Сайлауға дайындық тиісті деңгейде емес
Егер облыс орталығындағы сайлау учаскелері 100 пайыз дайын болмаса, онда аудандар туралы не айтуға болады? Үш жағдай бойынша да Қордай ауданы артта қалып отыр. Шу және Т.Рысқұлов аудандарындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Барынша қысқа уақытта осы олқылықтардың барлығын жою қажет және мүмкіндігі шектеулі жамбылдықтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек.
Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау мәселелері бойынша облыстық штабтың отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Әкімдікте өткен жиында облыс әкімі, сондай-ақ алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткелі отырғандығын, саяси партиялар елдің саяси жүйесіндегі өз позицияларын нығайту үшін тең мүмкіндіктерге ие болатынын атап өтті. Ал облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін 51 партиялық тізім анықталып, оған 523 кандидат енгенін айтты. Үміткерлердің жалпы санының 43,8 пайызы әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар.
Облыс әкімі өңірде сайлауға дайындық тиісті деңгейде өтіп жатпағанын, сайлаушылардың тізімі толығымен қалыптаспағанына айтып, аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды. Сонымен қатар, Тараз қаласында және бірқатар аудандарда учаскелердің бәрі бірдей интернетпен, бейнебақылау камераларымен, пандустармен қамтылмаған. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев карантиндік шектеулер азаматтардың ел Конституциясында кепілдендірілген дауыс беру құқығын жүзеге асыруына кедергі болмауы тиіс екенін атап өтті. Дегенмен сайлаушылар, комиссия мүшелері мен бақылаушылар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы, ол үшін аудандарда тиісті жағдайлар жасалуы керек. Облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменовтің айтуынша, сайлау кезінде 1000-нан астам полицей заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді.