Сапарбек Тұяқбаев: «Мен сырттан келгенім жоқ, елге келдім, тәжірибем бар, қызмет етемін»
--Сапарбек Құрақбайұлы, облыс әкімінің орынбасары болып келгеніңізде «Бұл қай Тұяқбаев, Жармахан Тұяқбаевтың туысы емес пе екен?» деп, көпшіліктің елең ете қалғаны рас. Осы туралы өзіңіз айтып берсеңіз?
- Туыстық байланысымыз жоқ, жәй ғана фамилияласпыз.
--Өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз.
- Қазығұрт ауылында дүниеге келдім. Осындағы мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін білім алдым. Бұдан кейін білімімді қазақ-түрік лицейінде жалғастырдым. Әуелгі екі жылды Түркістанда, қалғанын Кентауда оқыдық.
Қазақ-түрік лицейінің бір ерекшелігі, терең білім берумен бірге мұнда тәртіп өте қатаң еді. Лицейде уақытты босқа өткізу деген болған жоқ. Ең бастысы, өз бетімізше шешім қабылдай білуге тәрбиелендік. Осы уақытқа дейін өмірде ешкімге арқа сүйемей, тек өз қажыр--қайратыма сеніп келе жатқаным, осы лицейдің берген тәлімінен болса керек. Шет елде білім алу мектеп қабырғасынан бергі арманым болатын. Лицейді бітіріп, жаңа өмірге қанат қаққан кезде елдің тұрмысы қиындау еді. Қарапайым инженер-электрик болып істейтін әкем жұмыссыз қалды. Осындай қиын жағдайларға қарамастан алға қойған мақсатыма жетуге ұмтылдым. Халықаралық олимпиадаларда жүлде алып келіп жүргенім ескеріліп, Білім министрлігінің арнайы бағдарламасымен әуелі Түркияда білім алдым. Сол жерде жүріп батыстың менталитетімен таныс болдық. 2000 жылдардан бастап дүркіреп дамып келе жатқан Қазақстан білімді жастарын шетелге жіберіп, оқытып жатты. Грантты жеңіп алу мен үшін аса қиын болған жоқ. Мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, Канадада оқыдым.
--Облыс әкімінің орынбасары қызметін сізге кім ұсынды? Алғашқыда оны қалай қабылдадыңыз?
--Ұсыныстың Елбасының тапсырмасынан шыққанын білетін шығарсыздар. Шет елде оқып келіп алғаш рет қызметке тұрып жатқан кезде біз сияқты жас мамандардың жалақысы 25-30 мың теңге болатын. Шет елде білім алған қыз-жігіттердің арасында «соншама жыл шет елде оқып келіп, 25 мың теңге жалақымен жұмыс істейміз бе?» дегендер де болды. Алғаш рет 2005 жылы қызметке тұрған кезімде менің жалақым 26 мың теңге болатын. Мұндай жалақымен Астанада өмір сүру қиын. Бірақ менде «ертең-ақ мемлекетіміздің жағдайы жақсарады, бүгінгі жағдайдың бәрі өткінші» деген сенім болды. Жан-жағыма жалтақтамай, тек алға ұмтылдым. Елшілікте, Индустрия және сауда министрлігінде еңбек еттім. Президент әкімшілігінде экономика бөлімінде екі жыл тәжірибе жинақтадым. Бұдан кейін екі жарым жыл мемлекеттік инспектор болдым. Облыстарға, аудандарға шығып, Елбасының берген тапсырмаларының орындалуын қадағаладық. Яғни өңірлердің, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының жағдайы маған жақсы таныс. Елбасының биылғы тапсырмасынан кейін «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алған, Индустрия министрлігінде тәжірибеден өткен, шетелдік инвесторлармен емін-еркін тіл табысатын ағылшын тілін білетін мамандарға сұраныс артты. Әрине, Елбасының тапсырмасымен қызметке бару үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл орынның маған дейін кімдерге ұсынылғанынан хабарсызбын. Іріктеу болды. Оңтүстік Қазақстан үлкен облыс. Таңдаудың маған жасалуы кездейсоқтық емес шығар. Өйткені қойылып отырған талапқа білімім, тәжірибем сай келді деп ойлаймын. Сондықтан көп толғанып жатқаным жоқ. Елге бару керек, қызмет көрсету керек деп шештім.
«Депутаттарға адал қызмет етуге сөз бердім»
--Осы өңірде туып-өскен соң, оңтүстіктің менталитеті де сізге жат емес шығар. Өткен аптада өткен облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар сізді біраз сұрақтың астына алды...
--Иә, депутаттар «Осы облыстың мүддесі үшін қызмет етуге дайынсыз ба?» деген сұрақ қойды. «Біз анау облыс, мынау облыс демейік, Қазақ еліне қызмет етемін» деп, өзіме жүктелген міндетті адал атқаруға сөз бердім. Келгелі бері «жассың» деген сындарды да естіп жатырмын. Мен осы жердің топырағынан түлеп ұштым. Халықтың менталитетін жақсы білемін. Сырттан келгенім жоқ, елге келдім, тәжірибем бар, қызмет етемін. Инспектор болып жүрген кезімде облыстың экономикасын дамытуға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қатыстым. Өңірлерді аралап жүргенімде халық қалаулыларымен де етене жақын араластым. Сондықтан тіл табысып жұмыс істейміз деп ойлаймын. Жалпы, мен алдымнан шығатын қиындықтарға, айтылар сындарға дайындықпен келдім. Қорқар, шегінер жайым жоқ. Мәслихат сессиясынан түйгенім, осылайша атқарушы билік те, депутаттар да белсенді әрекет етсе, шешілмейтін мәселе жоқ. Бір-бірімізді қолдасақ, нәтиже жаман болмайды.
--Елбасының тапсырмасынан кейін орынбасарлыққа келген мамандарға алдымен өңірдегі өндірісті өркендету жүктеліп отыр. Облыстың өндірісімен қаншалықты таныссыз? Бұған дейін өндіріс саласында «әттең-айлар» аз болған жоқ. Елбасының өзі лентасын қиған акумулятор зауыты, «Азиякерамик» кәсіпорны жұмысын бастамай жатып тоқтап қалды. Мақта кластері бойынша ашылған «Ютекстің» де жағдайы нашар деген әңгімелерді құлағымыз шалды. Мұндай сәтсіздіктердің сыры неде деп ойлайсыз?
--Мән-жайды түсінбей, сырттан олай деп айта беруге болмайды. Неге тоқтап қалды? Оның себебіне терең үңілу керек. Облыс әкімдігі, әкімнің маған дейінгі орынбасарлары, қалалық әкімдік қолдан келгеннің бәрін жасады. «Ютекстің» тығырыққа тірелуіне қаржы дағдарысы әсер етті. Шикізат бірден қымбаттады. Кәсіпорын шығындарын жаба алмады. Табыс түспеген соң қиналып жатқаны рас. «Азиякерамиктің» де осы сияқты проблемалары бар. Қазір әрбір нысан бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кәсіпорындарды аяғынан тұрғызу үшін Астанаға барып министрлікпен, банктермен де бірлесіп атқаратын шаруа көп. Жақын арада шешеміз деп ойлаймын. Облыста толық қуатында істеп тұрмаған өндіріс орындары да бар. Кейде кәсіпкерлер алға дұрыс жоспар қоя алмайды. Сондықтан өндірістік жобаларды жасауда кәсіпкерлерге қол ұшын созып жатырмыз. Үкіметтің бастамасымен Ұлттық компаниялар қажетті тауарларын бірінші кезекте отандық кәсіпкерлерден сатып алатын болды. Сондықтан қазір біз «облыста қандай тауар шығара аламыз, мүмкіндігіміз қаншалықты?» деген мәселе төңірегінде жұмыстар жүргізудеміз.
«Осы уақытқа дейін ешкім орныңды босат деген емес»
--Сіздің орныңызда бұған дейін отырған Ерлан Айтаханов қызметке Астанадан келді, қайтып Астанаға кетті. Ал сіз қанша уақытқа келдіңіз? Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар болып жатады, егер ертең басшылық ауысып, «орныңды босат, аудан әкімі немесе басқарма бастығы бол» деген ұсыныстар айтылып жатса, бұған қаншалықты дайынсыз?
--Бұл көп адамды қызықтыратын сұрақ. «Шыныңды айтшы, қанша уақытқа келдің?» деген сауалды көлденең тартқандар да бар. Сауал орынды деп ойлаймын. Ашығын айтайын, бәрін бір Алла біледі. Мен қызметке тағайындалған кезде «осы орында мынанша уақыт отырамын, одан соң кетемін» деген жоспар құрған емеспін. Қолынан іс келетін кадрды ешкім допша домалатпайды. Қызметте жүргенімде осы уақытқа дейін ешкім «орныңды босат» деген емес. Әрине, адам неге болса да дайын болуы тиіс. Бәрін уақыт көрсете жатар. Қазір атқарар іс көп, шынын айтсам бұл туралы ойлауға да уақыт жоқ. Егер уақыт өте келе басқа қызметтер ұсынып жатса, алдымен бұл қызметті атқаруға шамам жетеді ме, жетпейді осыны таразыға саламын. Егер біліктілігім жетіп жатса, кез-келген қызметтен қашпаймын, тақияма тар келеді екен деп тартынбаймын. Ал қолымнан келмейді ме, онда басымды сұқпаймын. Қолымнан келіп жатса, ауданға бар десе де дайынмын. Қазір мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап күшейді. Бұрынғыдай кабинетте отыру жоқ. Облыс әкімінің де қойып отырған талабы жоғары. Бәлкім жас кадрға талаптың қатаңдау болғаны да дұрыс шығар. Мен үшін ең бастысы, өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқару.
--Елге жиі барып тұрасыз ба?
--Бұрын шетелде оқып жүргенімде каникулға шыққан кезде, ал Астанада қызмет етіп жүргенімде демалыс алғанымда баратынмын. Өйткені елге баруға уақыт бола бермеді. Мемлекеттік қызметтегі жеті жылымда 2-3 рет ғана демалыс алыппын. Жер алыс болған соң ата-анам да Астанаға жиі келе бермейтін. Қазір ауылым ары барса бір сағаттық жер. Бірақ сонда да жиі-жиі барып тұруға уақыт тар. Қызметке келгелі бір айдың ішінде екі мәрте баруға мүмкіндік болды. Алғашқыда келген соң ата-анама барып, солардың ақ батасын алып шықтым. Екінші жолы отбасылық жағдайларға байланысты кіріп шықтым. Онда да 15 минутқа ғана. Қызметтен қолымның босай бермейтініне ата-анам да түсіністік танытты.
--Отбасылы шығарсыз?
--Иә, жұбайымды, ұлдарымды көшіріп алып келгенмін. Екі ұлым бар. Үлкені үш жарым, кішісі бір жарым жаста.
--Әңгімеңізге рахмет, қызметіңізге табыс тілейміз!
Мұрағаттан: 12.04.2012