Президент жарылысқа кінәлілерді жазалауды тапсырды

Oinet.kz 27-08-2021 1965

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Жиынға премьер-министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты деп хабарлайды Ақорда. 

Screenshot_2.jpg

Президент қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.

"Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық шараларын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент орталық және жергілікті органдардың жұмысын дұрыс үйлестіру керек екенін айтты. Қажетсіз кедергілерді жойып, уақыт ұттырмай жедел қимылауды, ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтару шараларын қолға алуды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе ретінде апаттың себептерін анықтау қажет екенін айтты. Бұндай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Арыста болған жарылысты еске алып, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелердің бар екенін айтты. Президент Арыс оқиғасынан кейін арнайы тапсырма бергенін, енді осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп аяқтауға тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше оқиғаға байланысты бірқатар шараларды шұғыл қолға алуды тапсырды. 

"Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Назарбаев Байбекті қабылдап, бірқатар тапсырмалар берді
Мәди Ахметов Жамбылдағы жарылыс үшін Маминге шүйлікті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу