірдеңе өзгереді дегенге сену қиын.
Базарбай Мұсабеков бірдеңе бүлдірді ме?
Енді сайлаудың жұрт күтпеген тосын жаңалықтарына тоқталсақ. Науқан кезінде Түркістандағы бильбордттардың басым бөлігін сатып алып, үгіт-насихат шараларына ақшаны судай шашқан Базарбай Мұсабеков те жеңіліс тапты. Базарбай Мұсабеков бұған дейін Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, бұдан кейін облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымында халық қалаулысы болған азамат. Ол туралы «осы жолғы сайлауда озып шығып облыстық мәслихат хатшысы болудан дәмелі» деген де сыпсың сөз ел арасында кеңінен тарады. Тасы өрге домалаған кәсіпкер. Жұрт оны көбіне «Түркістанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын бизнесмен» деп айтады.
Бұл жолы облыстық мәслихатқа Түркістан қаласындағы №2 сайлау округінен бақ сынаған ол қарсыласы Еркебұлан Хандиллаевқа ұтылды. Хандиллаев Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы Отырар тұрғын алабы секторының меңгерушісі қызметін атқарады. Атағы дардай кәсіпкердің қарапайым сектор меңгерушісіне қалайша ұтылып қалғаны әлі жұмбақ. Базарбай Мұсабеков пен құқық қорғау органдарына байланысты жұртты елең еткізер фактілер де папкіге келіп түсті. Журналистік зерттеу, зерделеу жүргізудеміз. Базарбай Мұсабеков бірдеңе бүлдірді ме, жоқ па анық-қанығына жеткен соң жеріне жеткізіп айта жатармыз.
-Заңбұзушылықтар мен бұрмалаушылықтарға жол беріліп, қазақшылыққа салындық. Оған әсте өкінбеймін. Халық өз таңдауын жасаған адамнан болашақтың да есебін алатын болар,-деп жазыпты Базарбай Мұасбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Бұдан Мұсабековтың сайлау нәтижесіне көңілі толмайтынын байқауға болады.
Жартыбаевтың жолы болмады, ал Құлышев жарты жолдан тоқтады
«Аманаттың» артқан сенімін ақтай алмаған кандидаттардың қатары Мұсабековпен бітпейді. Түлкібас ауданында облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Келесбек Жартыбаев жиырмадан енді асқан кәсіпкер қыз Нұрайым Шәкімергенқызына ұтылды. Екі кандидаттың да алған даусы 11 мыңнан асады. Шәкімергенқызы Жартыбаевтан бар-жоғы жүзге жетпейтін дауыспен басым түсті.
Төлеби ауданындағы № 11 сайлау округінен кәсіпкер Нұрлан Қозыбақовтың жолы болды. Оның қарсыласы «аманаттық» Құлышевтің «көтере алмас шоқпар беліне байланғанын» кештеу болса да түсініп үгіт-насихат науқанының бел ортасында, яғни жарты жолда додадан бас тартқанын бұған дейін жазған болатынбыз.
Құрақбаевтікі жоспарланған жеңіс пе?
Ең қызығы, Мақтаарал ауданындағы № 21 сайлау округінде болды. Бұл округтен жуырда тіркелген «Respublica» партиясының өкілі, бұрынғы «аманаттық» Жақсыбай Құрақбаев жеңіске жетті. Сайлау нақаны кезінде осы округтен мандаттың «Respublica»-ға бұйыратыны айтылып еді. Сонда мұндай дәл болжамды неге сүйеніп жасалды? Әлде жұрт айтып жүргендей, бәрі алдын ала шешіліп қойылған ба? Онымен қарсылас болған, бұған дейін де облыстық мәслихаттың депутаттығын абыроймен атқарған «аманаттық» Ұлжанат Жұрымбетоваға елдің ықласы ерекше екені өз алдына бөлек әңгіме.
Түркістан облыстық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша бұл жолы Түркістан облыстық мәслихатынан «Amanat» партиясы - 14; «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 4; «Respublica» партиясы - 1; «Ақ Жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы -4 мандат алды. Жақсыбай Құрақбаевты қоссаңыз «Respublica» облыстық мәслихаттан 2 мандатты иеленіп отыр. Тіркелгеніне үш айға болған «Respublica»-ның мұндай жетістікке жетуі кімнің арқасы?
Міне, сізге «Әділетті Қазақстан». «Аманаттықтар» аттан қалай ауып түсті?
Қазір елдің арасында «осы сайлауда «Аманат» белден басып өтті» деген пікір басымырақ. Бірақ Түркістан облысының аудан, қалаларында додаға «Аманаттың» туын көтеріп шыққан біраз азаматтар масқара жағдайда жеңіліске ұшырады. Оларды ішінде партияның аудандық филиал жетекшілері, мәслихат хатшылары да бар.
Мәселен, Кентау қалалық мәслихатының екі шақырылымына хатшы болған Талғат Балабиевке Мәжіліс депутаты атанған ағасы Қайрат Балабиев пен Шымкент қалалық мәслихатына депутат болған немере інісі Нұрсұлтан Балабиевтің жолы бұйырмады. Кентау қалалық №1 округтен бақ сынаған Талғат Балабиев Кентау көпсалалы колледжді директорының орынбасары Самат Садиновтан ұтылды.
Ал, Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы Әбдіхалық Қасымбай жергілікті кәсіпкер, сайлауға өзін-өзі ұсынған Ғабит Оразымбетовтен жеңілді.
Түлкібас аудандық мәслихатының хатшысы Сәдуахас Сейсенбаев «Түлкібас несие серіктестігінің» заңгері Бағдат Айбосыновқа жол берді.
«Аманат» партиясының Төлеби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуаныш Қансейітов жергілікті кәсіпкер Белес Рысбаевқа есе жіберсе, партияның Келес аудандық филиалының төрағасы Ахмет Жұмабеков адвокат Құрманғазы Мүсірге ұтылды.
«Аманаттың» Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Қуатбек Еркебаев жергілікті кәсіпкер Сабыр Алимкуловқа үш есеге жуық дауыспен жол берді.
Ал партияның Шардара аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ережеп Бекет аудандағы Иманов атындағы орта мектептің қарапайым мұғалімі Болат Раймұхановқа ұтылды дегенге не сенерімізді, не сенбесімізді білмей отырмыз.
Міне, сізге «Әділетті Қазақстан».
Бахадыр Нарымбетов-мәслихат төрағасы
Кешеден бастап партиялар мәслихатқа партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттардың аты-жөндерін жариялауға көшті.
«AMANAT» партиясы» Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросында Шымкент қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі ретінде Қайрат Имашев сайланса, қалалық мәслихаттың төрағасы ретінде Бахадыр Нарымбетовтің кандидатурасы бірауыздан бекітілді.
Яғни, уақтысында қала әкімінің орынбасары, одан кейін мәслихат төрағасы, партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып келген, ел іскерлігін мақтайтын Б.Нарымбетовты қазірден бастап құттықтай беруге болады. Неге десеңіз, партияның бюросында қабылданған шешімді күнің ертең сессияда мәслихаттағы мандаттардың басым бөлігін иеленген аманаттықтардың бірауыздан қолдайтынына күмән жоқ.
"Рейтинг" газеті, 29 наурыз, 2023 ж