Қалық Абдуллаев: «Қызметтен кетуіме ықпал жасаған адамдарды онша бағаламаппын»

Oinet.kz 08-04-2010 1063


абдуллаев суреит 2.jpg

- Қалық аға, Сіз Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып еліміз қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан шақта келдіңіз. Елбасымыз Н. Назарбаев Сізді Оңтүстікке жібергенде алдыңызға қандай мақсат-міндеттер қойды?

- Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып 1997 жылдың желтоқсан айында келдім. Мен келген уақыт шынында еліміз, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы өте күрделі, өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан еді. Сол жылдары облыстың алқымынан алып тұрған ең басты мәселе --  зейнетақы мен жалақы қарызы еді. Мен қызметке келгенде облыста 3,5 жылдан бері зейнетақы төленбей, үлкен көлемде қарыз жиналған екен. Екінші мәселе – облыста жарық мәселесі, Шымкент қаласында жылу мәселесі шешілмеген. Қаланың көпқабатты үйлеріндегі тұрғындар аулаға шығып от жағып, тамақ пісіріп, сол жерде жылынып, үйінде үш-төрт көрпе жамылып жатқан кез. Өндіріс орындары тоқтап тұр. Шынында өте қиын уақыт еді. Елбасының менің алдыма қойған басты екі тапсырмасының біріншісі салық түсімін көбейту болды. Өйткені кейбір аудандарда салықтың  түсу мүмкіндігі 100 пайыз деп есептейтін болсақ, соның 15-20 пайызын ғана жинап отырған. Соның кесірінен зейнетақы, мұғалім мен дәрігерлердің жалақысы төленбеген. Елбасының екінші тапсырмасы – облыс бойынша жарық, Шымкент қаласы бойынша жылу мәселесін шешу болды. Сондай-ақ өндіріс орындарына инвестиция тартып, кәсіпорындарды көтеру мәселесін қойды. Мен Оңтүстікте 1 жыл 9 айдай әкім болып қызмет еттім. Сол уақыт ішінде біраз мәселелер шешілді, біраз мәселелер шешілмеді. Оңтүстік Қазақстан өте күрделі облыс, 2 миллионнан астам халық тұрады. Аудандарының экономикалық жағдайында айырмашылық өте үлкен. Мысалыға Мақтаарал ауданын алатын болсақ, 300 мыңдай халық тұрады. Мақта өсіру мәселесі жақсы дамыған. Арғы жағы Өзбекстан жақын болғаннан кейін солардан тәжірибе алып, көкөніс өсіру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Сондай-ақ Сайрам ауданы да халқы көп, жері құнарлы, ауылшаруашылығына да, өндіріске де өте қолайлы аудан. Ал, енді Созақ ауданының жағдайы қиындау еді. Ол кезде уран өндірісі әлі дамымаған. Суармалы жер жоқ десе де болады. Бәрі жайылмалы жерлер. Кезінде сол жерді, техниканы шаруаларға бөліп беріп, көбісі игере алмай, бәрінен айырылып қалған кез. Фермерлік шаруашылық құрамыз деп құра алмастан, не совхоз-колхоз жоқ, не фермерлік қожалық жоқ, екі ортада қалып кеткен жағдай болатын. Түркістан мен Кентау қалалары да қаржы тапшылығын қатты сезінді. Кентауда өндірістің бәрі тоқтаған. Бұрынғы «Ачполиметалл» өндірісі тоқтаған, экскаватор зауыты, трансформатор шығаратын зауыт жабылған. Түркістанда көптеген құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар тоқтап тұрды. Қалаға табыс беріп тұрған көбінесе осы кәсіпорындар еді. Бірақ соған қарамастан, біраз мәселелерді шештік деп ойлаймын. Біріншіден, алғашқы 6 айда салық жинауды 2 есе көтердім. Кейбір аудандар салық жинауды 70-80 пайызға дейін көтеріп, ең төмені 35-40 пайызға дейін жинады. Сөйтіп мен әкім болған бір жылдың ішінде салық жинау облыс бойынша 65-70 пайыздың айналасында болды. Бұл ол жылдары өте жақсы көрсеткіш еді. 

- Ал, Елбасының екінші тапсырмасының орындалуы қалай болды?

- Жалпы Оңтүстік Қазақстан жарыққа өте тапшы облыс. Жарық мәселесі осы уақытқа дейін шешілмей келе жатыр. Өйткені облыстың өзінде электр қуатын шығаратын құрылымдар жоқтың қасы. Барының өзі не мазут, не газ жағып, сол арқылы электр энергиясы мен жылу өндіретін болған. Мазут пен газ бағасы күрт қымбаттап кеткеннен кейін ол кәсіпорындар жарым-жартылай жұмыс істеп тұрды. Өзбекстан өз кезегінде газдың бағасын қымбаттатты. Газға төлейтін біздің қаражат болмады. Осы тұста Үкімет асығыстау бір шешім шығарып жіберді. Ол бойынша әр облыс Өзбекстаннан газды өзі сатып алуы керек болды. Әрине, Үкіметтің бұл шешімімен біз келіспедік, бірақ не амал? Үкіметке бағынуымыз керек. Бірақ Өзбекстаннан газ сатып алу мәселесі өте қиын болды. Ол қиындықты біздің облыс қана емес, Жамбыл облысы мен Алматы қаласы да көрді. Біздің облыста өндіріс орындары тоқтап тұр, Алматыдағыдай банктер жоқ, шағын бизнес ол кезде дамымаған. Сондықтан қаражат тауып, газдың ақшасын уақтысында төлеу бізге өте қиынға түсті. Сол үшін жарық мәселесін толықтай шештім деп айта алмаймын. Ал, бірақ жылу мәселесіне келетін болсақ, ол кезде «Южказэнерго» 3 облысты біріктіретін аймақтық кәсіпорын болатын. Сол кәсіпорыннан қалаға жылу орталығын тартпақшы болдық. Кешегі Кеңес Одағы кезінен қалып кеткен №3 жылу орталығында үлкен жобаны қолға алып, сол орталықтан құбыр тарттық. Соның арқасында қаланың 60-70 пайызының жылу мәселесін шештік. Келесі жылы сол құбырды қаланың екінші жағына тартып, 1998 жылғы қыста қаланың 75-80 пайызы осы №3 жылу орталығынан жылу алып тұрды. Тағы біздің істеген ісіміз – шағын және орта бизнеске дем беру болды. Экономикамыздың түйінін шешетін сала осы екенін мен жақсы түсіндім. Сол үшін біз республикада бірінші болып облыстық, аудандық бюджеттен несие бере бастадық. Бір-екі миллион теңге, ол кезде шағын кәсіпкерлікке мұндай соммада ақша беру республикада болмаған жағдай. Алғашында мұны кейбір жоғарыдағы, жергілікті жердегі азаматтар түсінбеді, бірақ аяғында алған бағытымыз дұрыс болып шықты. Міне, мен әкім болған кезде атқарылған жұмыстардың бір парасы осы ғой деп ойлаймын. 

Жақсы команда жасақтадым деп айта алмаймын 

- Соңғы жылдары әкімдердің арасында «командалық әдіс» белең алып кетті. Сіздің командаңыз қалай болды? Кадр тапшылығы сезіліп, сырттан кадр әкелу деген мәселе туындады ма?

- Тағы да айтамын, Оңтүстік Қазақстан өте күрделі облыс. Әр аудан халқы елді жергілікті кадрлар, жергілікті адамдар басқарса деп ойлайды. Әрине, мен бұған қарсы емеспін. Ол солай болуы да керек. Бірақ, жергілікті кадрдың қолынан келмей жатса оны ауыстыруға тура келеді. Мен кадр ауыстырмадым деп айтпаймын. Біраз өзімнің орынбасарларымды, одан бірнеше аудан әкімдерін ауыстырдым. Бірақ мен өзіммен бірге екі-ақ адамды ертіп келдім. Бірі өзіме орынбасар болды, екіншісі маған кеңесші болды. Екеуі де осы Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары еді. Жақсы, қолынан іс келетін кадрдың тапшылығына байланысты 1,5 жарым жылдың ішінде өзіме жақсы команда жасақтай алдым деп айта алмаймын. Оңтүстіктің халқы өте еңбекқор, талантты, кеңпейіл халық, бірақ бір «ауру» бар. Менен бұрын істеген әкімдердің де, менен кейін істеген әкімдердің де үстінен талай арыз жазылды. Бәлкім сол «ауруды» жазуға, емдеуге біз де себепкер бола алмаған шығармыз. Қазақ айтады ғой «емін тапса жазылмайтын ауру жоқ» деп... Мүмкін бізден кейін келген әкімдер, басқа да өсіп келе жатқан азаматтар сол «ауруды» емдейтін шығар деп ойлаймын. 

-Осы байқайсыз ба, облыс басшысы мен қала әкімінің арасында үнемі бір тайталас болып жатады. Сізге дейін де, Сізден кейін де осы үрдіс жалғасып жатты. Неге? Мысалыға сіз бен сол кездегі Шымкент қаласының әкімі Қылышбек Ізбасқанов екеулеріңіздің араларыңыз жақсы болмады... Оны көзі қарақты жұрт анық сезінді. Себебі неде деп ойлайсыз?

Жалпы алғанда облыс орталығы сол өңірдің айнасы. Сен аудандарда қанша тірлік жасап жатқаныңмен егер қаланың іс-қимылы, тірлігі дұрыс бағытта болмаса, келген қонақ та, басқа да лауазымды адамдар тірлігіңе облыс орталығына қарап баға бере салады. Келген қонақтардың, жоғарыдан келетін лауазымды адамдардың 70-80 пайызы облыс орталығынан қайтады емес пе?!. Қылышбек Ізбасқановты қала әкімдігіне өзім таңдап, өзім тағайындадым. Бірақ қалада іс жүрмеді, ол бел шешіп, мен айтқан бағытта жұмыс істегісі келмеді. Одан ол кейбір ықпалды  азаматтармен байланыста  болды. 

Қызметтен кетуіме ықпал жасаған адамдарды білемін

- Ықпалды топтар дегеннен шығады, сіздің қызметіңізге бұрынғы облыс басшылары тарапынан, облыстағы ықпалды топтар тарапынан қандай да бір аяқтан шалушылық болды ма? Жалпы Сізден бұрынғы әкіммен  жұмыс барысында кейбір тірліктерді ақылдасып тұрдыңыз ба? 

- Менен бұрынғы облыстың әкімі болған Зауытбек Тұрысбеков өз билігі тұсында бір істі олай, бір істі былай істеді деп айтудың өзі дұрыс емес. Зауытбек те осы елдің азаматы, менің ойымша қолынан келгеннің бәрін жасады. Ал, «мен Зауытбекпен кейбір тірліктерде ақылдастым ба?» дегенге келер болсақ, мен бұл мәселеде мынандай түйін жасадым. Зауытбекке қарағанда мен мемлекеттік қызметті көп атқарыппын. 20 жыл энергетика саласында жұмыс істедім, 7-8 жыл Үкімет басшысының орынбасары, бірінші орынбасары болдым. Кейін кеңесші болдым. Яғни өзімнің жинаған тәжірибем, білімім облысты басқаруға жетеді деп ойладым. Екіншіден, ол кезде Зауытбек қызмет бабы бойынша басқа салада жүрді. Осы күндері ойлаймын, мүмкін кейбір мәселелерді онымен ақылдасу да керек болған шығар. Бірақ мен Зауытбек туралы ешқандай жаман сөз айта алмаймын. Менен бұрынғы, менен кейінгі әкімдер де меніңше қолдарынан келген жұмыстарын жасады. Ал, әрқайсысымыздың қолымыздан не келді, не жақсылық жасадық, қалай еңбек еттік, енді оның бағасын халық береді. Ықпалды топқа келетін болсақ, шын мәнісінде бұл облыста 4-5 ықпалды топ бар. Сол ықпалды топтың әрқайсысының өзінің алдына қойған мақсаты бар. Бірақ бір өкініштісі, ол мақсат кейде облыс халқының мақсат-мүддесіне сай келмей жатады. Әңгіменің бәрі осында... Әр топ өзінің мақсатын халықтың мүддесінен жоғары қояды. Әлгінде мен айтқан ел ішіндегі «ауру» шын мәнінде осы ықпалды топтардың арасынан шығып жатады. Менің ойымша ықпалды топтарды реттемейінше әлгі «ауру» жазылмайды. 

- Сіз қызметтен кеткеннен кейін «Абдуллаевтың қолға алған жоспары көп еді, бірақ оған жұмыс істетпеді» деген сөздер көп айтылды. Жалпы Сіздің аяқ астынан қызметтен кетуіңізге не себеп болды деп ойлайсыз?

- Менің қызметтен кетуіме сол ықпалды топтардың ықпалы болды, мен оларды онша бағаламадым ғой деп ойлаймын. Олардың астанаға шығатын мүмкіндіктері мықты екенін мен білмедім. Өйткені олар маған келіп басқа әңгіме айтатын, өздерінің мәселелерін айтатын. Шынын айту керек, ол мәселелердің кейбірін шешесің, кейбіріне мүмкіндік болмайды. Содан ана жаққа барып басқаша әңгіме айтады. Сол ықпалды топтардың ықпалының мықтылығынан астанадағы басшылардың кейбірі солардың сөзін сөйледі. Мен одан да хабарсыз жүрдім. Президенттің шешімімен Иранда іссапарда болып, қайтып келсем, мені қызметтен босату туралы шешім қабылданып қойыпты. Әрине, ол шешімге реніш те, мені қызметтен босатты ғой деген өкпе де болған жоқ. Мен Елбасының командасындағы адаммын деп ойлаймын. Елде бір басшы болғаннан кейін, шешімді қабылдайтын сол кісі. Жан-жақтан жиналып жатқан мәліметтерді қарап отырып, мүмкін сондай шешімге келген шығар. Бірақ менің қызметтен кетуіме ықпал жасаған адамдарды мен білемін, бірақ біреуіне де әңгіме айтпаймын, айтқым да келмейді. Өйткені ешнәрсе орнына қайтып келмейтіні анық еді. 

- Әкімдіктен кеткеннен кейін мемлекеттік қызметке жүгіріп көрдіңіз бе?

- Жоқ, «маған біраз уақыт мемлекеттік қызметтен шеттей тұру керек» деп шештім. Өйткені ол кезде маған ондай дәрежедегі мемлекеттік қызмет берілмесі анық еді. Ал, енді басқа бір қызметке барып, қағаз тасып, ары-бері жүгіріп жүру, маған жараспас деп ойладым. Ондай тірлікке баратын болсам, мені ешкім түсінбейтін де еді. Бірақ, көп әкімдер қызметтен түскеннен кейін сондай қызметте жүр ғой, олар дұрыс істеді ме, бұрыс істеді ме, ол жағын білмеймін. Бірақ сол кезде мемлекеттік қызметке барғым келмеді. Екіншіден ол кезде саясаттың өзі солай болды. Ұсыныс жасау -- Елбасының өз құзыры. Ол кісінің өзі шақырып, қарым-қабілетіңді бағалап, қызмет ұсынып жатпаса, барып қызмет сұрау меніңше ол дұрыс емес сияқты. 

- Өзіңіз кінәсіздігіңізді дәлелдеуге тырысып, жан-жаққа жүгірген жоқсыз ба?

- Жоқ, менде Елбасыға ешқандай реніш жоқ, тек ризашылық бар. Өйткені мен министрдің бірінші орынбасары, мемлекеттік жоспарлау комитетін басқардым. Нұрекең Үкімет басшысы болып тұрған кезде ол кісінің орынбасары, бірінші орынбасары болдым. Кейін басқа қызметтерде істедім. Мұндай қызметтерді атқару кім көрінгеннің маңдайына жазыла бермейді. Алдымен Алла тағаламыздың қолдауымен, екінші Нұрекеңнің қолдауымен сол жұмыстарды жаманды-жақсылы атқарғаннан кейін ол кісіге қалайша қапа боламын. Ол кісіге тек ризашылығымды айтамын. Мен еш жерде ақталып, еш жерде «мен осылай едім, мені түсінбеді, менің істеген ісімді басқалар басқаша көрсетті» деп үлкен кісіге әңгіме айтқан емеспін. Міне, содан бері «біздің партияға кір» деп қаншама партиялар келді. Мен олардың бәріне «мен кезінде қайда жүрсем де Елбасының саясатын жүргіземін деп Елбасыға ант еткенмін» деп айтамын. Елбасының саясатын жүргізу үшін билікте, қызметте жүру міндет емес. Ең бастысы елдің азаматы, патриоты болу керек. Әкімдіктен кеткеннен кейін өзі ісіммен, өз тірлігіммен Елбасының реформасына алға басуға өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Сол маған жеткілікті. Елбасының алдында ақталуға бола ма? Әркім өзі барып, өзінің жағдайын айта берсе, президент елді басқара ма, жоқ адамдардың арызын қарап отыра ма? Кешегі Ұлы Отан соғысында қаншама ер, қаншама батыр ел үшін опат болды. Қаншама белгісіз солдат жер құшты. Меніңше мемлекеттік қызметкер де атақ үшін, мансап үшін, дүние жинау үшін емес, сол ерлер, батырлар, белігісіз солдат сияқты тек ел деп еңбек етіп, күресуі керек. Елдің алдындағы борышымызды адал өтеуіміз керек. 

Басыңда қандай жағдай өтсе де қасыңда ағайын-туыс қалады екен 

- Қызметтен кеткеннен кейін адамдармен қарым-қатынасыңыз қалай болды? Қанша дегенмен әкім кезіңізде адамдар басқаша сыйлайды, қызметтен түскеннен кейін басқаша сыйлайды емес пе? Өзіңіздің кадрыңыз, жақын әріптес, жолдас-жораларыңыз болсын, қызметтен түскеннен кейін мүлдем жақындамай кеткендері болды ма?

-Әрине... Мен ірі қызметтен екі рет кеттім. Бірінші рет Үкімет басшысының орынбасары болып жүрген кезде маған біреулер «бір елге елші болып бар» деген ұсыныс жасап, мен сонымен келіспестен, қызметтен кеттім. Бірден бизнеске кеттім. Мен сонда көрдім, кеше ғана күндіз-түні менің қасымда жүретін, болмаса маған жолығу үшін есігімнің алдында апталап жататын адамдар енді мені көрсе, көрмеген болып немесе көшенің арғы бетіне өтіп кетіп жүрді. Оны да көрдік. Кеше әкімдіктен кеткеннен кейін де қасымда шын сыйлайтын азаматтар қалды. Олар көп емес. Қасымда қызмет үшін жүргендер немесе ықпалды топтың шылауындағы адамдар әрине, менің соңымнан тас атқаны белгілі. Бірақ мен оған көңіл бөлген жоқпын. Көңіл бөлсем, мен тіптен өзімнің денсаулығыма үлкен зиян келтірген болар едім. Өз-өзіме күш беріп, маған істеген жамандықтарын біле тұра олармен дұрыс қарым-қатынаста болуға тырыстым. «Шын достың кім екенін қызметтен кеткенде білерсің» деген сөз тегін айтылмаған екен. Менің бір нәрсе ұққаным – ағайын-туыс, бауыр, балаларың ғана саған ешуақытта сатқындық жасамайды екен. Қазақ «бауырыңды қанша жаман десең де, ешкім саған жақсы бауырын бермейді» деп айтқан ғой. Шынын айту керек, қызметте жүріп, жанымызда жүрген туған-туысқандарымыздың жағдайына қарамаппыз, тіпті қарауға да мұршамыз болған жоқ. Солардың келіп сұранған, қызмет сұрамай-ақ қойсын, үй шаруашылығын, тұрмысын айтып сұранған өтініштерін шешпейсің. Соған кейін өкінесің. Бірақ «кезінде менің мәселемді шешпедің» деп теріс айналған ағайын-туысты көргенім жоқ. Басыңнан қандай жағдай өтсе де қасыңда сол ағайын, туыс жүреді екен. Менің бұл өмірден түсінгенім, түйгенім осы. 

- Сіз Оңтүстікте әкім болып жүрген кезіңізде аудандардан 16 жетім баланы қамқорлығыңызға алдыңыз, Сізге еліктеп аудан әкімдері, ірі шаруашылық басшылары да бір-бір балаға «өкіл әке» болды. Бірақ Сіз қызметтен кеткеннен кейін ол балалардың бәрі далада қалған сияқты...

- Мен ол балалардың бәрі далада қалды, әкімдердің бәрі бірдей «лақтырып» кетті де айта алмаймын. Мен кеткеннен кейін де ол балаларға «өкіл әке» болған әкімдерді білемін. Ол әкімдер балаларға мен қызметтен кеткеннен кейін де 2-3 жыл қамқорлық жасап жүрді. Ал, өз басым қамқорлығыма алған 16 баланы оқытып, жетілдіріп, жұмысқа орналастырып, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне жәрдемдестім. «Ақ ниет» қайырымдылық қорын құрып, Төлеби ауданының 22 баласының жоғарғы білім алуына көмектестім. Қазір олардың бәрі қызмет істеп жүр. Жыл сайын 4-5 балалар үйіне жәрдемдесіп тұрамын. Бірақ «Мен мынадай істедім, сендер де осындай істеңдер» деп үгіт-насихат жүргізгенім жоқ. Қайырымдылықты адам өз жүрегінің қалауымен жасауы тиіс. Құран хадистерінде «Адам жақсылықты жария етпей, міндет етпей жасауы керек» деп айтылған ғой. 

- Сіз елімізге белгілі бизнесменсіз, Сіздің балаңыз Болат Абдуллаевтың да ірі бизнесі бар. Бірақ ол соңғы жылдары бизнесте біраз қиын-қыстауды бастан өткерді ғой деймін.

- Иә... Білесіз бе, бізде мынадай да бір «ауру» бар. Егер біреу қызметінен түссе, болмаса Елбасымен бір мәселеге түсінісе алмай қалса, сол адам «халық жауы» сияқты болып тұрады. Біз жауды жоқ жерден өзіміз жасап аламыз. Менің Шымкенттегі бауырларыма да, шетелде оқу бітіріп келген балаларыма да алакөзбен қарап, соларды шеттеткендер болды. Бірақ өмір өзі бәрін орнына қояды екен. Ол шеттеткендердің өздері қазір елден шеттеп қалды. Менің туысқандарым да, балаларым да Аллаға шүкір, өз жұмыстарын істеп, ешкімнің ала жібін аттамай, кәсіптерін жалғастырып жүр. 

-Туған жеріңізге, ауылға жиі барып тұрасыз ба?

- Туған ауылым Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылы. Әкем соғысқа кеткеннен кейін мен әкемнің туған апасының қолында, Кеңесарық ауылында өстім. Қасқасуда мектепті бітірдім. Елді ешқашан ұмытпаймын, сол жерде өсіп, сол жерден қанат қақтық, адам болдық. Қаратөбеден өз қаржыма мешіт, кезінде жоспарлау комитетінің төрағасы болып тұрған кезде қолдағы мүмкіндікті пайдаланып, Кеңесарықтан мектеп салдыртып бердім. Ол мектептің бір-екі класын компьютерлендіріп бердім. Жылына екі-үш мәрте елге барып, жағдайымен танысып, қолымнан келген жәрдемімді беріп тұрамын. Әрине, туған елге көп бару керек, елдің ішінде көп болу керек. Соның бәрін істегің келеді, бірақ кейде қу тірлік мұрша бермейді. 

- Өзіңізбен үзеңгі тебісіп, бір қызмет атқарған әрі жерлесіңіз Амалбек Тшанмен, Зауытбек Тұрысбековпен араласып тұрасыз ба?

- Амалбекпен өте тығыз-қарым қатынастамын. Ол қазір Алматыдағы спорт колледжінің директоры, аптасына бір рет кездесіп әңгімелесіп тұрамыз. Зауытбек Өзбекстанға елші болды, одан қазір Ресейде елші. Жылына бір-екі мәрте той-томалақта кездесіп қаламыз. Тығыз қарым-қатынастамын деп айта алмаймын. Мүмкін Зауытбектің маған деген қапалығы бар шығар, оны өзі білсін, бірақ мен Зауытбек туралы еш жерде жаман әңгіме айтпаймын да, айтқым да келмейді. Менің оған қапалығым да, ренішім де жоқ. Тегінде адам өз ісіне, өз тірлігіне өзі сыншы болуы керек. Шетелдің осындай бір философиясы бар екен. Пенденің бәрін алдауға болады, жаныңда жүрген жолдасыңды да, үйіңдегі әйеліңді де, тіпті, саналы түрде бір күнә тірлік жасап, артынша қайырымдылық көрсетумен оны жуып-шайғансып, Алланы да алдадым дейтін шығарсың, бірақ адам өзін-өзі алдай алмайды екен. Түндердің түнінде оянып кетіп, өткен тірліктеріңді көз алдыңнан өткізуге шыдасаң, онда сенің әлі де азамат екеніңнің белгісі. Көз алдыңнан жаманын да, жақсысын да, қуаныш-қайғысын да өткізіп, «әттеген-ай, мына жерде мынандай болды ғой» деп кеткен қателіктерді еске түсіріп, опынып,  әрине, кеткен қателік орнына келмес, бірақ өз тірлігіңе өзің төрелік айтып, ақ-қарасын айыра білсең, азаматтың азаматы сол деп ойлаймын. 

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

Мұрагер: Қасым-Жомарт Тоқаев
Тұрсынбек Асамбаев: «Мыңбаев мұнай-газбен көп шұғылданып, металлургияға мойын бұрмай отыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу