Путиннің хан сарайындай үйі жұрттың таңдайын қақтырды (фото, видео)
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Ютуб арнасына "Дворец для Путина" деген бейнематериал жүктеді. Мұнда ол Геленджик қаласының түбіндегі хан сарайын көрсетеді. Навальныйдың айтуынша, бұл сарай - Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге тиесілі деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
17,6 мың шаршы метр аумақты алып жатқан сарай Ресейдегі ең ірі жеке тұрғын үй болып есептеледі.
Навальныйдың зерттеуі бойынша, аталған ғимаратқа келушілердің барлығына камерасы бар ұялы телефондарды алып келуге қатаң тыйым салынады және аумаққа кіретін барлық машиналар бірнеше бақылау бекеттерінен өтеді.
Жабық аймақта сарайдан басқа жабық мұз сарайы, шіркеу, 2,5 мың шаршы метрлік жылыжай, 80 метрлік көпір және амфитеатр бар. Сарай тік жағалауда орналасқандықтан, теңізге шығу үшін арнайы туннель қазылған. Оның соңында терезесі теңізге қарайтын дегустация бөлмесі бар.
Сарай кешенінің өзі 68 га құрайды, бірақ сарайдың айналасындағы 7000 га жер ФСБ бақылауындағы жабық аймақ болып табылады.
Дегенмен, РФ Президентінің баспасөз хатшысы бұл ақпаратты жоққа шығарды.