Келесі Сенат төрағасы Тоқаевтан кейінгі президенттің нақ өзі болуы әбден мүмкін
Дариға Назарбаеваның биліктен ойда-жоқта кетуі көпшілікті түсініксіз жағдайда қалдырып отыр деп хабарлайды Oinet.kz сайты.
Фото phototass1.cdnvideo.ru сайтынан алынды
Бірақ бүгін болған саяси жүрістерден азды-көпті болжам жасауға болады.
Дариғаның Сенат төрайымдылығынан кетуі алдын ала жоспарланған. Билік оны абыра-дабырасыз, елеусіздеу шығарып салғанды жөн көруі әбден мүмкін. Соның орайы жұрттың назары коронавирусқа, оның үстіне Мақтаарал ауданындағы су тасқынына ауып тұрған кезге дөп келген сияқты. Тұңғыш президенттің қызымен әріптестері жұрт қатарлы қоштасып та үлгермеді. Мұндай жазаға тартылардай Дариға не бүлдірді? Және ең бастысы, бұл кімнің шешімі? Д.Назарбаева Сенаттың отырысын соңғы мәрте 30 сәуірде өткізген екен. 1 мамырда Сенаттың ресми сайты Д.Назарбаеваның Қазақстан халқының бірлігі күніне орай жұртшылыққа арнаған құттықтауын жариялады.
Дариғаның саясатқа қайта оралуы, оралмауы туралы сөз қозғауға әлі ертерек. Бүгінгі жаңалық келесі президенттің Дариға еместігін анық көрсеткен сияқты. Тіпті Тоқаевтан кейінгі тақбасардың Назарбаев әулетінен болмайтынын да аңғартқандай.
Сенаттың тізгінін ұстайтын келесі кандидатура туралы әртүрлі болжамдар бар. Кәрім Мәсімовтың, Бауыржан Байбектің, Самат Әбіштің аты-жөндері аталуда. Алайда Самат Әбіштің болуы екіталай. Себебі халық арасында оның танымалдылығы жоқ. Ең ықтимал кандидат Бауыржан Байбек сияқты.
Келесі Сенат төрағасы Тоқаевтан кейінгі президенттің нақ өзі болуы әбден мүмкін.