Шымкенттегі жабайы базарлардың артында кімдер тұр?
Шымкенттің батыс жақ бөлігінде жатқан Исмаилов көшесін тұрғындар әлі күнге байырғы атауымен - Громов көшесі деп атайды. Көшемен жеңіл көліктермен қатар ауыр жүк көліктері де, қоғамдық көліктер де жиі жүреді. Көлік кептелісі мұнда үйренші жағдайға айналған. Бұдан бөлек, Исмаилов көшесінің бойында қаз-қатар тізілген сауда орындарында тіршілік қызу жүріп жатады. Жақын маңда темір жол магистралы тағы бар. Мұның бәрі де аталған аймақтағы ахуалдың қаншалықты күрделі екендігін байқатса керек. Соңғы жылдары мұнда сауданың қамымен көшеден әрлі-берлі жүгіріп өтемін деп, ажал құшқандардың саны он шақты адамды құрапты. Өздерінің амандығына, әсіресе, бауыр еті балаларының тағдырына алаңдаған ата-аналар «Нұр Отан» партиясына, әкімдікке, құқық қорғау органдарына талай рет арызданған. Бірақ, заңсыз сауда орындарының жұмысын тоқтатуға келгенде түсініксіз кедергілер пайда болатынға ұқсайды. Жуырда аталған көшеге рейдке шыққан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов те осы мәселеге арнайы тоқталды.
- Исмаилов көшесі бойындағы заңсыз сауда нысандарының жұмысын тоқату мақсатында осы кезге дейін жұмыстар жүргізілген. Алайда, полиция қызметкерлері іске кіріссе болды, әлдебір шенеуніктер «пайда болып», «сендердің бұл әрекеттерің заңсыз, олар саудасын жүргізе берсін, кедергі келтірмеңдер» дейтінге ұқсайды. Бұл әрекеттің не себепті және кім тарапынан туындап жатқаны бізге түсініксіз. Біздің мақсатымыз – заңсыз жұмыс істеп жатқан дүкендердің жұмысын тоқтату,--деді әкім орынбасары.
Заңға қайшы жұмыс істеп жатқан темір-терсек сататын дүкендер жол жүру қауіпсіздігіне де, темір жол қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізіп келеді. Кеше ғана темір жол бойында кран аударылып кетіп, үлкен аялдама езіліп қалды. Құдай сақтап, оқиға кезінде аялдамада ешкім болмапты. Егер болғанда ше? Қандай да бір әрекетті жасау үшін міндетті түрде адам шығыны орын алуы тиіс пе?
Қазіргі кезде қала әкімдігі тарапынан Исмаилов көшесін кеңейту мәселесі қаралып жатыр. Өйткені, бұл жолмен автокөліктердің жүруі күн санап қиындап келеді. Аялдамаларға тоқтаған әр автобустың артында кептеліс пайда болады. Сол себепті жолдың сол жақ бетінен жаяу жүргішілерге арналған тротуар салу қарастырылуда. Қалалық әкімдіктің өкілдері мұны көпке созбай, биыл-ақ іске асырсақ деген жоспарымыз бар дейді.
Б.Нарымбетов бастаған рейдке «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары да қатысты. Ө.Мелдехановтың айтуынша, бұл келеңсіздіктерге байланысты тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түскен. Бірақ, әзірге өзгерген ештеңе жоқ, баяғы жартас сол жартас.
--Біріншіден, бұл көлік көп жүретін үлкен жолдың жағасы, екіншіден, жаяу жүргіншілер жолы түрлі темір материалдарымен жабылып қалған. Соның салдарынан жол жүру ережесі жиі бұзылып, жергілікті тұрғындардың тыныштығы бұзылуда. Жабайы базарды құзырлы органдарда істейтін лауазымды азаматтардың өздері қолдап-қолпаштап отыратыны, орысшалап айтқанда «крышавать» ететіні байқалады. Сонда заңсыздықты жояды деген органның керісінше оны қанатының астына алғаны қалай? Осындай олқылықты жою үшін Шымкент қалалық әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары бірлесіп жұмыс істеуге көшті. Құқық қорғау органдарының кейбір басшыларынан қолдау көріп отырған заңсыз сауда орындарын жою жөнінде шешімге келдік. Әрине, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі емес, демеу болуымыз керек. Бірақ, барлығы да заң аясында жүргізілуі тиіс. Ал, заңсыз әрекеттерге жол жоқ,--дейді төраға.
Көпшіліктің наразылығын туғызған, бірнеше адамның өліміне себеп болған «жабайы базар» аумағында 19 жер телімі болса, соның 12-сінде заңсыз құрылыс нысандары жұмыс істеп жатыр. Негізінде бұл жер телімдері тұрғын үй салу мақсатында берілген екен. Рейд барысында темір жол мамандарымен де ақылдасып, кеңесіп, көшені қаншалықты кеңейтуге болатындығы талқыға түсті. Бұл, әрине, әзірге ауызша ақылдасу. Осының негізінде заңгерлермен бірлесе отырып, нақты жоба-жоспар жасалып, алдағы уақытта нақты жоспарлар бойынша жұмыстар жүргізілетін болды. «Заңсыз дүкендердің әрі қарай жұмыс істеуіне жол бермейміз» деп тарқасты рейдке қатысқандар. Өйткені, Шымкент қаласының әкімдігі соңғы жылдары заңсыз сауда орындарын жою, жабайы базарлардың жұмысын тоқтатуға ерекше ден қойып келеді. Бұл тазалық үшін де, тәртіп үшін де қажет дүние.