Танымал ғалым 4 орынбасары да ауырып қалған Шымкенттің әкімін қолдауға шақырды

Oinet.kz 01-07-2020 1289

Шымкенттік ғалым 4 бірдей орынбасары сырқаттанып қалған Мұрат Әйтеновке қолдау білдіруге шақырды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_14.jpg

Құлбек Ергөбек миллионды шаһар тұрғындарына арналған жазбасын Facebook парақшасында жариялаған. 

"Желілес достар! 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрт бірдей орынбасары сырқаттан жығылыпты. Қиын жағдай! Қалада індеттің қаптағаны ғой! Осы сәтте ашынған ағайын Әкімге шүйліге бастады. Бұл дұрыс емес, ағайын! Әкім келген күннен қимылдап жатыр. Көктемгі көк иттен қала халқын аман алып шықты! Рахмет! Бүгінгі күні басшылықта бір өзі! 

Түрлі ғимаратты жедел ауруханаға айналдыруда әкімдердің алдында! Қайта, ауырмаған аз топ әкімге кедергі келтіріп болып жатырмыз. Сонда қалай? Өзіміз ауырмасақ болды ма?! Бұл не қылған эгоизм? Біз көрпені әркім өзіне қарай тартатын жерде тұрған жоқпыз. Қайта жұдырықтай жұмылып, мына індетпен бірлесе күресер тар қылтада тұрмыз. 

Айтпағым, төрт бірдей орынбасары ауырып жатқан, жағдайдан шарадай басы шақшадай болған Мұрат Әйтеновке бәріміз жәрдем берейік! 

Аурухананы көбейтсін! 

Дәрі-дәрмекті молайтсын! 

Алғашқы дәрігерлік көмек те болса көрсетілсін! 

Студенттерді фельдшер ретінде жұмысқа тартсын! 

Президент Қ.Тоқаевқа және бірсыпыра обләкімдерге хат жазғанымды білесіздер! Комиссияда ескерілер! Ал, Мұрат Әйтенов жұмысы етектен тартып, аяқтан шалмай, көмек берсек - нәтиже береді! Алалық жасамайық, Азаматтық жасайық, ағайын!", - делінген жазбада. 

Құлбек Ергөбек - әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы және профессор. Ол қазақ поэзиясы, прозасы, жеке шығарманың жазылу тарихы, жазушы шеберханасы мәселелеріне арналған «Жан жылуы», «Мейірім шуағы», «Қазақ совет балалар жазушылары», «Сәбит Мұқанов» секілді өзге де деректі повестерінің авторы және аудармашы.

Айта кетейік, Мұрат Айтеновтің бес орынбасарының төртеуі ауырып қалуына байланысты демалыс алған болатын. 

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мен әкім орынбасары Алмасбек Мамытбеков пневмониямен ауырып, ауруханада ем алуда. 

Әкімнің тағы екі орынбасары Нұрсадық Ергешбек пен Мақсұт Исахов та ауырып қалуына байланысты демалыс алған. Бірақ олардың қандай ауру түрімен ауырып жатқаны әзірге нақтыланбаған. 

4 орынбасары да сырқаттанып қалуына байланысты Әйтеновтің бесінші орынбасары - Бауыржан Мамыталиев қазір әкімдікте жұмыс істеуде.

Ресей Қазақстанға коронавируспен күреске көмектесу үшін мамандарын жібереді
Қазақстанда коронавирустың жеңіл түріне шалдыққандар ауруханаға жатқызылмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу