Ермекбаевқа генерал-лейтенант атағы Арыстағы масқара жағдай үшін берілді ме?

Oinet.kz 06-05-2020 2813

Oinet.kz сараптайды - Президенттің Жарлығымен қалыптасқан дәстүрге сәйкес Отан қорғаушылар күні қарсаңында бір топ азаматқа арнаулы атақтар мен шендер тапсырылды.  Ақорданың ресми сайты шен алғандардың тізімін жариялады. Генерал-лейтенант әскери атағын алғандардың қатарында Мұрат Бектанов, Тимур Дәндібаев, Дархан Ділманов, Сұлтан Қамалетдинов және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бар. Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты арнаулы атағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке берілді. 

Screenshot_1.jpg

Осылайша Ермекбаев пен Мәсімовтың шені екі жылға жетпей екі мәрте өсті. Естеріңізде болса, былтыр наурызда Елбасы отставкіге кетерден бір күн бұрын өзінің ең сенімді кадрлары Ермекбаев пен Мәсімовке генарал-майор шенін тапсырып кеткен еді. Міне, бар-жоғы бір жылдан кейін қос генерал-майор генерал лейтенант шеніне ие болды. Мұндай ғарыштық жылдамдықпен өсе берсе, министр мен төраға армия генералы атағын бір-екі жылда алып қалуы әбден мүмкін.

«Мәсімов Қазақстанның   қауіпсіздік органдарындағы жұмысын сонау тоқсаныншы жылдары Қытайда студент болған кезде тыңшылықтан бастаған» деген ақпараттар айтылады. Кім біледі, бірақ ресми биографиясы бойынша Кәрім Қажымқанұлының құзырлы органдардағы қызметі 2016 жылдың қыркүйегінде  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығынан басталады. Мәсімов бар-жоғы екі жарым жылда генерал атанды. Араға тағы бір жыл салып генерал-лейтенант шенін тақты. Бұл дегеніңіз өзгелердің түсіне де кірмейтін өсу. 

Ал Нұрлан Ермекбаевтың Кеңес одағы кезінде әскери салада қызмет еткені рас. Тіпті Кеңес армиясының құрамында Африка елдеріне дейін барған. Бірақ содан кейін ширек ғасырға жуық уақыт бойы ол бизнесте, дипломатиялық қызметтерде еңбек етті. Елбасының ең сенімді қызметшілерінің бірі болды. Дін істері және азаматтық қоғам министрі лауазымын иеленді, Қаупсіздік кеңесінде жұмыс істеді. Ол  2018 жылы әскери салаға қайтып оралды. Бірден  Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды. 


ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

84fbef6b521185321cdda95f0cb32410.jpg

Премьерді шопырмен шатастырмаңыз, Мәсімов мырза!

Ермекбаев басшылық ететін Қазақстанның Қорғаныс министрлігі былтыр бүкіл елге масқара болды десек артық айтқанымыз емес шығар. 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, елу мыңнан астам халық бір күнде көшірілді. Адам өлімі де орын алды. Қаланың қалпына келтіруге бүкіл Қазақстан жұмылдырылды. Қорғаныс саласы ел аман, жұрт тынышта аса зор шығынға ұшырады. Бейбіт кездегі әскеріміздің жағдайы осындай. Құдай сақтасын, ел басына күн туса, кімге сенеміз? Сонда Ермекбаевқа генерал-лейтенант шені осы масқара жағдай үшін тапсырылды ма? 

Бізде шен халыққа еткен қызмет үшін емес, билікке көрсеткен қызмет үшін берілетін сияқты.

Шөкеев арандатушыларға шара көрілетінін қатаң ескертті
Мирзияев қазақтармен бір дариядан су ішіп отырғанын енді есіне түсірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу