«Асқарды да бұрышқа тұрғызған кезіміз болған»: Мәсімов пен Мамин бір сыныпта оқыған
Қазақстанның экс-премьері, үкіметті екі рет басқарған, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен Үкіметтің қазіргі жетекшісі Асқар Мамин бір сыныпта оқыған. Апырай, Қазақстанның екі бірдей премьер-министрін түлетіп шығарған бұл не деген тарихи сынып десеңізші.
Целиноградтағы болашақ премьерлер тәлім алған Киров атындағы №1 орта мектеп сол жылдары қаладағы ең таңдаулы білім ошақтарының бірі болған. Мұнда өңшең қатарынан озық шыққан, математикаға бейімі барлар ғана оқыған көрінеді. 2007 жылы «Мегаполис» басылымына берген сұхбатында Мамин мен Мәсімовке сабақ берген ұстаз олардың қандай оқкшылар болғанын айтып берген екен. Ұстаздың сол кездегі айтқандарының бәрі айна-қатесіз, дәл берілген баға дерсіз.
Қазақ тілінен сабақ берген Муслима Айсаққызын әріптестері мен шәкірттері Марья Исаковна деп атап кеткен екен. Ол былай дейді:
– Мамин үнемі алдыңғы партада отыратын. Ол ұстамды еді, сабақты жақсы оқыды, бірақ кейде балалығының ұстап қалатыны бар еді. Бірде бүкіл сынып болып картоп теруге шықтық. Асқар жолдастарымен бірге қашып кетіпті. Келесі күні оның осы қылығы үшін жауап беруіне тура келді.
Мен қазір қарапайым зейнеткермін. Ал мектепте өте қатал мұғалім болатынмын. Өзбілермендерді үнемі жазалап отыратынбыз. Асқарды да бұрышқа тұрғызған кезіміз болған. Ол аздап қулау еді. Біреудің дәптеріне көз салып, көшіретін кезі де кездесетін. Сол үшін жазаланатын. Оны сыныптан шығарып жіберген сәттерім де есімде. Бірақ 5 минуттан кейін аяп, «бар да отыр, енді бұзықтық істеме» деп ескертетінмін. Егер ол дәптерін жоғалтса, екілік қоятынмын. Сол кезде сынып жетекшісі келіп, «мынаны үштікке жөндеп беріңізші» дейтін. Мен жөндеп беретінмін. Жалпы алғанда Асқар жаман бала емес еді.
Кәрім де жақсы бала болатын. Мен оны жақсы білемін. Бірде үйге саябақ арқылы келе жатқанмын. Қолымда үйде тексеру үшін алып келе жатқан ауыр дәптерлер бар еді. Кәрім сол кезде бір баламен дәптерлерді алып жүруге жәрдем берген.
Олар бірінші сыныпқа 1972 жылы барды. Біздің мектебіміз ең таңдаулы дегенімен бәрібір оқулық, көмекші құралдар жетіспей қалатын. Ол кезде қазақша сөйле деген талап жоқ. Мамин мектепте қазақша білетін санаулы оқушылардың бірі еді. Бірақ ол бәрібір бұл пәннен төрттен жоғары баға алып көрген жоқ.
Ол кезде көптеген балалар қазақша білетініне ұялатын. Қазақша сұрасаң жауап бермейді немесе «мен қазақша түсінбеймін» дейтін.
Маминнің қазақ тілінен қаншаға оқығаны есімде жоқ, бірақ жылдыққа үнемі төрт шығатын. Мәсімов та төртікке оқыды. Бірақ бұл оның өз бағасы емес еді. Мен Кәрімге төрттікті қазақшаны жақсы білгені үшін емес, мұғалімдердің өтініші бойынша қоятынмын. Себебі оның басқа пәндерден алған бағаларының бәрі бестік. Егер аттестатына үштік түссе, келешегіне зиянын тигізетін еді. Ол қазір де қазақшаны жарытып білмейді ғой. Екі сөз айтса, үшіншісін оқып береді. Таныстарым маған «Марья Исаковна, шамасы, шәкіртіңе нашар білім бергенсің-ау» дегенді айтады. Мен сол үшін ұяламын. Кәрімге сол кезде «Мені ұятқа қалдырма, қазақша оқы» деу керек сияқты.
Марья апайдың айтуынша, Кәрім Мәсімов аталған білім ұясында төртінші сыныпқа дейін оқыған (шамасы ол осыдан кейін Алматыдағы физика-математика мектебіне ауысып кеткен – ред.). Ал, Мамин осы білім ұясын бітірген. Марья Исаковна, оның сынып жетекшісі де болған. Қазір бұрынғы шәкіртін тек теледидардан көреді. Жуырда мектеп басшылығы ардагерлерді жинап, мерекесімен құттықтапты. Ұстаздар Мамин мен Мәсімов келеді деп ойлаған. Бірақ олар түлеп ұшқан ұяларына оралмаған.
Марья Исаковнаның шәкірттеріне айтар сөзі бар:
– Қазір маған Маминнің жұмысын бағалау қажет болса, онда оған (бұл кезде Асқар Мамин Астананың әкімі қызметін атқарып жүрген) төрттік қояр едім. Бестікке жету үшін әлі де жұмыс істеу қажет. Алдымен базардағы бағаны төмендетсін. Ал Кәрімге (Мәсімов бұл кезде үкімет жетекшісі) үштік қоямын. Менің ойымша, ол адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын мүлдем білмейді. Зейнеткерлерді қолдамайды. «Құрылысты дамыту керек» дей береді. Ал зейнеткерлерді, көп балалы аналарды, жастарды ұмытып кеткен. Мен оған былай дер едім: «Кәрім, қазір 15 мың теңгемен қалай өмір сүруге болады? Дәрі-дәрмек, азық-түлік қымбат. Жарық пен жылу да қымбаттағалы жатыр. Сенің не ойлағаның бар?».
12 жылдан кейін ұстаз бұл сауалды Маминге де қойған болар ма еді?
"Рейтинг" газеті, ақпан, 2019 ж