Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып қала беретінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізген болатын. Осы кездесу барысында туындаған сұрақтарға қатысты Руслан Желдібай жазба қалдырды.
“Бұл жерде, ең алдымен, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болып отыр. Жиында жаңа көлік дәліздерін ашу мәселесі талқыланды. Бұл бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді жоспар. Шын мәнінде, қабылданған шешімдердің ешқандай саяси астары жоқ”, – деп жазды Руслан Желдібай.
Руслан Желдібай екі елдің арасындағы байланысқа қатысты сөз қозғады.
“Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз”, – дейді ол.