Мәди Ахметов Жамбылдағы жарылыс үшін Маминге шүйлікті
Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғадан бері бір күн өтсе де, Үкіметтің жұмысына тікелей жауап беретін Премьер-министр үнсіз отырғанын жазды.
«Арыстағы жарылыс араға 2 жыл 2 ай 2 күн салып Байзақта қайталанды. Тәуелсіздік жылдарында елімізде үлкенді-кішілі 8 жарылыс орын алған.
Осындай жағдайлардың себебін анықтап жоюдың орнына әлі күнге салдарымен күресіп келеміз.
Бейбіт күнде жауапсыздық пен жүйесіз жұмыстың кесірінен 5 бауырымыз мерт болды. Кешелі бері Үкіметтің жұмысына тікелей жауап беретін премьер үнсіз.
Министр отставка кетсе бұл мәселе шешіледі деген сөз емес. Көзбояушылыққа негізделмеген, түбегейлі реформа қажет. Оны түбіне дейін жеткізетін өз принципі бар адам қажет. Жамбылдықтарға сабыр тілеймін, қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Кеше түннен бері сол жерде көмек көрсетіп жатқан еріктілерге ризашылығымды білдіремін.
Арандатушылыққа жол бермеу керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деп жазды Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов.