Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
- Заман мен дәуір алмасып, көзқарас пен пікір өзгерер, ол өз кезегінде адамның жан дүниесі, табиғаты, болмысына әсер етуі мүмкін ғой. Осы орайда, кешегі келін, бүгінгі ене ретінде қалай ойлайсыз, келін мен ененің арасындағы қарым- қатынаста өзгеріс көп пе?
- Жалпы, меніңше, қазақ ұлтының басқа ұлттан айырмашылығы -- өзінің қартайғаннан соңғы тірлігін о бастан ойлайтындығында. Сол қартайған шағында балаларының рахатын көруді армандайды, ол үшін ұрпағына қолынан келген барлық жағдайды жасайды. Балаларының бағатынына сенетін қазақтың ақ сақалды қариясы мен ақ жаулықты әжесі ең бақытты адам деп ойлаймын. Бұл қанша заман өтіп, дәуір алмассын өзгертуге болмайтын қағида. Біздің халықта ерлі-зайыптының ажырасуы аз болатындығының да себебі осы отбасы арасындағы татулыққа тікелей байланысты. Үйдегі аға буын, яғни ата мен әже кеңесін айтып, көмегін көрсетіп отырады. Жастар арасындағы араздық неден туындайды? Көбінесе жас отбасындағы материалдық жетіспеушілік, бала тәрбиесіндегі тәжірибесіздік пен істің көзін таба алмау ұрыс-керіске себеп болып жатады. Міне сондай сәтте ата-ана, яғни ата-әже қол ұшын береді. Соларға дәнекер болу арқылы отбасын нығайтады. Кез келген мемлекет отбасынан басталады. Әрбір отбасының ынтымағы жарасымды болса, мемлекет мықты болады. Ал отбасының ынтымағы ұрпақтар сабақтастығына, қарым-қатынасына байланысты екені аян. Сондықтан, келін ата мен ененің қолына түсуі, бірге тұруы тиіс. Ене өз енесінен көргенін- естігенін, көңілге түйгенін келініне беруі керек. Ал, өмірге қажеттісін келіннің өзі таңдап алады.
- Қырық үйден тиым дейтін қыз тәрбиесіне анаңыз қаншалықты қатал қарады?
- Өзімнің шешем де ұрсатын. Оны «ұрсатын» деуге де болмайтын шығар, жақсы ниетпен ақыл-кеңестерін жиіайтатын. Мен екі ененің қолына түстім, жатқан жерлері жаннат болсын, екеуі де өзімнің анамдай болды. Бұл асыра айтылған әңгіме емес. Көрші-қолаң, құда –жекжат бәрі біледі. Енелерім мені қызындай мәпеледі, сыйлады, мен де енелерімді шешемдей қадірледім. Ол кісілердің де, менің де арманым – отбасының, балаларымның амандығы еді. Балаларымды менен артық жақсы көріп, оларға менен артық тәрбие беріп жатса, неге мен о кісілердің артық айтқан кей сөзін көтермеуім керек. Тәуба деймін, қашанда қызметтің қарбаласымен жүретін мен балаларымның біреуін де дәрігерге апарған емеспін. Енелерімнің өздері үшкірді, өздері бақты. Келін болып есік ашқан алғашқы күні мені нағашы апаларым мақтаған ғой, қуанышқа жиналған жұрттың алдында. Сонда енем «мақтай бермеңдер, уақыт көрсетеді. Қыздарың жақсы болса, өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деді. Енемнің осы бір сөзін жадымнан шығарған емеспін. Мен жақсы үйге келдім ғой. Ұрыс-керіс неден туындады деп себебін өз басымнан іздей бастаймын. Осылайша енемнің бірауыз сөзі мені әрдайым сабырлыққа, татулыққа, ынтымаққа, сыйластыққа шақырып отырды.
- Өзіңіз келінге кеңес беруге, бала тәрбиесіне уақыт таба алып жүрсіз бе?
- Жұмыс жауапты, қолым тие бермейтінін жасырмаймын. Бірақ, енемнің кезінде айтқан ақыл-кеңестері жадымда әркез жаңғырып тұратындықтан немереге көңіл бөлуге, келінге бағыт-бағдар беруге мүмкіндігінше көбірек уақыт табуға ұмтыламын. Бұл енеден маған қалған аманат. Әрбір келінге енесі ақыл-кеңесін айтып отырғаны жөн. Ертең келіннің де басына осындай күн туады. Кешегі келін, бүгінгі ене мен де келінмен бірге тұрып жатырмын. Құдайға шүкір, тәуба деймін «келін ененің топырағынан жаралған» дегендей, тура өзім сияқты, пайымы да, парасаты да, түсінігі де. Кешке жұмыстан шаршап барғанда «апа» деп мойныма асылатын немерелерім қолымда. Немерелерім жүгіріп алдымнан шыққанда шаршағанымды ұмытамын. Тың күш-қуат алып, сергектене түсемін. Сырттағының бәрі ұмыт болып, рахат күй кешесің.
- Енеге, «тещаға» қатысты анекдоттарды елден естіп жатамыз.
- Қазақ келінді не үшін жақсы көреді, өйткені ол ұрпақты жалғастырушы адам. Сондықтан ананы қадірлеген. Қаншама уақыт өтіп жатса да, келін мен ене арасында ешнәрсе өзгерген жоқ. Киген киімі, жейтін тамағы өзгеруі мүмкін. Бірақ адами қарым-қатынаста ешнәрсе өзгерпеуіміз қажет. Кейде «теща» дейтіні бар анекдоттарды біз де естіп жатамыз. Сөзіңнің төркінін түсініп отырмын. Оны қазаққа қатыстыра айтушылар да табылуда. Мен оған түбегейлі қарсы адаммын. Өйткені, ол ұлттың енесімен біздің ұлттың енесін салыстыруға болмайды. Тәрбиеміз мүлде бөлек. Мысалы, олар қыздың қолына барып тұрады да сосын енесімен түсініспеушілік көп болады. Бізде, құдай басқа бермесін, ана ұлдың қолында тұрады. Ұлтымыздың ерекшелігі де осында.
- Оңтүстікте Сарыағашты басқардыңыз, солтүстікте Сарыарқаның дамуына басшылық жасадыңыз. Қазақты, қазақстандықтарды бөлгіміз жоқ, дегенмен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен нендей айырмашылық аңғардыңыз, қандай ой түйдіңіз?
- Халықты тұрғылықты жеріне қарай бөлгенге, көпке ортақ баға беруге қарсымын. Ал, жеке адамдарға баға беруге болады. Көптің ішінде жақсысы да жаманы да болады. Алматыда жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде Сарыағаштың жігітімен сөз байласқанымды білетін қыздар әр қилы талай әңгіме айтатын. «Сен мынадай мінезіңмен Сарыағашқа келін бола алмайсың. Ол жақта келіндердің басына орамал тартқызады. Қара жұмысты көп істетеді» дегенді естігенбіз. Оған келіндерді қалай ұстайтынын қосып қояды. Содан Сарыағаш мен үшін ескіліктің қалдығы болып елестейтін. Шын мәнінде адамның сол жердің салт-дәстүрін қалай қабылдауына көп нәрсе байланысты ғой. Ол кезде біздің ауылда ауланың бәрін келін сыпыруы керек екен. Алматыдан келіп аула сыпырмаймын десем не болар еді? Керісінше, сол үлкен ауланы рахаттанып, өз үйім бар деген сезіммен су сеуіп сыпырып жүрдім. Орамал тарттым. Сиыр саудым. Қозапая жинадық, тезек жасадық... Өзімнің енелерімнің, халықтың алғысын алдым. «Алматыда оқыды деп еді, тірлікті біздің ауылдың келіндерінен жақсы істейді екен» деген әңгіме жиі айтылды. Бәрі адамның өзіне байланысты. Сондықтан, мен ойлаймын, шымкенттіктерді даттау, я болмаса мақтау үшін сол ортада тұру керек. Кейде өмірі Шымкентте болмағандар оңтүстік жайында түрлі әңгіме айтып жатады. Тыңдап отырамын. Айтып біткен соң «сен өзің болып па едің Шымкентте» деп сұраймын. Болмай тұрып әңгіме айтпау керек.
Жалпы оңтүстіктің халқы өте еңбекқор. Бала атаулы кішкентайынан еңбекке араласады, еңбекпен көз ашады. Сарыағашта Қазақстанда өндірілетін өнімнің бәрі бар. Тіпті мақта да өндіріледі. Ол жерде еңбектің барлық түрін өз қолыңмен атқарып шығасың. Сондықтан ұйқың аздау, ырысың молдау болады.
Ауданда әкім болғанымда, қандай жұмысты бастасақ та, еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін қолдау тауып отырдым. Астанада 1998 жылдан бері халыққа қызмет етіп жүрмін. Қазір көбісі айтады «сіз осы жерде туып- өскен адам секілдісіз» деп. Халық сол халық, қазақ сол қазақ. Көңіліндегісін ашық айтады. Бұл жердің жұмыс тәртібі бөлектеу енді.
- Дәстүрлі сұрақ, 8-Наурызда қандай сыйлық күтесіз. Қандай сыйлық сіз үшін қымбат?
- Мен үшін гүл қымбат. Кітап қымбат. Оны бәрі біледі, гүл, кітап сыйлайды.