Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Түлкібас ауданының әкімі болып Байғұт Нұрлан Мархабатұлы тағайындалған болатын. Сол күні-ақ жергілікті аудармашы, 2 топ мүгедегі, Республикалық "Шарапат" шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері Мейірхан Топанбай Фейсбуктегі парақшасында әкімге өтініш жасады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт
Өтініште Мейірхан аудандағы әлжуаз топтың жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Ол Нұрлан Мархабатұлының мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін шешіп беруді сұрады:
- Құрметті Нұрлан Мархаббатұлы!
"Әлсізді қорғап, жоқты демеп, қайрымдылықтың үлгісін көрсету - тектінің қолынан келер іс" деген Отырардан түлеп ұшып, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз. Сіздің қасиетті ораза айында елге басшы болып келуіңізден бір жақсылықтың нышанын сезгендеймін. Әл-Фарабидың өнегелі сөзімен хатымды босқа бастаған жоқпын. Елдің абыз ақсақалы, Абайды дәріптеуден танбаған арда адамнан тараған азамат болғаннан кейін сізге үлкен өтінішім бар.
Тағдырлы жандарды демеу, олардың жай-күйіне жанашырлық тантудан адамгершіліктің негізі қалыптаспақ. Біздің ауданда 5 мың үш жүзден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Оның ішінде 166 жан - сал дертімен күресіп жүрген жандар. 120 көзі көрмейтін азаматтар дертпен алысып, өмірге деген құлшыныстарын бір сәтке де өшірмей өмір сүріп келеді.
Естеміс қаған: "Басшының бағы -халқы. Сол халықтың ішіндегі әлжуаз топтың жайына сәт сайын алаңмын. Бұл алаң - адамдық пен парасаттан туған" демей ме, сіз де осы Естеміс қағанның ізін жалғасаңыз екен!
Тағдырлы жандарды демеп, қолдан келгенше көмегіңізді аямасаңыз. Бастысы - ел Президенті Қ. Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты жолдауында инклюзивті қоғам құру баса айтылған болатын. Осы орайда, ел Президентінің бастамасы негізінде ашық диалогта мүмкіндігі шектеулі жандарға құлақ қойып,мәселелері қордаланбай шешілуіне ықпал етсеңіз.
Мейірхан Топанбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан скрин
Әлеуметтік желідегі жазбасында Мейірхан Топанбай жаңа әкімнің бұрынғы әкімнің бастаған жобаларын аяқсыз қалдырмай, жалғасытыруын өтінді:
- "Жақсының ізін -жақсы жалғайды" деген емес пе, ауданымыздың бұрынғы басшысы Н. Тұрашбековтың кезінде бастау алған жобалардың жалғасуына сеп болсаңыз.
Туған жерін түлету - еңсесі биік ерге парыз. Сіз өзіңізді түлеткен топырақты жалын жігермен жаңаша түлететініңізге сенімім мол.
Жақсының ізі деп, арлының өзі деп өзіңізге өтініш еттім. Келешек - бүгіннен басталмақ. Хатымды жауапсыз қалдырмайды деп үміт қыламын, - деп екінші топ мүгедегі Мейірхан Топанбай сөзін қорытындылады.