Тоқмади Мәсімов туралы шындықты айтты

Oinet.kz 09-03-2022 1517

OINET.KZ - Осыдан бірнеше жыл бұрын аңшылықта белгілі банкир Ержан Тәтішевті атып өлтіргенін мойындап, сол үшін ұзақ жылға сотталып кеткен бизнесмен Мұратхан Тоқмади Президент Тоқаевқа хат жазды. Хатта ол ешкімді өлтірмегенін, бәрін Кәрім Мәсімовтың жетекшілігімен ҰҚК, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің қысымымен мойындауға мәжбүр болғанын мәлім етті. 

Screenshot_4.jpg

ҚазТАГ-тың жазуынша, хатта ол 2017 жылы табысты кәсіпкерден бір мезетті бейшара саяси тұтқынға айналғанын баяндайды. 

-Маған, менің отбасыма, туыстарыма, әріптестеріме, достарыма «құқықтық вандализм» жасалды. Осының бәріне Кәрім Мәсімов жетекшілік етті,-дейді Тоқмади. Орыс тілінде жазылған хатта ол  тергеу тобына ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов деген азаматтың басшылық жасағанын мәлім етеді. Тергеушілер қорқыту, ұрып-соғу, азаптау, моралдық-психологиялық қысым жасау, қылмыстық істі фальсификациялау арқылы 20-30 жыл бұрынғы фактілер бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жұбайына қарсы үш іс ашқан. Туыстарын тұтқындаған, бизнестерін бұғаттаған, мүліктеріне тыйым салған,  бұдан басқа да көптеген әдіс-тәсілдер арқылы кінәні мойындау туралы  процесстік келісім жасауға мәжбүрлеген. Келісім бойынша Тоқмади бизнестегі бұрынғы әріптесі Непропекин деген азаматы бопсалағанын, 2004 жылы Мұхтар Әбіләзовтың тапсырысы бойынша банкир Тәтішевті өлтіргенін мойындауы тиіс болған. Тергеушілер оған «бізге Непропекин де, сен де керек емессің, тек МӘ (Мұхтар Әбіләзов) керек» деген көрінеді. 

Ақыр аяғында тергеушілер оны  ҰҚК-ның жүйе аурулары госпиталына жатқызған. Төрт айлық осындай азаптаудан кейін олар «жұбайыңды 15 жылға соттап, балаларыңды жетімдер үйіне өткіземіз» деп қорқытқан. 2017 жылдың 18 қарашасында ол процесстік келісімге қол қоюға мәжбүр болған.

Осы жерде айта кетейік, 2004 жылдың желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданында Тоқмади мен банкир Ержан Тәтішев аңшылыққа шыққан. Осы жолы көлік ішінде абайсызда атылып кеткен оқтан Тәтішев қаза табады. Кейінірек, Тоқмади абайсызда болған кісі өлімі үшін шартты түрде жаза алған.  2017 жылы ол Тәтішевты 2004 жылы аңшылықта Әбіләзовтың тапсырысы бойынша өлтіргенін мойындайды. Сол үшін Тоқмади 2018 жылы Жамбыл облыстық қылмыстық істер сотының үкімімен 10,5 жылға сотталады. Осы жылдың қарашасында Әбіләзов Тәтішевтің өліміне тапсырыс бергені үшін сырттай өмірлік бас бостандығынан айырылады. 

Тоқмадидің жазуынша, тергеушілер оны алдап кеткен. Оның мерзімі бар-жоғы алты айға ғана қысқарған. 2021 жылдың қарашасында оған бес жылдан кейін әйелімен қысқа уақыт кездесуге рұқсат берілген. Осы кездесуде ҰҚК оған жұбайы арқылы  егер үнін шығаратын болса, ешқашан түрмеден шықпайтынын ескерткенге ұқсайды. Тоқмади  хатының соңын қазақ тілінде  «Шындық пен әділет – әр адамға қажет қасиет!» деп аяқтаған. 

Президент, Бас прокуратура Тоқмадидің хатына қатысты қандай шешім қабылдайды? Егер оның айтқандарының бәрі расталса, онсыз да ауыр айыптармен қамауда отырған Мәсімовтың жағдайы тіптен қиындайтын сияқты. 

Айналып келгенде мұның бәрінен Мұхтар Әбіләзов ұтайын деп тұр. Өйткені бұл фактілер Әбіләзовтың шын мәнінде саяси қуғын-сүргін құрбаны екендігін растайды.

Ресей мен Украина әлі татуласа алмады
«Бастығы сияқты»: Путин тек Назарбаевтан аяқ тартуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу