Шардарадағы шатақ іске Құлыбаевтың қатысы бар ма?

Oinet.kz 05-05-2019 1417

Screenshot_2.jpg

2013 жылдың желтоқсанында «Халық банкінің» Шардара аудандық филиалынан 63 миллион теңге ұрланды. Осы іс бойынша банктің бір топ қызметкерлері айыпталып, сот үкімімен олар 5,5-6  жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты шығарды. Жуырда облыстық соттың апелляциялық алқасы алғашқы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.  Ел арасында «Шардара ісі» деген атауға ие болған бұл іс туралы материалдар республикалық, жергілікті ақпарат құралдарында бірнеше рет жарияланды.  Сотталушылардың туыстары әділдік іздеп, Астанаға дейін барды, баспасөз мәслихатын өткізді, шеру ұйымдастырды. Өткен жұмада олар «Отырар» телекомпаниясында тағы бір баспасөз мәслихатын өткізді.  

--Ұлдарымызды ұстаған бойда Қазығұрт аудандық ішкі істер бөліміне алып барып, ұрып-соғып, істемеген қылмыстарын мойындатқан. Істі Шардарада емес Әл-Фараби аудандық сотында қарады.  Қалыс куәлардың жартысы Шымкенттен шақыртылған. Олар сол жерде балық аулап жүрген дейді. Сәуір айында Шымкенттен Шардараға кім балық аулауға барады? Сот отырысының бейнежазбаларымен де толық таныса алмадық,--деді сотталушы Ержігіт Қасымовтың анасы Ұлбосын Сейдаева. 

 Барлық сот мәжілістері бейнежазбаға түсіріліп, онымен кез-келген уақытта танысуға мүмкіндік берілуі тиіс дегенді Елбасының өзі де айтып жатыр. Алайда осы іске келгенде бұл талап орындалмай қалған. Әл-Фараби аудандық сотының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 20 сәуірден бастап барлық бейне бақылау камералары өшірілген. Бір айдан астам уақыт бойы бейнежазба жүргізілмеген болып шықты. 

--Тергеу барысында көп қателіктер жіберілді. Алғаш ұсталған А.Жарболов 7 наурызда бұл іске банктің төрт қызметкерінің қатысы бар екенін айтты дейді. Менің ұлым Е.Мінайдаровтың іске қашан қосылғанын ешкім білмейді. Бұл сұраққа тергеуші жауап бере алмады. 10 наурызда ұлымды медициналық сараптамадан өткізіп, жарақат жоқ деген қорытынды толтырған. Ертеңіне уақытша ұстау абақтасына барған кезде сол жердегі фельдшер қарап, денесінің сау жері жоқ деген сараптама берген. Тергеушілер оқиға орнына иіс сезгіш ит алып барған. Ит  ешқандай иіс таппайды. Арада үш ай өткенде ит иіс тапты дейді. Сотқа сараптама қорытындысын берген маман шақырылды. Қорытынды қазақ тілінде берілген. Өте сауатты жазылған. Бірақ сарапшының өзі қазақ азаматшасы болғанымен, қазақ тілін білмейді. Сотта сараптаманы өзім бердім дейді, бірақ қазақша білмейтін оған сенуге бола ма? –дейді сотталушы Ержан Мінайдаровтың әкесі Шардарбек Шатырбаев.  

       Әлімжанов Мұстафаның анасы Баршагүл Әлімжанованың айтуынша, тергеу барысында қылмысын мойындату үшін ұлының мұрнын ұрып сындырған. Көздері қанталаған, миы шайқалған. Оң жақ бүйрегі қатты соққыдан зақым көрген. Ұрған кім? Кезінде осыны анықтау үшін прокуратура қылмыстық іс қозғайды. Іске куәгер ретінде аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тартылады. Ақыр аяғында қылмыстық іс қысқартылған. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осы. Дегенмен...

Баспасөз мәслихатының негізгі тақырыбы бұл емес болып шықты. Арызданушылар биылдың 17 тамызында Шардарада пошта бөлімшесінің тоналғанын алға тартып, бұл оқиғаның 2013 жылғы банк тонау ісіне тікелей қатысы бар екеніне сенімді. Таратыңқырап айтайық.

Шардарадағы «Халық банкінің» филиалынан 63 миллион теңге 2013 жылдың 13 желтоқсанында ұрланды. Ізкесушілер бұл іске «оқиға кезінде ұйықтап жатқанмын» деп ақталған күзетші  А.Жабаевты күдікті көріп, оны қамауға алады. Арада үш айтқанде банктің бастығынан бастап бес қызметкер қамауға алынады. Тергеу амалдары жүріп жатқан кезде  2014 жылдың жазында Шардарадағы «Халық банкінің» банкоматы тоналып, 7 миллион теңге қолды болады. Бұл қылмыс осы уақытқа дейін ашылмаған көрінеді.  Міне, сол кезде-ақ  ел арасында «Шардарада қарақшылық жасауды кәсіп еткен қылмыстық топ бар, банкті де осы топ тонаған» деген әңгіме тараған болатын. 17 тамыз күні Шардарада пошта бөлімшесінің тоналуы осы күдікті күшейте түсті. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда түнгі уақытта бетперде киген, қос ауызды шолақ мылтық пен шеге суырғышпен қаруланған белгісіз үш азамат ғимаратқа терезе арқылы кіріп, күзетшіні скотчпен байлап тастаған. Қарақшылар мекемеден жарты миллион теңгеден астам ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалайды. 

Қылмыскерлер алдын ала жоспар құрып, тыңғылықты дайындалған. Олар ғимаратта бейнебақылау камералары мен дабыл жүйесінің жоқтығын күні бұрын білген. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, шұғыл іздестіру шаралары басталады. Ізкесушілер қарақшыларды сол күні-ақ құрықтаған. Ұсталғандар Шымкент қаласының және Шардара ауданының 1982, 1984 және 1989 жылы туылған тұрғындары болып шықты. Барлығы да жұмыссыз. Олардан айғақтық заттар алынды.   «Лексус» маркалы автокөлігінің салонынан арнайы таңбасы бар әртүрлі монеталы және қағаз купюралы--теңгелер, сондай-ақ, травматикалық тапанша және дыбыс тұншықтырғысы бар  ИЖ маркалы тапанша, қос ұңғылы шолақ мылтық оқ-дәрілерімен, скотч орамасы, қара бетперделер және қолғаптар алынған. «Полицейлер осы аталған қылмыстық топтың басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Күдіктілер өзінің қылмысын толық мойындап отыр. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар Шардара аудандық сотымен 2 айға қамауға алынды» дейді облыстық ішкі істер департаментінің таратқан мәліметінде. Ұсталғандардың 2013 жылғы банк тонау ісіне қаншалықты қатысы бар?

Баспасөз мәслихатына қатысқан Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Жаңабек Әбішевтің ойынша ұсталған күдіктілердің 2013 жылғы банк тонауға қатысы болған күннің өзінде ол бәрібір «жабулы қазан жабулы» күйінде қалады. Бұл қылмысты мәжбүрлі түрде  мойындатқан, жазықсыз жауапқа тартқан тергеушілер, прокурорлар үшін тиімді. 

Гүлназ Ахметованың ойынша, бәрі де алдын ала шебер ойластырылған. Банк тонау қылмысын ашу «Халық банкі» төрағасының орынбасары мен банктің қауіпсіздік қызметінің басшысының жоспары бойынша жүргізілген. Жеке күзет агенттігімен жасасқан келісімге сәйкес банк тоналған жағдайда келтірілген шығынды күзет агенттігі төлейді. Келісімнің бір тармағында егер тонауға банк қызметкерлерінің қатысы болса, күзет агенттігі шығын төлеуден босатылатын көрінеді. Шардарадағы банк тонауға банк қызметкерлерінің өздерін кінәлі етудің астарында осы қаржылық жауапкершіліктен жалтару жатқан көрінеді.   Тергеу кезінде М.Ахметов бұл іске «Халық банкінің» облыстық филиалы бастығының қатысы барын айтады. Алайда ол жауапкершілікке тартылғанымен, кейіннен босатылған.

Іс облыстық сотта қаралған кезде судьяға сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылған. Алайда ол қанағаттандырылған жоқ. Сотталушылардың туыстары, тілеулестері «Халық банкінің» президенттің отбасына тиесілі екенін, ал судьяларды президент тағайындайтынын алға тартып,  бұл жағдайда соттың бейтараптылығына нұқсан келе ме деген күдіктері бар. «Халық банкінің» президенттің қызы мен күйеу баласы, қазақстандық миллиардерлер Динара, Тимур Құлыбаевтарға тиесілі екендігі белгілі. Тимур Құлыбаев дәулетті ғана емес, билікке де ықпалы зор тұлға. Уақтысында ол осы ықпалын пайдаланып, құқық қорғау органдарының басшыларына қылмысты тез ашу туралы өтініш білдірген болуы мүмкін бе? Солай болған күннің өзінде «жазықсыздан қылмыскер жасаңдар, ұрыңдар, соғыңдар, азаптаңдар» демеген шығар. Жалпы «Шардара ісінде» күдікті жайттар көп. Сот үкіміне қарағанда сотталушылардың ешқайсысы өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Жоғалған 63 миллион теңге осы уақытқа дейін табылған жоқ. Күдіктің ең үлкені осы емес пе? Күдік бар жерде түрлі әңгімелердің айтылуы, мұның ақыры құқық қорғау органдарының абырой-беделіне нұқсан келетіні айтпаса да белгілі. 

Енді сотталушы тарап облыстық соттың кассациялық алқасына шағым бермек.   

Б. ЕРНАЗАР, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Еуропаны босқындар қаптап келеді
Қытай үйретеді, Қытай...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу