«Екеуінде де кінә теңдей» - Талдықорған мектебіндегі оқиға
Бүкіл қоғам болып бір баланы сабап жатырмыз! Бірақ, біз бұл оқиғаны үш күннен кейін мүлдем ұмытамыз. Ал, осы бір сәт, осы бір оқиға о баланың өмірінде қара дақ болып мәңгіге қалды.
Рас, мұғалімдерді, үлкендерді сыйлау, құрметтеу керек. Талассыз. Бірақ, ол құрмет саған жасалған қарым-қатынас, көзқарас, диолог арқылы туатынын неге ұмытып кетеміз?
Мысалы, бір үлкен адам мені негізсіз балағаттап жатса, немесе масадай ызыңдап, үздіксіз жүйкемді жұқарта берсе, оның жасын сыйлап бәріне төзе беруім керек пе?
Әрине, мұғалім баладан оқуды, тәртіпті болуды талап етуі керек. Бірақ, талап еткен осы екен деп, межеден асып кетсе, оған бағынбауға әркім-ақ хақылы.
Мен жас баланы анау күйге не түсіргенін білмеймін. Егер еш себепсіз осылай өркөкіректеніп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатса, оны жындыханаға қарату керек. Ал, мұғалім тарапынан бала төзбейтін іс әрекет жасалса, оған ұстаз да жауапты болуы қажет.
Ана бала не үшін жарылды? Осындай психологиялық күйге не, яки кім түсірді? Біз видео-жазбаның қиындысын ғана көрдік. Сол көргенімізбен-ақ өтпелі кезеңнің өткелінде тұрған жеткіншектің тағдырына балта шауып жатқан жоқпыз ба?
Баяғыда тура осыған ұқсас бір оқиға біздің де сыныпта болған. Ұмытпасам, физика пәнінен болу керек, бір орыс жігіт уақытша сабақ берді. Бір күні әлгі жігіт Абай деген баланы тыңдата алмай, боқтап жіберді. Абай тақтаға атып шығып, жеңін түріп жіберіп, жекпе-жекке шақырған.
Рас, біріншіден, бала ұстазды тыңдамады. Екіншіден, ұстаз тыңдата алмады.
Екеуінде де кінә теңдей.
Сосын ұстаз оқушының арына тиіп балағаттады.
Оқушы жекпе-жекке шақырды.
Жоғарыдағы оқиғаның да формуласы осыған ұқсас болса керек.
Әркімнің өз мүддесі бар. Мені көптің пікірімен таразының бір жақ басы ауыр тартып басып кететіні өкіндіреді.
Бұрын біздің ауылда талапшыл бір ер ұстазды оқушылары түнде есекке теріс мінгізіп, арқанмен таңып кеткен екен. Әлгі ағайымыз таң атқанша әлгі есектің үстінде тоңқаңдап, жамбасы ойылғанша жүріпті.
Мен мұндай істерді дұрыс деп отырған жоқпын! Анау балағат сөздерді естіп, шарасыз қалған ұстазды да аядым. Сөйтсе де, қазіргі қоғам мінезсіздердің, көнбістердің қоғамы.
Мынандай мінезді балаларды біржола сындырып тастамай, дұрыс жолға салудың жолын тапсақ етті.
Мына жайт ол бала үшін - "трагедия". Ол осы шудан құлағын бір жола тыныштандырудың жолын тапса, оны табалағандардың бәрінің мойнында адам қаны кету қаупі бар!
Осыны әлгі облыстық білім басқармасындағылардың құлағына сыбырлай салыңыздаршы...
Қанат Әбілқайырдың Facebook парақшасынан