Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Жыныстық қатынас тәрбиесін (егер сұрақ осыған қатысты болса) мен тұрмысқа шыққанда бірақ білдім. Ұққаным, бұл саладағы менің ойым өте турпайы болыпты (күледі), күйеуім сол кезде мединституттың студенті еді, анатомияға менің сауатымды ашып берді». Дариға Назарбаева 1998 жылы «Новое поколение» газетіне осындай сұхбат берген-ді. Ол кезде Д. Назарбаеваның бұл сөзіне көпшілік мән бермеді. Анатомиядағы сауаттылығымен Д. Назарбаеваны қуантқан Рахат Әлиев 2013 жылы елдің зәресін ұшырды.
Бас прокуратруа өкілінің адам шошырлық қысқаша сөзі: «Қылмыскерлер банкирлерді алып шығардан бұрын олардың бірінің шаштарын тықырлап алып тастаған, екіншісінің бас сүйегін тескен, сосын бастарына қара целлофан қап кигізіп, мойындарын жіппен буындырып, мәйіттері тез іріп кету үшін ішіне әк салынған бөшкеге екі бүктеп тығып, жер астына көміп тастаған». Бұл қайғылы оқиға марқұм Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиевтерге қатысты. Екеуі де Рахат Әлиевтің иелігіндегі «Нұрбанкте» ұзақ жылдар қызмет еткен.
Осы дауға дейін Рахат Әлиевтің тасы өрге домалап тұрды.
Атақты хирург, академик Мұхтар Әлиевтің ұлы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, Дариға Назарбаеваның күйеуі, қазіргі Әділет министрі Берік Имашевтің туған құдасы, Нұрәлі, Айсұлтан, Венера есімді үш баланың әкесі Рахат Әлиев туралы шатақ ең алдымен 2001 жылы шыққан еді. Оған дейін ол кәсіпкерлікте нан тауып, аз ғана жылдың ішінде «Қант орталығы» холдингіне, «Нұрбанк», «Мобил» жанар-жағармай бекеттер желісіне, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына, Павлодар мұнайөңдеу зауытының жартылай акциясына, «Хабар», «КТК» телеарнасы, «Караван» газеті, Kazakhstan Today агенттігіне қожалық жасады (Алайда, Р. Әлиевтің өзі көпке дейін бұл байлығын терістеп жүрді. Тіпті, 2005 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлын «Хабар» ісі бойынша сотта жеңіп шықты. Бірақ, кейіннен 2007 жылы олар осы компанияның бәрі өздерінікі екенін, медиа-магнат болғанын ашық мойындап, соның бәрін мемлекет күштеп тартып алып жатыр деп, айғай салды).
Осылайша, бизнес пен мемлекеттік қызметтің тізгінін қатар ұстап, шексіз табыстың астында қалған Рахат Әлиев 1999 жылдың қаңтар айында ҰҚК-нің Алматы қаласы мен облысындағы департаменті бастығы болып, ал 2001 жылдың мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Дәл сол жылы күзде «Қазақстанның демократиялық таңдау» қозғалысы құрылып, жас түркілер президенттің күйеу баласының рейдрлік әрекетін сынға алды. Осы саяси қақтығыстан кейін іле-шала Рахат Әлиев президенттің күзет қызметіне басшылыққа тағайындалды. Ал, жас түркілердің кейбірі үкіметке кері қайтып, қайтпағаны қуғына түсті. 2002 жылы президент күйеу баласын «дипломатиялық айдауға» жіберіп, Австрияға елшілікке асырды. Ал, 2005 жылы ол қайтып келген кезде көрнекті мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы «Рахат Әлиевтің оралуы–соғыс!» деген болатын. 2006 жылы ақпан айында Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісі Бауыржан Байбосын, Василий Журавлевпен оққа байланды. Мемлекет қайраткерлерінің туыстары мен серіктері осы қылмыстық іске қатыстырлар арасында Рахат Әлиев пен оның ет жақындары басты күдікті дегенімен Қазақстан соты олардың бұл сөздерін құлақтарына қыстырмады. Ал, бұл кезде Рахат Әлиев «Қазақстанда монархиялы жүйе орнауы тиіс, елді президенттің туыстары ғана басқаруы шарт» деп саяси бағытын саптап жатты.
2007 жылдың қаңтарында Р. Әлиевке қатысты жаңа дау шықты. «Нұрбанк» топ менеджерлері Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлив із- түзсіз жоғалып кетті. Солардың ортасында жүріп, ажал тырнағынан аман қалған, Иманғали Тасмағамбетовтің жиені Әбілмәжин Ғылымов сол кездері Рахат Әлиевтің өздерін қалайша қинап, қорлағандарын «Астана» телеарнасы арқылы баршаға жайып салды. Кейіннен Дариға Назарбаеваның күйеуінің басқа да қылмысқа қатыстылығы айғақталды. Мәселен, Р.Әлиев КТК телеарнасының журналисі, өзінің ашынасы болған Анастасия Новикованы шетелде өлтіртіп, оның сүйегін дипломатиялық жүк арқылы ұшақпен алып өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысының жеріне жеткізіп, тығып көмгізген.
2007 жылдың мамырында «Нұрбанк» ісіне қатысты Р. Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол кезде күйеу бала Австрияға қашып кеткен-ді. Вена полициясының қолына түскенімен миллиондаған кепілдеме төлеп шығып кетті. Австрия Қазақстандағы сот жүйесінің әділдігіне күмәнданып, қашқынды қайтармады. 2007 жылдың маусымында Алматы қалалық соты Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваны сырттай ажырастырды.
Қашқын қарап жатпады. Өзі секілді қашқын, құқық қорғау орындарының іздеуінде жүрген қазақстандық кәсіпкер Мұратхан Шоразовтың қызы, австриялық азаматша Елнар Шоразоваға үйленіп, соның есімін алып, Рахат Шораз болып өзгерді.
2008 жылы Алматының соты Рахат Әлиевті 20 жылға сырттай соттап, барлық марапат, мемлекеттік атақтарынан айырды. Кейіннен басқа да қылмыстарына байланысты тағы да 20 жылға үкім шығарды. Осылайша, рейдрлік, адам ұрлау, қаржылық қитұрқылық, қылмыстық топ құру, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну баптары бойынша ол жалпы саны 40 жылға кесілді. Бұл кезде Рахат Шораздың шығармашылық шабыты тасып, «Өкіл қайын ата» атты кітабын жазып шықты. Бірақ, оның бұл еңбегін елде таратуға, басуға заң бойынша тиым салынды.
Арада тынышталып қалған 4-5 жылдан кейін, яғни, 2013 жылдың желтоқсан айында Бас прокуратура «Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін өлтіруге тапсырыс беруші Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деп мәлімдеме жасады.
Осы жылдың 5-ші маусымда Венада Рахат Әлиев тұтқындалды деген ақпарат тарады. Қорғаушысының айтуынша, ол «Нұрбанк» ісі бойынша түсініктеме беруге өз еркімен берілген. Кейбір ақпараттар бойынша, осы іске қатысты қашқындағы Әлнұр Мұсаев түсініктеме беріп үлгерген.
Қазақстан билігінің бас ауруына айналған Рахат Әлиев пен оның досы Әлнұр Мұсаевты елге қайтара ма? Ерінбеген бұқаралық ақпарат құралдары осы сұраққа жауап іздеп жатыр. Ресми орындар әзірге үнсіз. Ал, сарапшылардың пікірі әрқилы.
Бірі қашқындар өздерінің жеке қауіпсіздіктері үшін бас сауғалап сотқа барған, сол жерде тергеу ісін 3-4 жылға созып, алдағы жылдары өтетін сайлаудың нәтижесін күте тұрмақ дейді. Екіншілері болса, олардың барар жер, басар тауы қалмады дегенге салады. Үшіншілері ендігі жердегі Р. Әлиевті біреулердің қолындағы сауда құралына, оның құнын мүдделер арасындағы тіл табысу мен саудасына байланыстырады.
Қалай десек те, талай жанның қанын мойнына ілген Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев қазақ түрмесіне түссе, биліктің жүйкесін тыныштандырары сөзсіз. Ондай жағдай туып, қазақ сотының алдына қанқұйлы қылмыскерлер бір келсе, оларға қойылатын сұрақтардың аз болмасы анық. Мәселе – сонда оларды сөйлете ме?