Тұрсынбек Асамбаев: «Мыңбаев мұнай-газбен көп шұғылданып, металлургияға мойын бұрмай отыр»
Тұрсынбек Асамбаев, «Южполиметал» АҚ директоры:
1. «Кен орнын ашуға өз басым 5 миллион доллар қаржы құйдым»
- Тұрсынбек Қанатбекұлы, әңгімемізді «Южполиметаллдың» қазіргі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Дағдарысқа байланысты кәсіпорында біраз қиындықтардың туындағанынан хабардармыз. Сол мәселелер қалай шешімін тапты? Бұрынғы жоспарларыңыз өзгеріске қаншалықты ұшырады?
- Әрине, үш-төрт жыл бұрынғы жоспарларымыз өзгеріп жатыр. Дағдарыстың салдарынан қиыншылықтарға тап болғанымыз рас. 2008-жылдың ортасынан 2009 жылдың аяғына дейінгі кезеңде әлемдік нарықта шикізатқа деген сұраныс мүлдем жойылды деуге болады. Бұрындары қандай жағдай болса да, биржада төмен бағамен болса да металдар сатыла беретін. Ал бұл жолы биржада ешқандай металл сатылмай қалды. Банктер несие бермей қойған соң өндіріс те тоқтады. Бұл нағыз қиыналған кез болды. Тауарларымыз сатылмаған соң өзіміздегі бар қаражатты қолданып, мемлекеттің біздің алдымыздағы қарызын қайтарттырып, осы арқылы қиыншылықтан шығуға мүмкіндік алдық.
- Мемлекет «Южполиметаллға» қанша қарыз еді?
- 250-300 миллион теңге көлемінде қарызы бар тұғын. Соның 200 миллионға жуық қарызын қайтарды. Осының арқасында жұмысшылардың жалақысын төлеп шықтық. Көптеген өндірісті тоқтатып, тек негізгілерінің жұмысын жүргізіп жатырмыз.
- Қаншама жұмысшы қысқарды?
- Тізім бойынша ешкімді қысқартқан жоқпын. Ал бірақ, жұмысшыларды ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Басқа амал жоқ. Біраз мамандар жұмыстан өз еркімен кетті. Мысалы, «Қазатомпромға» ауысқандар аз емес. Қазір сонда жұмыс істейтін 30-ға жуық кеніш директорларының жартысынан көбісі біздің зауыттан шыққандар. Бірақ, кадрлық тұрғыда осындай сәтсіздіктерге тап болсақ та, өзімізде білікті мамандар қазір жеткілікті. Дағдарыс екен деп қол қусырып отырғанымыз жоқ. Қиыншылықтарға қарамастан былтыр шілде айында аккумулятор зауытын іске қостық. Сондай-ақ, өндірісті жұмыс істете отырып жаңа технологиялар – ноу-хауды енгізуді де ұмытқанымыз жоқ. Мәселен, қазір «Қазақмыс» корпорациясымен бірігіп өндірістік қалдықтарды өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құрып жатырмыз. Бұл тиімді жоба. Енді біз шикізат іздеп әуре болмаймыз.
- Металлургия нарығының қазіргі жағдайы қалай?
- 2009 жылдың желтоқсан айынан бері мателлургия нарығында тіршілік жандана бастады. Баға аса жаман емес. Дегенмен, шешімін күткен мәселе шаш етектен. Ел бюджетінің 70-80 пайызын мұнай мен металлургия салаларынан түсетін табыс құрайды. Сондықтан Үкімет осы салаларға көбірек назар аударуы керек. Қазір отандық металлургия саласында 300-ге жуық орта деңгейлі кәсіпорындар бар. Ал «солардың барлығы жұмыс істеп тұр ма, оларға мүмкіндік жасалды ма?» деген сұраққа мен «жоқ» деп жауап берер едім. Үкімет тарапынан қажетті жағдай жасалған жоқ. Үкімет басты мәселелерді шешіп беріп отырмыз дейді. Мәселен, Елбасы Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қолға алу жайлы тапсырма берілді. Үкімет әрі ойланып, бері ойланып әр облыста арнайы үйлестіру кеңестерін құрып, бағдарламаны бекіту керектігін алға тартты. Банктерден 12 пайыз ставкамен несие алып, соның 5 пайызын мемлекет субсидияландыруы қажет. Мұндай жағдайда кәсіпорындардың жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Бірақ, қазірге дейін ондай кәсіпорындардың тізімі, олардың мүмкіндіктері жеке-жеке әлі анықталған емес. 2-3 жыл көлемінде елімізде металлургиялық кластер құруға мүмкіндік бар. Бірақ, бұл бағытта ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Біздің кәсіпорында осы кластердің үштен екі бөлігі бар. Ортасында – металлургиялық өндіріс, соңғы кезегінде аккумулятор зауыты. Енді кен өндіруіміз керек. Қарағанды облысында қорғасын шығаратын кен орнымыз бар еді. Бірақ қазір Үкімет бізден кен орнын алып қойды. Ешкімді кінәлағым келмейді. Осы кен орнын ашуға өз басым 5 миллион доллар қаржы құйдым. 70 шақырымға электр желісін тартқыздық. Жол жөнделді. Геология мәселесін шештік. Фабриканың жобасын жасадық. Мұның барлығы қыруар жұмыс қой! Ал енді осы жұмыстың барлығын заңдағы бір ғана тармақшаны қолданып министрліктегілер белден бір-ақ сызып тастады. Сондағысы – «сендер жұмыс бағдарламасын орындамадыңдар» деген кінә тақты. Ол менің емес, осы жобада серіктес атанған кәсіпорынның кемшілігі. Оны тыңдайтын адам бар ма министрлікте? Бүкіл тірлігім далада қалды. Министр Мыңбаев негізінен мұнай-газ саласымен шұғылданып, металлургияға оншалықты мойын бұрмайтын. Оның өзінде көбіне тек «Қазақмыс», «Миттал стил» секілді ірі компаниялардың жағдайын жасап, мәселелерін шешіп жүрді. Ал біз сияқты орта деңгейлі кәсіпорындарға қарамайды. Ұсыныстарымыз бен пікірімізді ешкім тыңдамайды.
- Министрліктің жағдайы түсінікті. Облыс басшылығы тарапынан қабылданып жатқан әрекеттерға қандай баға бересіз?
- Бірде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов 30 шақты машина жасау кәсіпорындарының өкілдерін жинады. Мен осы жиында өз ұсынысымды айттым. Яғни, әр кәсіпорын өз есебінен бір-бір маман бөліп, арнайы жұмыс тобын құру керек. Сөйтіп олар бір-екі ай көлемінде барлық зауыттарды аралап шығып, мамандандырылуы мен кооперациясын анықтасын. Осыған сәйкес тапсырыстарды орындауға кірісу керек. Мәселен, минералды су шығаратын 30 шақты зауыт бар. Оларға құрал-жабдықтарына қосалқы бөлшектер керек қой. Немесе май шығаратын 6-7 зауыт бар. Қайбір жиында облыс әкімі А. Мырзахметов бюджетте 70 миллиард теңге барын, бұл қаржы қазақстандық мазмұнды арттырып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталатынын мәлімдеді. Меніңше, бұл қаржыны тиімді түрде пайдалануымыз керек. Айталық, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тендерлерді ұтып алуымызға болады. Барлық тапсырыстар өзіміздегі кәсіпорындарға берілсе әлгі 70 миллиард теңге Оңтүстікте қалады. Оның көмегімен 30-ға жуық өндіріс орындары жұмыс істей алатын еді. Бюджеттің қаржысы Алматы, Астана, басқа облыстарға немесе көршілес елдерге кетпейді. Неге осыны жасамайды? Бұл ұсыныс қолдау тапқан жоқ. Құр әңгіме, сылдыр сөз. Іс жүзіндегі жағдай белгілі ғой. Алматы, Астана, тіпті Мәскеуден келген фирмалар облысымызда өткізілетін тендерді жеңіп алады. Жеңімпаз компаниялар ол жақтан әкелетін құрал-сайманын жеткізуге қосымша шығын шығарады немесе жергілікті кәсіпорындарға жүгінеді. Айналып келгенде бағасы қымбаттай түседі. Блок жүйені ретке келтірмесе болмайды. «Оңтүстік» ӘКК - өте жақсы құрылым еді. Облыс көлемінде көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік бар тұғын. Бірақ ол мүмкіндіктер пайдаланылмады. Идеясы жақсы, ал орындалуы... Бұл жобаны Елбасының алдында қорғаған кезде жақсы ойлар айтылды, ал мұнда әркім өзінің жеке мүддесін күйттеп кетті. Бұл әкім ғана емес, оған дейінгілердің алдында да осы мәселені көтердім. Нәтиже шықпады.
2. «1 мегаватт болса да электр энергиясын өндіріңдер» деген еді...
- «Южполиметаллға» қарасты ТЭЦ-1, ТЭЦ-2 кәсіпорындары жайлы не айтасыз?
- Кезінде бұл кәсіпорындардың жағдайын талқылағанда әкім Өмірзақ Шөкеевке үш мәселе қойдым. Біріншіден, жылу трассаларын тегін беремін. ТЭЦ-1 мен ТЭЦ-2-ні «Энергоорталық-3»-тің құрамына қосыңыз, мен белгілі үлес алып акционер боламын. Немесе осы кәсіпорындарды сатып алыңыз» дедім. Әкім жылу трассаларын тегін алатынын айтты. Қарсылық танытпадым. Одан кейінгі екі әкімге де қанша рет айттым: ТЭЦ-1 бойынша 18 Мегаватт электр энергиясын шығаруға болады. Ол дайын тұр, қазір-ақ өндіруге болады. Ол үшін шығатын жылуды жалпы жылу трассасына қосу керек. Сонда құны 5 теңге болатын электр жнергиясын шығара аламыз. Былтыр министр В. Школьник бастаған үкіметтік комиссия келгенде «1 мегаватт болса да электр энергиясын өндіріңдер» делінген еді. Қайдағы! Қыбыр еткен жан жоқ. Жалпы, ТЭЦ-1-дің қала үшін қажеттілігі бар. Ыстық су жылу трассасымен 21 шақырым жол жүріп өтеді. Кәсіпорыннан шыққандағы 100 градус су мұнда келемін дегенше 70-ке дейін төмендейді. Соған қосымша ыстық су беріп отыру қажет. Сондай-ақ, резервте үнемі бір қазандық тұруы керек қой. «Энергоорталық-3» тоқтап қалса не болады?
- Аккумулятор зауытына қатысты сұрақ. Әуелгі жоспарда айтылғандай, былтыр кәсіпорын 200 мың, биыл жарты миллионға жуық аккумулятор шығарып, қазір тауар базарда сатылып жатуы тиіс болған. Базардан қанша іздесек те, шымкенттік аккумулятор таппадық қой. Демек, жоспар ойдағыдай орындалмады ғой?
- Иә, кешігу бар. Қазірге дейін бар-жоғы 7-8 мың аккумулятор шықты. Айналымда қаржы болмай жатыр. Қазір он мың аккумулятор шығаратын қорғасын қорытпасын дайындап қойдық. Енді 200 мыңға жуық доллар қаржы керек. Ай сайын 10 мың аккумулятор шығаруға мүмкіндік бар.
- Әлгі 8 мың аккумулятор қайда? Сатылып кетті ме?
- Жоқ, біраз бөлігін өзіміздің қажеттілігімізге жараттық. Бір бөлігін қорғасын шикізатына ауыстырдық. Ал нарықтың өзіне шығарғанымыз жоқ.
- Өскемендегі «Азия Авто» зауытына да жөнелтіледі деп хабарланған еді. Ол не болды?
- Жоқ. Қазір моноблок шығаратын цех қана істеп тұр. Оны Өзбекстандағы Жызақ қаласындағы зауытқа жібереміз. Енді, айналымдағы қаржы мәселесін облыс әкіміне шешуге «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы шешуді ұсындым. Ол жақтан бізге 1 миллион доллар берілсін. Бұл қаржыға үш өндірісті іске қосуға мүмкіндік аламыз. Ұсынысымызды «Максимумның» басшылығы қарап жатқанына екі ай болды. Осы қаржы бөлінсе, оның жартысына аккумулятор зауытын іске қосып, қалған ақшаны Сайрамда 4 мың тонна электрод және Кентауда 2 мың тонна барит шығаратын кәсіпорынды іске қосуға жұмсар едік.
3. «Үкімет өзіне жүктелген міндеттемені орындаған жоқ»
- «Южполиметаллдағы» жағдай Үкімет мүшелері тарапынан жиі сынға алынды. Тіпті кәсіпорынды қайта құру қажет деген де ұсыныстар естіліп жатты. Бұған айтар пікіріңіз қандай?
- Жалпы, бізге көп қысым жасалды. Облыс әкімі қандай да жұмысты айтардан бұрын «Үкіметтегілер не айтады?» деп бір ойланып, «қой, одан да тыныш отырайын» деп шешеді. Мұны ашық айтып отырмын сіздерге. Мәселен, бізде аккумулятор зауытының ашылатынын көрсеткісі келген жоқ олар. Маған Президент әкімшілігіндегі жігіттер айтты: «Олар бізге президенттің сапарына орай «Атамекен» диірменінің ашылуын береміз деген. Сендердікі не? Жүз диірмен ашылып жатыр, күн сайын диірмен ашылады. Неге аккумулятор өндірісін көрсетпейсіңдер? Бұл жаңа өндіріс, ауқымды кластерлік кәсіпорын дедік» деп. Одан соң облыс әкімі өзі келіп осында бір апта отырды. Мен айттым ол кісіге: «Отырмай-ақ қойыңыз, өзіміз-ақ жасап шығамыз. Сіздің отырғаныңыздан бізге келіп-кетер пайда жоқ» деп. Ал одан кейін не болды? Ұмытылып кетті ғой бәрі. Үкіметтік комиссия келіп ондағылар мәлімдеме жасады, ал одан не шықты? Бір көмек болды ма? Меморандумға қол қойдық, онда өзіме жүктелген 90 пайыз міндеттемелерімді орындадым. Ал Үкіметке берілген бір міндеттемені орындады ма олар? Бір міндеттемені де орындаған жоқ. Әкімге берілген бір міндеттемені орындады ма? Бір міндеттемені де орындаған жоқ.
- Жалпы, Шөкеевпен араңыз нашар ма?
- Шөкеевпен арада ешқандай конфликт болған жоқ.
- Қазіргі әкім жайлы не айта аласыз?
- Менің ойымша облыс әкімі үлкен мәселелерді шешуге дайын. Өзінің жоспарлары мен бағдарламалары да бар. Бірақ, оның командасы жоқ. Әкімнің өзі – ауылшаруашылығының маманы, бірінші орынбасары Берік Оспанов - ауылшаруашылығы маманы. Сонда өнеркәсіппен кім жұмыс істейді?
- Айтпақшы, Оспанов экономика ғылымдарының докторы емес пе?
- Күмәнім бар. Мен де экономика ғылымдарының кандидатымын. Техника ғылымдарының кандидатымын. Ақыры ауылшаруашылығының маманы болса осы салада барлық жұмысты үйлестіру қажет қой. Біздің облыста мал шаруашылығымен 11 ай айналысуға болады. Бір-екі ай ғана мал қорада тұрады. Ал қайда сонда нәтижесі? Мұндай ресурспен Қазақстанның барлығын қамтамасыз етуге болады ғой. Швецияда ауылшаруашылық мақсатта жердің 4-ақ пайызы қолданылады. Сөйте тұра азық-түлікпен бүкіл елді қамтамасыз етеді әрі экспортқа да тауар шығарады. Бізде ше? Бұрын бір ғана Созақ ауданында 700 мың қой болатын. Созақта одан басқа тек уран өндірісі дамыған. Қазір уран өндіруден Қазақстан дүниежүзі бойынша бірінші орынға шықты. Еліміздегі уранның 70 пайызы осы өңірде өндірілетіндіктен Оңтүстік Қазақстандағы бірінші мәселе уран болуы тиіс. Облыс әкімі уран өндірісінің жай-жапсарын «Қазатомпром» президентімен бір деңгейде біліп отыруы керек. Кезінде мен Шөкеевке айтқанмын, «Жәкішев уранға қатысты мәселені сіздің алдыңызға келіп шешуі тиіс» деп. Шөкеевке бұл сөзім ұнамады. Облыс әкімінің жанында арнайы ғалымдар тобынан құралған кеңес болған жөн. Тым болмағанда уран мәселесімен шұғылданатын кеңесшісіні тағайындау артықтық етпейді.
4. «Кәсіпорынның 70 пайыздай мүлкі кепілдікте тұр»
- Жалпы, жоғары жаққа біраз ұсыныстар жолдапсыз. Жүзеге асқандары бар ма?
- Біреуі де орындалған жоқ. Қаншама ұсыныстар жасадым: цемент зауытын ашу, «Қазполиметалл» ұлттық холдингін құрып, металлургиялық кластер жасау. Аккумулятор зауытына қатысты айтылған мәселелер далада қалды. КСРО кезінде қорғасынның 90 пайызы Қазақстанда шығарылатын. Яғни, 400 мың тоннаның 370 мыңы бізде өндірілетін. Ал осы шикізат 24 миллион аккумулятор шығаруға толық жетеді. Бұл әлемдік аккумулятор нарығының 10 пайызы! Қазір Қазақстандағы көліктердің саны 5 миллионға жетті, демек жылына 2,5 миллион аккумулятор батареялары қажет.
- Бастамаларыңыздың ойдағыдай жүзеге аспауына қатысты түрлі себептерді тізіп шықтыңыз. Бәлкім, өзіңіздің де кәсіпорын басшысы ретінде қабылдаған қате шешімдеріңіз, шалыс қадамдарыңыз болған шығар?
- Болды. Ондай қателіктердің орын алғанын жоққа шығармаймын. Мәселен, аккумулятор зауыты бойынша кезінде дұрыс шешім қабылдай алмадым. 2000-ші жылдардың басында мырыш зауытын саламын деп ұрындым. Бірақ, шыны керек, зауыттың жұмысын жүргізе алмадық. Себебі ондағы шикізаттан таза мырыш алу мүмкін емес екен. Құрамына түрлі рений, хлор секілді қоспалар бар болып шықты. Сол кезде жіберген қателігім, әуелі мырыш емес, аккумулятор зауытын салуым керек еді. Енді мырыш зауытын салудың жаңа жобасын жасап, жаңа технология бойынша осы жылдың аяғына дейін іске қосу мәселесі алдымызда тұр. Егер ойдағыдай жүзеге асыра алсақ кәсіпорынның қарыздарын жабуға мүмкіндік аламыз.
- «Южполиметалл» компаниясының қарызы көп дейді?
- Қарыз жеткілікті.
- Нақты санмен айтсаңыз.
- Банктердің алдында шамамен 50 миллион доллардан астам қарызымыз бар.
- Сіз басқаратын кәсіпорынның бүкіл дүние-мүлкі банктерде кепілдікке қойылған деген ақпарат рас па?
- Барлығы емес, 70 пайыздайы кепілдікте тұр.
- Бұл қауіпті емес пе?
- Шетелде барлық кәсіпорындар несие арқылы жұмыс істейді. Онсыз жұмыс істеу, өсу қиын. Ақшаны жаңа өндірістерді ашуға жұмсап жатырмыз. Бұрын қалай еді? «Үкімет кәсіпорындардың ісіне араласпайды, нарық барлығын реттейді» деген қағида болатын. Ал қазір дүние жүзі елдерінде экономиканы реттеп, бағыттап отыру қажеттігі жайлы түсінік қалыптасты. Ол болмаса экономиканың дұрыс бағытта дамуы қиын. Ал біздің Үкімет олай істеп отырған жоқ қой. Бірлі-жарым бағдарламалары бар шығар. Тек өздеріне қажеті бар кәсіпорындарға жағдай жасап, жәрдем беруі мүмкін. Жеке адамның факторы елімізде қатты сезіліп тұр. Жоғары лауазымды шенеуніктің ықпалымен ғана қолға алынған мәселе шешіледі. Ал халық үшін жасалатын мәселені шешу қиын. Ол үшін көп ақша беру керек, оның жасыратын ешнәрсесі жоқ.
5. «Асамбаевтың алтын зауыты бар екен» деген әңгіме рас па?
- Рас-өтірігін кім білсін, біреулер «Асамбаев өте бай адам, Мәскеуде алтын шығаратын зауыты бар» дейді. Кезінде «менің 200 миллион доллар ақшам бар» деген мәлімдеме жасаған көрінесіз.
- Жоқ, ондай сөзді ешуақытта айтқан емеспін. Мәселен, біздің кәсіпорынның нарықтық бағасы 200 миллион долларды құрауы мүмкін. Егер мен компанияны сондай бағаға сатып, қарыздарымнан құтыла алсам, бәлкім сіз айтқан ақша табуыма мүмкіндік бар шығар. Ал былайша ондай ақшам да, алтын шығаратын зауытым да жоқ. Ресейде бизнесім бар, бірақ ондағы шағын зауыттың жұмыс істемей тұрғанына бес жыл болды. Жалпы, Ресейде жұмыс істеу біздегіден үш есе қиын. Зауыт орналасқан ғимараттарды пайдалануға рұқсат беретін куәліктерді екі жылда зорға алдық. Ал төрт жылдан бері жерді жалға алу мәселесін шеше алмай келе жатырмыз. Бұл жағынан алғанда Қазақстанда үлкен мүмкіндіктер жасалған. Елбасыға осы үшін үлкен алғыс айтуымыз керек. Сол кісі Парламентсіз-ақ қаншама экономикалық заңдарды қабылдады. Соның арқасында экономикамыз тез дамыды.
- Облыстық мәслихатқа екі рет депутат ретінде сайландыңыз. Осы салада не істей алдыңыз?
- Депутат ретінде мен барлық ойымды ашық айтып отырмын. Бұл бір. Екіншіден, қаржының дұрыс бөлінуіне атсалыстым. Энергетика, газ шаруашылығындағы біраз мәселені шештік. Делдалдарды жоюға қатысты үлкен жұмыс атқарылды. Бердібек Сапарбаевтың кезінде энергетика жүйесі барлық мемлекетке қайтарылды. Сонда біз «Бұдан былай энергетикалық нысандардың жекеменшікке әрі кетсе 49 пайызы сатылсын. Акциялардың бақылау үлесі мемлекетте қалуы керек» деп мәлімдеме жасадық. Ал бұдан соң не болды? Қазір «3-Энергоорталық» АҚ-ның тек 23 пайызы ғана мемлекеттің үлесінде екен. Ол арқылы ешқандай бақылау жүргізе алмайсың, кәсіпорын қожайындарына сөзіңді өткізе алмайсың.
- Алдағы уақытта келе жатқан мәслихат сайлауына түсесіз бе?
- Жоқ, енді мәслихатқа түскім жоқ.
- Парламентке ше?
- Парламентке тіке сайлау жоқ қой. Ол жаққа тек партиялық тізіммен өтеді. Біз «Нұр Отан» партиясы үшін жұмыс істеп жатырмыз, ал бірақ партияның өзі... Бастауыш ұйымдар ұсына алмайды ешкімді. Кімнің өтетінін облыстық филиалдағылар шешеді. Мәселен, қазір парламентке бізден он адам жіберілді. Мейлі, сол он адамның төрт-бесеуі осы облыста қызмет жасап, көзге көрініп жүрген адамдар. Қалған жігіттердің біздің облысқа сіңген ешқандай еңбегі жоқ. Парламентке халық сыйлайтын, халықтың мүддесін қорғайтын, халық үшін сөз айта алатын адамдардың бара алатынына сенімім жоқ.
- Айтпақшы, парламент депутаттары да қайбір жылы «Южполиметаллға» шүйлікті емес пе? Кәсіпорын банкротқа ұшырағалы жатыр, үш мыңнан астам жұмысшы далада қалатын түрі бар» деп мәселе көтергені есімізде.
- Бұл да бір адамның түрткі болуымен жасалып отырған тірлік. Парламент депутаттарына, министрге, облыс әкіміне, жер комитетіндегілерге біздің мәселемізді көтеру жайлы әлдекімдер тапсырма береді. Содан барлығы мәселе көтеріп, шу шығарып шыға келеді. Менің жұмысымның 70 пайызы солармен тіл табысып, дұрыстығымды дәлелдеу үшін кетеді. Шаршатты барлығы. Бірақ қазіргі әкім Мырзахметов тарапынан қандай да қысым көріп отырғаным жоқ. Ол бейтарап позицияны ұстанып отыр. Аса көмектесіп те жатқан жоқ, қиындықтар да тудырмайды.
- Осыдан үш жыл бұрын сізбен қатар ұлыңыз да мәслихат сайлауына қатысып, сүрінген еді. Келесі додада бағын сынайтын ойы бар ма?
- Оны жоққа шығармаймын, ұлым Тимур сайлауға түсуі мүмкін. Қазір ол осы зауытта вице-президент қызметін атқарады. Ал үлкен ұлым Мәскеуде.
- Қазіргі мәслихатқа деген көзқарасыңыз қандай? Депутаттар белсенді ме?
- Қазіргі облыстық мәслихатты белсенді деп айта алмаймын. Сіздердің газеттеріңізде жазылды ғой, 23 минутта отыз мәселені шешіп тастайды. Бір минутта бір сұрақты шешіп тастау мүмкін бе? Мәслихат депутаттарының барлығы да ойы бір жерден шығып, 30 мәселе төңірегінде келісе қалғанына өз басым күмәнмен қараймын. Мәселенің байыбына бармай қол көтере берсе не үшін депутат болып отыр?
"Рейтинг" газеті