Қызметкерлерінің 95 пайызы «әділ емес» деп бағалаған басшы орнында қала бере ме?
Сарыағаш аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шакен Жаңбырбаевтың мәні жоқ жиналыстарынан қарамағындағы қызметкерлері әбден зәрезап болғанға ұқсайды. Басшының үстінен Президент әкімшілігі мен бірнеше құзырлы органдарға жазылған арыздарға қарағанда, «мәні жоқ жиналыстар» мәселені бергі жағы ғана.
-Жаңбырбаев өзі басшы болып келген күннен бастап, жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан қызметкерлерді себепсіз ұстап қайтарғысы келмейді. Таңғы сағат 8:30-да жиналыс және кешкі сағат 19:00-де жиналыс өткізеді. Жұмыс аяқталған уақытта автоматты түрде қызметкерлердің компьютерлері сөнетін бағдарламаны қондыруға келген мамандарына орнатуға рұқсат бермеген,-делінген хатта.
Басшының заңсыз әрекеттерін жеті пункт бойынша жіпке тізгендей қылып баяндаған арызда:
-Республикамызда кенеттен «БЕК АЙР» компаниясының ұшағы құлап, бірнеше адам өлімі орын алған жағдайға қарамастан және қызметкерлердің қарсылығына мән берместен жаңа жыл мерекесін ең қымбат «Алладин» ресторанына өткізіп, қызметкерлердің қатыса алмайтындығына да қармастан, қинап ақша жинатты. Бұл мәселеге қызметкерлер 100 пайыз қарсы болғанын де ескермеді,-деген сөздер кездеседі.
Осы арыз бойынша тексеру жүргізген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне түсініктеме берген Жаңбырбаев жұмыс уақытынан тыс кезде жиналыс жасағанын жоққа шығармаған.
-Жылдың соңына қарай, бекітілген жоспарлардың орындалмау қаупіне, түсімдердің өсу қарқындарын қамтамасыз ету қауіпті болуына, рейтингтің әрбір тармақтарының көрсеткіштері нашарлауына байланысты жұмыс күндері таңертең және кешкі уақыттарда жұмыс орнында жиналыс жасағаным рас. Ал, қызметкерлердің компьютерлеріне сөндіру бағдарламасын орнату бойынша мамандардың өздері қарсы болған»,-деп көрсетіпті. Басшы аза тұту күні өткен жаңа жылдық кештің алдын ала күні белгіленіп, жаңа жылдық мерекелік жиынның шығыны өтеліп қойғандықтан шығынды қайтару мүмкін болмағанын айтып ақталыпты.
Дәл осындай жауаптарды Шакен Жаңбырбаев кешегі күні Әдеп кеңсінің отырысында да қайталады. Осы жиында мәлім болған деректерге қарағанда, бітпейтін жиналыстардан басқармаға тиіп жатқан пайда болмаған. Мәселен облыс басшысы Шөкеевтің салыққа қатысты берген тапсырмалары орындалмай қалған. Назар аударарлық тағы маңызды мәселеге тоқталайық.
Басқарманың қызметшілерінен алынған анонимді сауалнаманың қорытындысына қарағанда, «Менің тікелей басшылығымның маған деген қарым-қатынасы әділ ме?» деген сұраққа респонденттердің 95 пайызы «әділ емес» деп көрсеткен.
Жаңбырбаев кеңесте ұжымдағы берекесіздікті бұған дейін жұмыстан босап кеткен орынбасарымен байланыстырды. Бәлкім, бұл да бір себеп шығар. «Қырық кісісі бір жақ, қыңыр кісісі бір жақ» мекеменің басшысы Шакен Жаңбырбаевтың тәртіптік мәселесіне әзірге нүкте қойылмайтын сияқты. Арыздағы кейбір фактілер тексеру үшін облыстық еңбек инспекциясына жолданатын болса, «заңсыз ақша жинады» деген мәліметтер сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл агентігінің Түркістан облыстық департаментіне беріліп қойылыпты. Сондықтан әліптің артын бағып көрелік.